Республика жаңалықтары

21 Мамыр 2018 11:31
Каспийдің құқықтық мәртебесін анықтаудың өзекті мәселелері

Каспий жағалауы елдерінің кездесулерінде техникалық, экологиялық, қауіпсіздік және саяси мәселелер қозғалып келеді. Дегенмен энергетикалық ресурстарға деген геосаяси және геоэкономикалық қызығушылықтар соңғы жылдары артып отыр. 1990 жылдары Батыс елдерінің трансұлттық корпорациялары теңіздің ресурстарына қызығушылық таныта бастаса, кейін Қытай, Индия және Азия елдері үшін маңызды нысанға айналды. Каспийдің құқықтық мәртебесінің реттелуі теңізге халықаралық құқықтық нормаларға сәйкес жаңа сипат береді.

Каспийдің құқықтық мәртебесін анықтау ширек ғасырға созылып келеді. Каспий теңізінің мәртебесін белгілеп, оның қорын игеруде тараптар ортақ мәмілеге келе алмай жүргені жасырын емес. Өйткені әр мемлекеттің өз мүддесі тұрғысынан ұстанымдары мен көзқарастары бар. Мәселен, Тегеран теңіздің бес мемлекетке 20 пайыздан тиесілі болу керектігін, теңіз ресурстарын теңдей игеруді ұсынады. Бірақ бұл ұсыныс басқа жағалау елдерінен қолдау таппады. Каспийлік мемлекеттер теңіз құқығы бойынша БҰҰ-ның 1982 жылғы конвенциясын ұстанады. Иран Ислам Республикасының Президенті Х.Рухани құқықтық тәртіп халықаралық құқық қағидаларына сәйкес болуы тиістігін, қару-жарақ қолданудан  тартынып, шетелдік қарулы күштердің Каспийге келуіне  жол берілмеуі керектігін баса айтады. 2001 жылы Иран мен Әзірбайжан бірнеше даулы аралдардың бөлінбеуіне байланысты келіспеушіліктер туындаған еді.

Осы уақытқа дейінгі модификацияланған жаңа сызық бойымен Каспий түбін бөлу кезінде Қазақстанға теңіздің 29,6 %, Әзірбайжанға – 19,5%, Ресей Федерациясына  – 18,7%, Түркіменстанға – 18,4%, Иранға – 13,8% тиесілі болған еді. Иран, Әзірбайжан және Түркіменстан арасындағы принципті келісімге қол жеткізу Каспий теңізіне байланысты барлық тараптардың мүдделерін ескере отырып, консенсус негізінде ғана жүзеге асырылуы мүмкін.

Осыған орай, қазіргі уақытта Каспий аймағы күрделі мәселелердің пайда болу шартында дамып жатыр:

- Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі төңірегінде жағалауда орналасқан мемлекеттер арасындағы қарама-қайшылықтардың үдеуі, бұл жағдай мемлекеттердің өзара екіжақты және жан-жақты мәселелер жөнінде келіспеушіліктер мен сыртқы ойыншылардың қатысуы одан әрі қиындата түседі;

- Каспий аймағының көлік-коммуникация жүйесіне бақылау орнатуға күрес;

- Каспий теңізінің бай және нәзік экожүйесіне жүйелі түрде залал келтіру, бұл осы аймаққа кері әсерін тигізуі мүмкін.

Қазіргі уақытта Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі жөніндегі конвенцияны әзірлеу бойынша СІМ деңгейінде келіссөздер өткізілуде. Келіссөздер Каспийдің экожүйесін сақтау мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, кеме қатынасын дамыту, минералдық және биологиялық ресурстарды игерудегі өзара іс-қимылдарға арналған. 2001 жылы 29 қараша және 2003 жылы 27 ақпанда Қазақстан Республикасы мен Әзірбайжан Республикасы арасындағы Каспий теңізі түбін шектеу туралы екіжақты Келісім және Хаттама қабылданды. Сонымен қатар, 2003 жылы 14 мамырда Қазақстан-Ресей-Әзірбайжан арасында Каспий теңізі түбін бөлу туралы келісім жасалды. Осындай нақты шаралардың негізінде 2003 жылы 4 қарашада Каспий теңізінің кеңістігін қорғау жөніндегі Конвенцияға қол қойылды. Бұл Теңіздің құқықтық мәртебесін айқындаудағы маңызды қадам болды.

