Республика жаңалықтары

16 Ақпан 2018 15:36
Ақпараттандыру саласындағы цифрлық жүйенің маңыздылығы

Бүгін Ақпарат және коммуникация министрлігінің алқа жиынында  былтыр еліміз интернет пайдаланушыларының  көрсеткіші  бойынша  137 елдің  арасында  36 орынға көтерілгендігі мәлім болды. Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша  халықтың  77 пайызы  интернетті қолданады екен.

Осыған байланысты әлеуметтанушы Амангелді Құрмет халықтың интернетті қолданудағы әлеуеті туралы айтып өтті.

«Кезінде электрондық пошта дегенді біз mail.ru деп бағалаған болатынбыз. Кейіннен 2010 жылдары өзге де   электронды пошталар бар екенін ел білді. Сол кезде  mail.ru  қолдануға тиімсіз электронды пошталардың бірі екені анықталды. Интернетті де солай қарастыруға болады. Жалпы, халықтың интернетті тұтыну мүмкіндігі қаншалықты сауатты деген әлеуметтік зерттеулерді өзім оқымадым. Ол қазіргі әлеуметтік  талаптарға сай жүргізілуі керек. Енді біздегі интернетті қолдану деген ютуб қарау, әлеуметтік желіде отыру және WhatsApp. Қазір сайттың мақалаларын әлеуметтік желіден көріп, лайкымызды басып жүре беріміз. Қазақстанда WhatsApp шығармашылығы дамып кеткен сияқты. Барлық ақпаратты сол арқылы алып жатырмыз. Бірақ, интернет деген онымен шектелмейді ғой. Қазір банктер мен өзге қызметер электронды қызметтердің тетігін қосып үлгерді. Қазір ақпарат заманының дамығаны сонша  интернет сауаттылығы өте жоғары маңызға ие болып отыр. Мысалы, темір жол вокзалдарында  билетке тұрған адамдардың қолында смартфон тұрады, олар  сонымен ақпарат алмасып тұр. Ал, электронды билетті сатып алу тетіктері баяғыда еніп қойған. Осыған қарағанда халықтың интернетті тұтыну сауаттылығы  5 балдық шкалада 3-ке жетпей тұруы мүмкін», - деді А.Құрмет.

Әлеуметтанушының айтуынша,  бұл проблеманы шешу үшін мемлекеттік әлеуметтік   тапсырыстарды қарастыру керек. Үкіметтік емес секторда пайдаланып бағу керек. Қазір әлемде түнде көретін жүйесі бар смартфондар, иіс және дәм сезетін смартфондар бар. Оның қасында біз әлі де банкоматтан карточкасыз ақша алуды да ешкім білмейді. Оны сериалдар арасында тиімді тетіктерді қолдану арқылы енгізуге болады.

Өз кезегінде  шығыстанушы ғалым Олжас Бейсенбаев Қазақстан экономикасының трансформациясы  әрбір азаматты толғандыратынын айтты.  

«Интернет арқылы көріп отырмыз, Қытайда көзілдірік арқылы қылмыскерлерді анықтап жатқан кезде, дрон таксилер  ұшып жатқан кезде тоғыз жолдың торабында орналасқан Қазақстан ақпараттық жаңалықтардан тыс қала алмайды. Өйткені, Қазақстан халықаралық саяси ұйымдарға интеграцияланған мемлекет. Біз осы бағытта ауқымды жұмыс жасауымыз керек. Шынымен, цифрлық революция жаңа өнеркәсіптің өзегі болып табылады», - деді О. Бейсенбаев.

Шығыстанушы ғалым өзінің зерттеген саласы бойынша Қытай елін мысалға алды.

