Республика жаңалықтары

15 Ақпан 2018 13:02
Агроөнеркәсіп: субсидияны қайта қарау, озық техника және цифрлық жүйе /ШОЛУ/

Алқа отырысына министрлік қызметкерлері ғана емес, бейнеконференция байланысы арқылы облыстық әкімдіктердің ауал шаруашылығы басшылығы, шаруа қожалықтарының өкілдері, қоғам қайраткерлері қатысты.

Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев салада ең алдымен қаржы  тапшылығы барын, атқаратын міндет көбейгенімен қаржы жеткіліксіз екенін алға тарты.

«2018 жылы қандай жұмыстарды атқарамыз деген мәселенің біз үшін маңызы зор. Соңғы екі айда ауыл шаруашылығы саласын жан-жақты, жіті зерттеген менің бағамдауымша, ауыл шаруашылығы саласында жағдай оңай емес. Ең біріншіден, салада қаражаттың жеткіліксіз екені сезіледі. Яғни, мемлекеттік бағдарлама бойынша ауыл шарушылығы саласына 1 триллион теңге бөлу қарастырылған. Бірақ, бұған дейінгі бағдарлама 1 триллион 400 миллиард теңге бөлуді қарастырған болатын. Демек, жаңа бағдарлама қабылдай отырып, біз  бұл салаға бөлінетін қаржыны азайтып жібердік. Тіпті екі девальвацияны өткергенімізді ескерсек, онда мемлекеттік қолдау бұрын жоспарланған сомманың үштен бірін ғана құрап отыр», - деді министр.

Министр  Өмірзақ Шөкеев қаржы тапшылығы бойынша тағы бір проблеманы атап өтті,  қазақстандық   банктер дағдарыс деп, саланы қаржыландыруды күрт төмендеткен. Сондықтан да, сала өзін-өзі ақтай алмай тұрған көрінеді. Екінші деңгейдегі банктердің несие беруі азайып барады. Былтырдан бері субсидия азайған. Тіпті, субсидияланған 15 нысанның тиімсіз екені белгілі болған. Енді сол тиімсіз салынған қаржыны кері қайтарып, өзге салаларға жұмсау көзделіп отыр. Министр жалпы қаржыландырудың жаңа моделіне көшіп, агро саланың салық жүйесін де реттеуді ұсынды.

«Мәселен, астық қолхаттары тиімді құрал ретінде қалып бара жатыр. Яғни, аграрлық қолхат негізінде жаңа жолдарға көшкен абзал. Астыққа қатысты есептің бәрін электронды форматқа ауыстырудың маңызы зор. Өкінішке қарай, кезінде біздің элеваторлар бос қолтаңбаны көптеп бере берген. Бізге жаңадан ауыл шаруашылығы саласының салық түсімін қайта қарау керек. Ауыл шаруашылығынан өзіңіз білетіндей, салық аз түседі. Салық түсімі жүйесінің өзі де күрделі. Осы себепті, біз бизнес пен экономикалық ведомствомен бірлесіп, бірыңғай аграрлық салық жүйесін енгізуге тырысамыз. ...Жалпы, қаражат ағымын көбейту үшін мемлекеттік бағдарламаға өзгеріс енгізу керек. Сектор қаржының жетіспеушілігінен тұншығып жатыр десе де болады», - дейді министр Өмірзақ Шөкеев. 

Ал қаржыландырудың қолжетімділігін арттыру үшін қолданыстағы қаржы құралдарын жетілдіру, сондай-ақ ауыл шаруашылығы қолхаттары сияқты жаңа құралдарды енгізу арқылы жеке қаржыландыруды тарту жоспарлануда.

Бұдан басқа, «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ біртіндеп агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін одан әрі қаржыландыру үшін несиелік серіктестіктер, ЕДБ, микроқаржы ұйымдары, лизингтік компанияларды қаржыландыруға ауысады. Сондай-ақ, тиімсіз субсидиялар қысқартылып, салық жүйесі жетілдірілетін болады, оның ішінде ауыл шаруашылығы кооперативтері үшін, саланы техникалық қайта жарақтандыру жүргізіледі.

Сонымен қатар,  сауда нарығын кеңейту және ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттауды дамыту мақсатында, нақты өнімдер нарығының тізімі әзірленетін болады. Басымдықты сауда нарығындағы шет мемлекеттердегі Қазақстанның елшіліктерінде ауыл шаруашылығына жауапты атташе-өкіл лауазымын ашу жоспарланып отыр. Көлік және логистиканы дамыту, органикалық өнімді өндіруді арттыру, ауылшаруашылық ынтымақтастығы бойынша жұмыс жалғасады.

Министр агроөнеркәсіп саласында еңбек етіп, кәсіп жасап жүрген азаматтардың алдына еңбек өнімділігін арттыру және өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттауды 2,5 есеге арттыру міндетін қойып отыр.

Қазір  маңызды бағыттардың бірі - агроөнеркәсіптік кешенді цифрландыру. Осы бағыт бойынша Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Арман Евниев жер өңдеу топтарымен электрондық карталары болатындығын айтты.

«Салада цифрландырудың іргетасы ретінде геопозициялық, вегетациялық, агрохимиялық, гидрогеологиялық жер өңдеу топтарымен электрондық карталары болады. Алғашқы екі тобын біз енгізіп қойдық. Енді қалғандарын нығайтатын боламыз. Шартты түрде фермерлер цифрландырудың үш тобынан өтеді. Осы орайда келесі кезеңге өтуі үшін әр топқа міндетті элементтердің тізімі айқындалды», - деді Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Арман Евниев.