Жалпы, Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін айқындау – күрделі процесс. Оған Қазақстан тарапы Мемлекет басшысы және СІМ деңгейінде үлкен үлес қосып келеді. 2002 жылғы БҰҰ Ассамблеясының 57-сессиясында ҚР Сыртқы істер министрі Қ. Тоқаев: «Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі мәселесі қазіргі кезеңдегі халықаралық қатынастарда өте өзекті мәнге ие. Бес каспийлік мемлекеттердің осы ерекше су қоймасының заңнамалық мәртебесіне байланысты ымырашылдығының болмауы  Каспий теңізінің бейбітшілік пен ынтымақтастық өңіріне айналу болашағына нұқсан келтіруде» - деп айтты.

Осы жылдары Каспий жағалауы мемлекеттері басшыларының екі Саммиті (2002, 2007 жылдары) және Сыртқы істер министрлерінің кеңестері (1996, 2004, 2007) болып өтті. Аталған маңызды кездесулерде Каспийдің құқықтық мәртебесі, теңіздегі қауіпсіздік пен тұрақтылық, сондай-ақ Каспий жағалауы мемлекеттерінің халықаралық байланыс мәселелері (БҰҰ, МАГАТЭ рөлін нығайту, ядролық қаруды таратпау, халықаралық лаңкестікпен күресу) жөніндегі ұстанымдары саяси деңгейде бекітілді.

2014 жылдың 2 қазанында Елбасы Н.Назарбаевтың қатысуымен Каспий теңізі жағалауы елдерінің IV саммиті өтті. Бес каспийлік мемлекеттер экономикалық ынтымақтастықты дамыту, қауіпсіздік, экология, ең маңыздысы, Каспийдің құқықтық мәртебесі төңірегінде пікір алмасты. «Каспийлік бестіктің» экономикалық ықпалдастығын арттыру бойынша Қазақстан тарапы белсенділік танытып келеді. Н.Назарбаев Қазақстан арқылы ашылған бағыттарды назарға алып, Қазақстан оларды Каспий маңы мемлекеттерінің тауарларын басқа елдердің нарығына, бірінші кезекте Қытайға жеткізу үшін транзиттік көпір ретінде «Каспий еркін сауда аймағын» құру туралы ұсыныс айтты.

Каспий мәселесіне қатысты АҚШ, Қытай сынды сыртқы ойыншылардың ықпалын айтпай кетуге болмайды. Ірі державалар өз жобаларын жүзеге асыруда Каспийді тиімді пайдалануды көздейді. 2018 жылы мамырда Қазақстан Республикасы АҚШ-тың Ауғанстанға арнайы жүкті тасымалдау бағытын өзгерту туралы сұранысын қабылдап, «Қазақстан Республикасы аумағы арқылы арнайы жүкті транзитпен өткізуді коммерциялық жолмен қамтамасыз ету туралы» заңға қол қойылды. Оған сәйкес арнайы жүк Әзірбайжаннан Каспий арқылы Қазақстанға жеткізіп(Ақтау мен Құрық порттары), теміржолмен Сарыағаш, Келес және Бейнеу - Қарақалпақстан, Өзбекстан арқылы Ауғанстанға жеткізіледі. Бұл бір жағынан Қазақстанның Ауғанстан проблемасын шешудегі үлесі болса, екінші жағынан АҚШ-тың аймақтағы белсенділігінің артуын көрсетеді.       

Қазақстанның бастамалары аймақтағы бірқатар жобалар арқылы жалғасын табуда. 2018 жылы 31 қазанда Қазақстан, Өзбекстан, Грузия, Түркия, Әзірбайжан басшылары «Баку-Тбилиси-Карс» теміржол желісінің(ары қарай – БТК) ашылуына қатысты. Бұл – Азия мен Еуропаны байланыстыратын 21 ғасырдағы Жібек жолының маңызды дәлізі. Ұзындығы 846 шақырымға созылған темір жолмен 2034 жылға қарай 17 млн тонна жүк тасымалданатын болады. БТК желісі де Каспий теңізі арқылы өтеді. БТК арқылы Қытайдан шыққан тауарлар екі аптада Еуропаға жеткізілетін болады. Бұл теміржол желісі сонымен қатар адам тасымалында да маңызды болмақ.    

