Республика жаңалықтары

14 Ақпан 2018 16:54
Мәжіліс мінбері: 13 Кодекс, 100 Заң, 1 мың өзгеріс, қазақ бизнесі қайтсе көгереді, тұрғын үйге талап күшейеді /ШОЛУ/

Елімізде   бизнесті мемлекеттік  қадағалаудың жаңа институты құрылып қалуы әбден мүмкін.  Соңғы жеті жылда бизнесті тексеру  4 есеге қысқартылса да, бизнеске түсетін салмақ жеңілдемей тұр. Бұны    «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заң   жобасын таныстырған     Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов айтты.

« Таңдаулы тәртіпте жүргізілетін тексеру жұмыстарының орнына алдын ала бақылаудың жаңа институтын енгізу ұсынылуда. Алдын ала бақылаудың негізгі міндеті - бақылау субъектісінің құқыққа қарсы шарттары мен себебін анықтау, құқықтық бұзушылықтың салдарын түсіндіру. Қазіргі қолданыстағы жүйеден оның артықшылығы - әкімшілік өндіріссіз құқық бұзушылықтың алдын алу мен ескерту», - деді министр.  

Министр баяндағандай,  заң жобасы аясында алдымен ескерту мен алдын алу мазмұнындағы бақылау мен қадағалау түрін енгізу көзделіп отыр.

«Тексеруші бақылау нысанына көп шыға бермейтіндей түрін енгізу дұрыс деп ойлаймыз. Тексерушінің билігі басым болғандықтан, ол заңға сүйеніп, өз қарауынша әкімшілік шара қолдана алады. Ал тәжірибе көрсетіп отырғандай, бақылаушы және қадағалаушы органдарының жұмысы тексерумен шектеледі», - деді министр.

Министрдің тағы бір тың ұсынысы  бизнестің мемлекеттік органдарға тапсыруы тиіс анықтамалары мен декларацияларын 30 пайызға қысқарту болды. Бұл  қазіргі уақытта ақпараттық құрылғылардың  көптігінен бизнеске салмақтың түсуімен тікелей байланысты. Атап айтқандақ, статистикадан бастап әр түрлі мемлекеттік органдарға берілуі тиіс әр түрлі декларациялар, есеп беру, ведомстволық анықтамалар жетерлік.

«Олар ауқымды әрі адам ресурсын көп қажет етеді. Олардың жалпы саны - 1 600-ге жуықтап тұр. Осы себепті, бір құқықтық-нормативтік құжатпен ақпараттық құрылғылардың тізімін бекіту ұсынылып отыр. Аталған құрылғыларды қайта қарау мен қосу қатаң регламенттеледі», - дейді Т.Сүлейменов.

Министрдің бұл ұсыныстарымен «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Рустам Жүрсінов та келісіп отыр. Ол өткен жылдардағы көрсеткіштерді тізбелей келіп, әр жылдардағы сан айғақтар алдағы уақытта ескерілуі тиіс деп есептейді. 

«2013 жылы бизнесті тексеру көрсеткіші 180,5 мың болса, 2014 жылы мораторий болды. 2015 жылы қауіп-қатерлерді басқару жүйесіне көштік. Нәтижесінде сол кәсіпкерлікті тексеру көрсеткіші 50 мыңды құрады. 2016 жылы бұл көрсеткіш 100 мың болса, 2017 жылы 81 мыңды құрады. Бірақ біз төтенше жағдайлар бойынша талдау жүргіздік. Мысалы, улану және т.б. деректер бойынша. Аталған заң жобасы бойынша санэпидемиалогиялық органдарымен бірігіп, қауіпсіздік саласында бақылау орнатылды. Өткен жылы бизнеске 15 мың тексеру жүргізілді. Бұл көрсеткіш сақталып отыр. Біз өзіміздің тарапымыздан өзін-өзі реттеуге баса мән беріп, сапаны көтеру жағын қарастырып отырмыз. Біздің ойымызша, тұтынушылардың құқығын қорғауға да мән берілуі қажет. Бұл динамикалық модель шетелде жұмыс істеп тұр», - деді ол.

Алайда, оның баяндамасы Мәжіліс төрағасына толық емес болып көрінді. Ол қазақстандық бизнесті бақылауды шетелмен салыстырып, неге тәжірибе алмайтынымызды баса айтты.

«Сіз өз баяндамаңызда шетел мемлекеттерінің тәжірибесі туралы айттыңыз. Онда кәсіпкерлік бақылау қызметі қалай жүргізіледі? Мұнда тауар мен қызмет көрсету сапасы өте жоғары. Қарапайым халыққа түсінікті тілде айтыңызшы», - деді Нұрлан Нығматулин.

Бұл сөздерден кейін  Басқарма төрағасының орынбасары  халыққа түсінікті қарапайым тілмен түсіндіруге тырысты.