Сондай ақ, шаруаларға қолайлы жағдай туғызу үшін егін егудің сараланған қадамдары, жерді тиімді суару және басқа да бағыттар қамтылған. Бұл тұрғыда А. Евниев АӨК-те цифрландыру аспектілерін енгізуден қандай нәтижелер болатынын жария етті.

«Егер де метеостансаларды құрсақ және әрбір фермер өзінің метеобекетімен бірыңғай базаға кірсе, онда ешқандай комиссиялар керек болмайды. Жүйе актілерді онлайн түрде бекітеді. Сарапшылардың есептеуінше, нақты егіншілікті енгізу астық шығымдылығын 30-50 пайызға арттырып, моторесурстар шығындарын 40 пайызға төмендетеді. Сонымен қатар жанар-жағармайды 15-20 пайызға үнемдей түседі. Жалпы, осыдан болатын тиімділік 60 - 90 пайызға артады», - деді  вице-министр. 

Сондай-ақ, алқа отырысында  ауыл шаруашылығы  саласын әртараптандыру  бойынша  жоспарды орындамаған өңірлер сынға ілінді.  Ауыл шаруашылығы саласының ішкі жалпы өнімінің мөлшері Мемлекет басшысы мен Үкіметтің бақылауында екені белгілі. 2,9 пайыздық көрсеткішке өткен жылы қол жеткізсек те, бірқатар салалар орташа көрсеткіштен де төмен болып тұр. Осы орайда, министр Өмірзақ Шөкеев облыс әкімдерінің орынбасарларына бұл мәселені бақылауға алуды тапсырды.

 «Әкімдерді ай сайын тыңдайтын боламыз. 2018 жылдың қаңтары бойынша сұралған параметрлердің республика бойынша көрсеткішінің 3,7 пайызы бар. Бірақ, артта қалған өңірлер де баршылық. Әртараптандыру бойынша - Қостанай облысы 68 мың гектарлық, Қарағанды облысы 63 мың гектарлық, Ақтөбе облысы 62 мың гектарлық меморандумды орындамады», - дейді Өмірзақ Шөкеев.

Министр атап өткен тағы бір мәселе  Қазақстанға жеткізілетін қант тасымалына берілетін жеңілдік аталған саланың дамуына кедергі келтіріп отырғандығы. 2009 жылы Кеден одағы құрыла бастаған кезде біздің елге жеткізілетін қант үшін жеңілдік енгізілген еді. Бұл жеңілдік жұмыс істеп тұрғанымен, бізде қант өндірісі тоқтап қалды.

АШМ басшысы  айтып өткендей,  Қазақстанға көршілес мемлекеттер қант өндірісін айтарлықтай арттыра бастаған.

«Осы уақыт аралығында Ресей мен Беларусь қант өндірісін екі есеге арттырды. Егер біз оларға берілген жеңілдікті алып тастамасақ, өзіміз қант өндірісін мүлде жоғалтып аламыз. Көршілеріміз бізді қантпен көміп тастайды», - дейді Өмірзақ Шөкеев.

Ауыл шаруашылығы жерлерін  тиімді игеру  үшін сапалы, жаңа техника  керек.  Ал, Қазақстандағы ауыл шаруашылығы техникаларының 80 пайызы 17 жыл бұрын қолданысқа енгізілген. Бұл туралы министрдің назы да жоқ емес.

«Техникамыз жоқ болса ауыл шаруашылығы саласындағы өнімділікті қалай арттырамыз. Техниканың жаңартылу деңгейі 3 жыл бұрын ғана 6 пайыз болатын. Қазір 2 пайыз ғана болып қалды. Бұрын 5 мың техника әкелінсе, қазір бұл көрсеткіш 2 мың ғана болып тұр. Лизингтің пайыздық көрсеткіші - 18 ғана. Бұған кім шыдайды?Лизинг пен техникаларды алып келу бойынша инвест-субсидиялар жағына бағытты бұрғалы жатырмыз. Біздің салаға бәрібір - ең бастысы тиімді техника болса болды. Беларусьтан келсін, Джон Дир компаниясы болсын - бізге қандай айырмашылық бар? Бізге үздік техникаларды сатып алу керек. Онсыз ешқандай өнімділік артпайды», - дейді Ө.Шүкеев.

 Ал, Ауыл шаруашылығы саласындағы көрсеткіштер  мен биылғы жылдың қаңтарындағы өсімді төменгі инфографикадан көре аласыз.

Алқа отырысының   қорытындысы    бойынша    су саласының инвестициялық әлеуетін арттыру, апатты жағдайдағы су қоймаларын қайта құру, сондай-ақ суармалы жерлердің инфрақұрылымын қалпына келтіру, топтық су құбырларын қайта құру және салу бойынша шаралар қабылдау жоспарланып отыр. Күн тәртібінде сұрақ-жауап форматына айналып, оның барысында аймақ өкілдері қойылған сұрақтарға толық жауап берілді. Министр  ауыл шаруашылығына қатысты міндеттер мен мақсаттарды қаперде ұстауды тапсырды.

Аягөз Құрмаш 

Фото: ашық дереккөз