Таяу Шығыс және Орта Азия бойынша сарапшы Т.Аббасовтың ойынша, Әзірбайжан ұсынған «Баку-Тбилиси-Қарс» трансқұрлықтық теміржол желісі геоэкономикалық үрдіске жаңа серпіліс береді. Бұл маршрут негізгі серіктес елдер Әзірбайжан, Грузия және Түркия үшін ғана емес, маңайдағы серіктестер үшін үлкен табыс алып келеді. Жаңа бағытты пайдалануға мүдделі болған елдердің бірі Қазақстан. Оның үш мемлекетпен байланысы қарқынды дамуда.

Каспий энергетика және қоршаған орта орталығының басшысы, доктор Э.Солтановтың(Әзірбайжан) пікірінше «Бұл миллиардтаған тонна жүк тасымалдауы сөз болып отырған кең көлемді жоба. Қазақстан БТК жобасына қосылуы арқылы өзінің қытайлық бастамаларға қатысу мүмкіндігін растайды. Экономикалық дәліз Қазақстан үшін стратегиялық тұрғыда маңызды болып табылады» - дейді.

Каспийдің транзиттік мүмкіншілігін арттыру туралы Қазақстан Президенті Н. Назарбаев 2018 жылы 14 мамырда Сочидегі ЕЭО Жоғары экономикалық кеңесінің отырысында да айтты. Мемлекет Басшысы Каспий және Қара теңіздері аралығында кеме жүру каналын салу туралы сөз қозғады. Бұл каналды «Еуразия» деп атау ұсынылып отыр. Сонымен қоса «Еуразия» жоғары жылдамдықты көлік магистралін салу мүмкіншілігі де алға қойылды.

Жалпы алғанда, V Каспийлік Саммиттің өтуі және Каспийдің құқықтық мәртебесі жөніндегі конвенцияның қабылдануы мәселенің жалғыз шешу жолы емес. Үлкен Еуразия Жастар инициативасының «Каспийский регион: образы будущего» атты  «Каспий хабаршысы» журналындағы зерттеу нәтижесінде осыған байланысты мәліметтер келтірілген. Мәселен, Астрахан, Атырау және Баку респонденттері «2030 жылға дейін аймақтың дамуында қандай оқиға маңызды болуы мүмкін(%)» деген сұраққа төмендегідей жауап берген:

Бұдан байқайтынымыз, аймақ тұрғындары Каспий мәселесінде ең алдымен экологиялық мәселелерді жүйелі шешуге және интеграциялық құрылымға көңіл бөледі. Яғни, конвенция шеңберінде аталған сұрақтар да назардан тыс қалмауы тиіс. Экологиялық проблеманы шешу, қауіпсіздікті қамтамасыз ету, туристік ресурстарды жетілдіру, жағалау мемлекеттерінің энергетикалық қуаттарын арттыру маңызды болмақ.

Каспийдің құқықтық мәртебесін бекіту ең алдымен теңіз жағалауындағы елдер үшін маңызды. 2017 жылы 4-5 желтоқсанда Мәскеуде өткен Каспий жағалауы елдері СІМ Кеңесінде Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі жөніндегі конвенцияның мәтіні келісілді. Кеңесте ҚР СІМ Қ. Әбдірахманов:  "ҚР Президенті Н.Назарбаев Каспий жағалауындағы елдердің ынтымақтастығына үлкен көңіл бөледі. Елбасының алға қойған басым бағыттарының бірі Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі бойынша уағдаластыққа қол жеткізу. Аталған Конвенция «Каспий теңізінің конституциясы» ретінде Каспий жағалауындағы елдердің ынтымақтастығына жаңа серпін беріп, аймақтағы қауіпсіздік, тұрақтылық пен дамудың кепілі болады деген сенімдемін» деп атап өтті.

Осы тарихи құжаттың бекітілуі 2018 жылы сәуір айында Астана өтетіні туралы бірқатар отандық және шет елдік БАҚ-тарда айтылған еді. Аталған халықаралық маңызды шараның Қазақстан алаңында өткізілуі оның аймақтық беделін көрсетеді және мәселенің диалог оңтайлы шешілуіне жан-жақты септігін тигізеді. Алайда, V Каспийлік саммиттің 2018 жылы шілдеде өтетіні туралы мәліметтер де бар. Бұл Каспий жағалауы елдерінің теңізді бөлісуге байланысты нақты ұстанымдары бар екенін, бірақ оны түйістіру процесі ұзаққа созылғанын көрсетеді. Қазіргі жағдайда Каспий теңізі ынтымақтастық пен сауда-экономикалық байланыстың маңызды көпіріне айналуы тиіс деп есептейміз.   

Олжас  Бейсенбаев