«Киберғарыштық зерттеу  академиясының  баяндамасына сәйкес,  Қытай ЖІӨ-нің  30 пайызын цифрлық экономика құрайды,   Қытай осы бойынша екінші орында тұр. Қытайдағы интернет қолданушысы Еуропа мен АҚШ-ты қосқандағы көрсеткіштен асып түскен. Былтыр Қытайда  өткен  «Бір белдеу бір жол»  бастамасы аясындағы  жиынға  Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысқан болатын.  Сол кезде Қытай төрағасы  инновациялық  Жібек жолын  цифрлық жолға айналдыру керектігін де айтқан. Осыған орай, біздегі цифрлық Қазақстан   бағдарламасы  үлкен  маңызға ие.  Біз әлемдегі озық  30  үздік елдің қатарына енеміз деп айтқан. Бұл Елбасының Жолдауында да айтылған болатын», - деді О.Бейсенбаев.

Аменгелді Құрмет  сананың цифрлануы, яғни ең алдымен цифрлануға сананың  көшуі маңызды екенін айтты.

«Цифроандыруға өту   тұтынуға байланысты. Адамдар қаржысын үйіндегі сандығында сақтауы сананың әлі де цифрлануға көшпегінімізді көрсетеді. Мысалы, Ауыл шаруашылығы саласында дәлме-дәл суару, игеру деген бар. Олар спутник арқылы топырақтың құнарлығын  тексереді. Яғни, компьютерлік тұрғыда зерттеу дамып кеткен. Біз ғылымды  насихаттау, тарату саласында нақты жұмыстар жасап жатқан жоқпыз. Егер де ғылымға көшіп, жаңалықтар іздейтін болсақ, цифрландыруға оңай өтетін едік», - деді А. Құрмет.  

Шығыстанушы ғалым  Олжас Бейсенбаев  электрондық сауданың дамыту  тетіктеріне  тоқтады.

«Электрондық сауда туралы айтатын болсақ, ол маңызды салалардың бірі.  Қытайдың өзінде   2010-2016 жылдары жыл сайынғы өсімі   35 пайызға  жеткен екен. Бізде мысалы халықаралық сауда орталығы  Қорғас бар, оның күшін толық  пайдалануымыз керек. Қытай тарапынан да бізде де ақылды қала жобалары айтылып жатыр. Қазір бізде сергек деген қондырғылар орнатылды. Ол қылмысты, тәртіп  бұзушылықты бірден тауып алады. Біз қалалар арасындағы байланысты нығайтуымыз керек. Технологияларды дамытып, бір қаланы технологиялық орталыққа айналдыру керек пе екен... Бұл облыс, аудан, ауыл деңгейінде ынтымақтастық жобаларды жүзеге асыру керек. Бізде қашықтықтан оқуды цифрландыру үшін Гарвард, Оксфордтың дәрістерін тыңдайтын тетіктерді қамтамасыз етуіміз керек», - деді ол.

Ал, елімізде мектепте және мемлекеттік қызметте смартфонды қолдануды шектеу тәжірибесі бар. Цифрландыруды дамыту әрі шектеу қарама-қайшылығы туралы Амангелді Құрмет өз пікірін білдірді.

«Білім жүйесіне цифрлық технологияны енгізуге байланысты балалардың көру қабілетін смартфон қаншалықты бұзады оны әлі психологтар толық зерттеп нәтиже берген емес. Біз оларды смартфоннан толық шектете алмаймыз, себебі қазір заман сондай. Олардың қызығушылығын арттыратын материалдарды ұсынып, әрі қарай өздері  соған ұқсас тетік  ойлап табуға жәрдемдесуіміз керек», - деді А. Құрмет.

Осыған байланысты шығыстанушы ғалым Қытай үкіметі цифрландырудың дұрыс  жолын орнату керек дейді.   

«Қытай Үкіметі фейсбук, инстаграм желілеріне ресми түрде тыйым салған. Олар өз нарығын көтеріп, соған ұқсас   өзіндік  балама ұсынып отыр. Қытай Жібек жолы бойындағы  елдердің  5 мың   ғалымның  басын қосып,  цифрлық   салада   50 зертхана ашуды  жоспарлып отыр.   Бізде де цифрландыру  құр ұранға айналмай, цифрландыру   зертхансына   айналуы керек. Ол зертханада  жұмыс істеуге,  еркін шығармашылықпен айналысуға мүмкіндік беру керек», - деді О.Бейсенбаев.

Аягөз Құрмаш