Республика жаңалықтары

21 Маусым 2018 11:20
Ақтөбе облысындағы жаңа кәсіпорындардың қызметі

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев   жаңадан ашылған  емдеу шипажайына  тек ақтөбеліктер ғана емес,  сондай-ақ Қазақстан мен Ресейдің көршілес өңірлерінің тұрғындары да келетініне сенім білдірді.

«Қазіргі заманғы пантомен емдеу емханасының ашылуы - дәстүрлі емес ауыл шаруашылығы мен табысты аймақаралық ынтымақтастықты белсенді дамытудың айғағы. Біз аграрлық секторда облыс үшін таңсық өндірістің түрлерін қолдау арқылы экономиканың бұрын игерілмеген әлеуетін пайдаланып, ең бастысы - азаматтарымызды өз өндірісіміздің пайдалы өнімдерімен қамтамасыз етеміз, - деп атап өтті  Бердібек Сапарбаев. 

Сонымен қатар, аймақ басшысы жергілікті билік дәстүрлі емес ауыл шаруашылығымен айналысатын АӨК субъектілері үшін толық қолдау көрсетеді деп сендірді.

Айта кетейік, мемлекеттік қолдау шараларының біразы бұғы мүйізімен емдейтін емхана-шипажайдың екі қабатты ғимаратының құрылысы мен оның жанында жұмыс жасап жатқан марал өсіру фермасына да қолданылды.

Жергілікті органдар Қазан ауылына жақын маңдағы фермаға 700 гектар және шипажайға тағы 1 гектар жер бөлген. Кәсіпкерлікті бірыңғай қолдау мен дамытудың «БЖК-2020» бағдарламасы аясында пайыздық ставканы субсидиялау арқылы 150 млн теңге көлемінде қарыз қаражаты берілді. Жобаның жалпы құны – 450 млн теңге.

Шипажай Шығыс Қазақстан облысынан әкелінген 150-ден аса марал емдеу шикізатымен қамтамасыз етілетін болады. Фермада барлығы 30 адам еңбек етпек. Келешекте марал мүйізінің негізінде биологиялық қоспалар шығару жоспарда бар.

Шипажайдың алғашқы келушілері 25 маусымда келеді деп күтілуде. Пантотерапия курсының ұзақтығы 5-10 күн.

Ашылу салтанатына сондай-ақ, республикалық марал шаруашылығы палатасының төрағасы Нұрлан Тоқтаров та қатысты.

Ол ақтөбеліктерді атаулы оқиғаларымен және Шығыс Қазақстанның, енді Ақтөбе облысының марал өсіру саласын белсенді түрде дамытқандары үшін құттықтап, Бердібек Сапарбаевқа аталмыш саланың үздігі төсбелгісін табыс етті.

Сонымен қатар,  Ақтөбе облысының әкімдігінде Хромтау моноқаласында «якорлық» жобаларды жүзеге асыру барысы талқыланды.

«Якорлық» жобалар жаңа өндірістер құру және қолданыстағы өндірістік қуаттарды кеңейту үшін жеке бизнестің салынған инвестициялары болып табылады. Басты мақсат - өндірісті арттыру және әртараптандыру, жаңа жұмыс орындарын құру.

Хромтау қаласында осындай үш жобаны іске асыру қажет. Дегенмен, индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ерлан Назаровтың айтуынша, белсенді жұмыс тек қана бір жоба - керамикалық тақтайшаларды шығару зауыты бойынша ғана жүріп жатыр.

Ағымдағы жылдың тамыз айында бірінші өндірістік желі іске қосылады деп күтілуде. Жобаның жалпы құны - 13,5 млрд. теңгені құрайды. 2020 жылы толық қуаттылықта іске қосылған кезде өндірісте 520-дан астам адам жұмыс істейтін болады. Макарон фабрикасы мен брикеттелген көмір өндіретін зауытты іске қосу жобалары күрделі мәселе болып қалып отыр.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың айтуынша, егер салалық басқарма «якорлық жобаларды» іске асыруға үлкен қызығушылық танытса, жағдай басқаша болар еді.