«Бұл - қауіп-қатерлерді басқару жүйесі, бізге ең қажеттісі. Қарапайым азамат шығаратын өнімдерінде стандарттардың талабы сақталып жатқанын жыл бойы бақылап отыруы қажет. Егер кәсіпкер қатер аймағында болса, онда мемлекеттік органдар оған барып, тексеріс жүргізеді», - деді Рустам Жүрсінов.

Бұл жауап та   Мәжіліс төрағасының  көңілінен шықпады. Нұрлан Нығматулин «Атамекен» ҰКП-ның  бизнеске тиімді ұсыныстар жасамағандығын  сынға алды.  

«Заңда қарапайым қағидалар болуы қажет. Ештеңе ойлап табудың қажеті жоқ. Мүмкін министр дұрыс айтып отырған шығар. Тексеріс барысында бір-біріне кедергі жасамас үшін. Бірақ сіз экономикасы дамыған мемлекеттердің не істеп жатқанын қараңызшы. Онда тексерістер жоқ. Оларда біздің «Атамекен» ҰКП сияқты жұмыс істеп отырған орган бар шығар. Сіздер «Біз бизнесті қорғап жатырмыз» деп кеуделеріңізді соғасыздар. Бірақ заң жүзінде бизнесменге сапасыз тауар шығару тиімсіз. Егер ол бір рет осындай дерекпен ұсталса, ол тақырға отырады. «Атамекен» қашан осындай ұсыныстарды енгізеді?», - деді ол.

Оған қоса,   Мәжіліс төрағасы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасарына кәсіпкерлерді тексеріспен қорқыта бермей, мемлекеттік бақылау қызметін азайту бағытында нақты жұмыс жүргізу керектігін айтты.

«Сіз маған 15 мың тексерісті айтып, барлығын қорқытып отырсыздар. Рустам, сіз түсінесіз бе? Сіздер заманауи деңгейге көтерілулеріңіз қажет. Елбасы тиісті жағдай жасады. Соның арқасында шағын және орта бизнесте жаппай тексеріс жоқ. Бұл - сол кісінің арқасы. Бірақ сіздер шетелдегі тәжірибелерді ескеріп, осында ұсыныстарды енгізулеріңіз қажет қой. Оның ішінде осындай заң жобасы талқыланған кезде бизнеске де жауапкершілік жүктеледі. Біз Үкіметтің бизнесті дамытуға көздеген қазіргі ұстанымын толығымен қолдаймыз. Оның ішінде мемлекеттік бақылау қызметін азайту бойынша. Сіздер осы бағыттағы жұмыстарды жүргізулеріңіз қажет»,- деп түйіндеді сөзін Мәжіліс төрағасы.

Одан әрі  заң жобасын талқылау барысында жылжымайтын мүлікті тіркеу рәсімін жеңілдету үшін бірыңғай кадастр жүйесін құру жоспары түсіндірілді.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басшысы Абылайхан Оспанов екі кадастрды біріктіруді және жылжымайтын мүліктің бірыңғай кадастрының ортақ жүйесін құруды жоспарлап отырғанын тілге тиек етті. Оның айтуынша, бұндағы мақсат - бюджетке жүктемені азайту. Бұл шаруалар мемлекеттік корпорацияның жеке қаржысы есебінен іске асырылмақ. Қазір осы бағыттағы дайындық жұмыстары басталып та кеткен. 

 «Өткен жылдың наурызынан қызметкерлерді оқыту шараларын жүргіздік. Сондықтан, бұл түзетулер қабылданған жағдайда біз еш қиындықсыз жылжымайтын мүлікті тіркеуді іске асырамыз. Біз алдын ала бұл мәселелерді Әділет министрлігімен талқылап шықтық, сондай-ақ мемлекеттік баж құнын азаматтар үшін төмендетуді жоспарлап отырмыз», - деді ол. 

Сөйтіп, 13 Кодекс пен 100 Заңға 1 мыңға жуық түзету енгізуді көздеген заң жобасы бірінші оқылымда депутаттардан қолдау қолдау тапты.  Дегенмен, Мәжіліс спикері екінші оқылымға дейін аталмыш заң жобасы бойынша туындаған мәселелер мен сұрақтарды, ұсыныстарды  мұқият тексеруді тапсырды.

«Заң жобасы аясында біз жеке тұрғын үй салуда барлық қадағалауды алып тастадық делік. Менің түсінбей тұрғаным - мемлекеттік үйлерді салып жатырмыз, онда біздің азаматтар тұрып жатыр. Біз олардың қауіпсіздігін ойлап отырмыз. Ал жеке тұрғын үйлерде тұрғандар - біздің азаматтар емес пе? Бізде мұнда Төтенше жағдайлар бойынша вице-министр бар ма? Ал сіздер бұған қалай қарайсыздар? Ертең бірдеңе болып жатса, сіздер ол орынға келіп алып, кезінде құрылыстың дұрыс жүргізілмегенін алға тартасыздар ғой. Сіздер жеке тұрғын үй деп нені айтып отырсыздар? Егер бұл 1-2 қабатты үйдің құрылысы болса, оған жол беруге болады. Алайда сейсмикалық қауіпті аймақтағы үйлерге қатысты болса, онда сақ болғанымыз жөн. Ертең олар картоннан жасалған үйлер сияқты құлап жатса, не айтамыз? Бизнес рейтингтің артынан қуды, бақылау функциясын алып тастадық деп түсіндіреміз бе? Тимур Серікұлы, екінші оқылымына дейін аталған бағытта жұмыс жүргізулеріңіз қажет. Мұқият қарап шығыңыз. Рейтингті қуып, әсіресе сейсмикалық қауіпті аймақтардағы құрылысты қадағалаудан қалып қалмайық», - деп түйді Мәжіліс төрағасы.

Отырыста талқыланған екінші заң жобасы - «ҚР Үкіметі мен Беларусь Республикасының Үкіметі арасындағы 1997 жылғы 11 сәуірдегі Табыс пен мүлікке қосарланған салық салуды болдырмау және салық төлеуден жалтаруға жол бермеу туралы ҚР Үкіметі мен Беларусь Республикасының Үкіметі арасындағы келісімге өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы».

 Аталған құжатты депутаттарға Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов таныстырды.

Заңды талқылау барысында депутаттар Қаржы министріне өздерін толғандырған сұрақтарын қойды. Бақыт Сұлтанов сауалдарға мүдірмей жауап берді. Осы орайда, министрдің сауаттылығына Мәжіліс төрағасы сүйсінді.

«Сіздің қойылған сұрақтарға қалай жауап беретініңізге тәнтімін. Сіз ЖОО-да мықты студент болған шығарсыз. Емтихан тапсырып жатқан кезде аудиториядан шығып, кез келген мұғалімге кірген шығарсыз. Себебі, сіздің жауаптарыңыз мәселені жан-жақты қамтиды», - деді Нұрлан Нығматулин.

Мәжілістің  бұл жолғы   отырысы   кадрлық  ауыз-түйіссіз өтпеді. Күні кеше Мәжіліс депутаты  болып  сайланған  Дархан Мыңбай Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитеті құрамына енді.

«Барлық депутаттардың атынан сізді құттықтаймыз. Сонымен қатар жаңа депутатты тұрақты комитеттің құрамына сайлаймыз», - деді Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин.

Бұдан бөлек өткен аптада депутаттық корпуста басқа лауазымға ауысуларына байланысты босап қалған орындарға кандидаттар ұсынылды. Естеріңізде болса, бұған дейін Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетін басқарып келген Мәулен Әшімбаев ҚР Президенті Н.Назарбаевтың шешімімен "Нұр Отан" партиясы төрағасының бірінші орынбасары лауазымына ауысқан болатын. Осы комитеттің төрағалығына депутат Мұхтар Ерман ұсынылып, оның кандидатурасын әріптестері бір ауыздан қабылдады. 

Күнтәртібіндегі негізгі мәселелерден кейін, депутат Тұрғын Сыздықов өрт сөндірушілердің мәселесін қатысты сауал жолдады. Оның айтуынша, Төтенше жағдайлар қызметі мамандарының ерлікке пара-пар жұмысы жоғары жауапкершілікті талап етумен шектеліп қалмауы керек. ТЖ қызметкерлеріне мемлекет барынша қолдау көрсету керектігін алға тартты.

«Аталған қызметте жүрген адамдарға деген көзқарасты өзгерту керек. Бұрынғы көзқарас бойынша адамдар әлі де өрт сөндіру қызметкерлерін «ұйқыдағы қызметкерлер» деп ойлайды. Бұл түсінік азаматтардың санасын сіңіп қалған. Осының салдарынан бюджетті бөлу кезінде аталған қызмет ең соңғы орында қалады. Жас қызметкерлерге берілетін еңбекақыны арттыру, сынақ мерзімін қысқарту, жеңілдіктерді қалыпқа келтірудің маңызы зор. Осы шаралар қолға алынса, аталған салада кадрлық «аштық» жойылып, олардың имиджі арта түсер еді», - деді депутат.

Тұрғын Сыздықов  осындай мәселе республикадағы барлық қалалар мен аудандарды мазалап отырғанын айта келе, өзінің депутаттық сауалын Ішкі істер мен Ұлттық экономика, Қаржы министрлігі басшыларына бағыттады.

Екі сағатқа созылған жалпы отырыста күн тәртібіндегі барлық мәселелер талқыланды. Нұрлан Нығматулин екінші оқылымға  дейін бүгін айтылған ұсыныстар мен пікірлер, депутаттық сауалдарда көтерілген мәселелердің ескерілуін сұрады. 

Аягөз Құрмаш