«Проблемалық сұрақтармен танысу қажет және оларды кеңседе емес, адамдармен жұмыс істей отыра шешкен жөн. Хромтау облыс экономикасын дамытудың Ақтөбеден кейінгі негізгі көзі болып табылады. Онда бизнесті дамыту үшін барлық жағдай бар. Индустриялық-инновациялық даму басқармасы аудан әкімімен бірге жаңа инвесторларды іздеу және тарту бойынша жұмысты күшейтуі керек», - деп атап өтті облыс басшысы.

Ол сондай-ақ, Хромтау керамикалық тақтайшаларын сатуға нақты дайындықты тапсырды.

«Ақтөбеде керамикалық тақтайшалар өндіретін зауыт ашылатындығын білесіздер. Ертең бір кәсіпорын басқа кәсіпорынды сатудан құр қалдырмауын байқап отыру керек. Мүмкін шығарылатын өнімдердің түрлерін қайта қарау қажет болатын шығар», - деді Б.Сапарбаев.

Тұтастай алғанда, облыс әкімі 2012-2020 жылдарға арналған «Моноқалаларды дамыту» бағдарламасының құралдарын тиімді пайдалануды талап етті.

Сондай-ақ, Ақтөбе Қазақстанда автобустардың муниципалды паркін жаңарту бойынша пилоттық жобаны жүзеге асырған алғашқы қала болды.

 Облыс орталығының жолдарына Қостанайдағы Aллюр компаниялар тобының аумағында жасалған Ankai маркалы 70 жаңа автобус пен IVECO маркалы 10 мектеп автобусы шықты.

Бүгін облыс орталығында отандық өндірістің автокөлігі «ПАТП» ЖШС тасымалдаушысына тапсырылды. Облыс басшысының айтуынша, бұл Ақтөбе тұрғындарының өмір сүру деңгейін көтерудің тағы бір қадамы.

«Халықтың әл-ауқатын жақсарту - Мемлекет басшысының алдымызға қойған басты мақсаты. Елбасының тапсырмалары аясында Ақтөбеде қоғамдық көлікті жаңарту үшін ауқымды пилоттық жоба іске қосылды. Сонымен қатар, жаңа автобустар барлық қауіпсіздік пен жайлылық талаптарына сәйкес келеді. Салондарда үш бейне камера қондырылған. Сонымен қатар, қосымша GPS датчигі орнатылады. Бұл диспетчерлер мен жолаушыларға бағдар бойынша өз қозғалысын бақылауға мүмкіндік береді. Біз қаламыздың тұрғындарын үзіліссіз әрі сапалы тасымалдауды қамтамасыз ету үшін осы бағытта жұмыс істей береміз», - деп атап өтті Бердібек Сапарбаев.

Жалпы сыйымдылығы 56 жолаушыға арналған экологиялық таза автобустар Еуро-5 стандарттарына сәйкес келетін газ қозғалтқыштарымен жабдықталған. Олар алдыңғы буын автобустарына қарағанда экологиялық жағынан әлдеқайда таза және анағұрлым арзан. Жаңа көліктер қала ішінде және қала маңы жолдарында жүретін болады. Бұдан басқа, автобустар мүмкіндігі шектеулі жандарды тасымалдау үшін көтергіштермен жабдықталған. Автокөліктерді сатып алу «ҚДБ-Лизинг» АҚ қаржылық лизинг бағдарламасын жүзеге асырудың арқасында мүмкін болды. Ақтөбе - қоғамдық көлік паркін жаңарту бойынша жаңа бағдарламаның шарттарын пайдаланған Қазақстандағы алғашқы қала.

«Шындығында, автобус тасымалын дамыту бағдарламасы тасымалдаушылар үшін үлкен мүмкіндер ашады: жақсы жағдайлардың көмегімен автопарктерді жаңартып, есесіне өндірушіден келесіде кепілді қызметі бар қолайлы жаңа көлік алуға болады», - деп атап өтті «СарыарқаАвтоПром» ЖШС директоры Сырым Семейбаев.

Ankai жаңа буынның жоғары технологиялық автобусы болып табылады, барлық техникалық стандарттарға және катафорезді қолдана отыра шанақты коррозияға қарсы өңдеуін қоса алғанда автокөлікке деген заманауи талаптарға сай. Қазақстандық мазмұнның Ankai маркалы автобустарындағы үлесі шамамен 35%, IVECO маркалы мектеп автобустарындағы үлесі - 70%.

Аягөз Құрмаш