Республика жаңалықтары

13 Ақпан 2018 16:15
Үкімет отырысы: 25-ке дейін - 25%, 125 млрд теңге баспанаға, жаңа мұнай өңдеу зауыты... (ШОЛУ)

Өткен жұмадағы Елбасының қатысуымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысы бірқатар министрліктердің іс-жоспарына, атқаратын шараларына біраз өзгертулер енгізді. Оны сенбіде іле-шала өткізілген Үкіметтегі кезекті жиынның қорытындысынан аңғаруға болады. Ал бүгінгі басқосуда салалық министрлер биылғы алғашқы айдың қорытындыларын жариялап, соған сай болашаққа болжам жасады.

Ұлттық экономика  министрі  Тимур Сүлейменов салық саясатын іске асыру шараларын баяндады. Оның айтуынша, осы жолы енгізіліп жатқан өзгертулер 2025 жылға дейін ЖІӨ түсетін салық түсімдерін 25%-ға дейін арттыратынын айтты. Бұдан өзге, өндіріс пен экспорттың көлемін арттыру мәселесі сөз болды.

«Елдегі кәсіпорындардың бәсекеге қабілетті өнідірісі мен экспорттық әлеуетін одан әрі дамыту мақсатында Инвестициялар және даму министрлігімен және «Атамекен» ҰКП-мен бірлесе отырып, осы бағытта мемлекеттік қолдаудың талдау шаралары жүргізіледі. Оның қорытындысы бойынша бәсекеге қабілетті экспорттық өнімдерді шығаратын «Ұлттық чемпиондар» санын көбейту үшін қызметтер алгоритмі мен шараларды іске асыру бойынша ұсыныстар жасалады», — деді Тимур Сүлейменов.

Сондай-ақ, жүргізіліп жатқан құрылымдық реформалар аясында «100 нақты қадам - Ұлт жоспарының» үшінші бағытында көрсетілген «Индустрияландыру және экономикалық өсу» бағытына тұрақты бақылау жүргізіледі.

Министрлік жекешелендірудің кешенді жоспарын іске асыруды жалғастырады.

«Аталған бағытта іске асырылып жатқан жұмысты бағалау мақсатында биыл жалпы экономика, мемлекеттік бюджет пен бизнеске жекешелендіру әсерін есепке ала отырып талдау жасалатын болады.Биыл 1 қаңтардан бастап 4-ші деңгейдегі бюджеттер енгізілді. Бүгінгі таңда салық ауылдардың, кенттердің және халық саны 2000 адамнан асатын ауылдық округтердің бюджеттеріне түсіп жатыр», — деді Тимур Сүлейменов.

Ал Үлкен жиында автомобиль жолдары үшін біраз сын естіп қалған ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек бұл жолы «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша атқарылатын жұмыстарға тоқталды. Ол алдағы уақытта елімізде ипотека бағасының төмендейтінін айтты.

«Бұл бағдарламаны әрі қарай жүзеге асырудың механизмін қарастырамыз. Мемлекет басшысы жүктеген тапсырмалардан соң архитектура, қала құрылысы және құрылыс саласында мемлекеттік нормативтерді жетілдіру бойынша жұмыстарды бастадық... Биыл коммерциялық банктер құрылыс салушыларға 125 млрд теңге көлемінде субсидияланған несие, 105 млрд теңге ипотекалық несие береді. Банк секторының жандануы жыл сайын несие беру көлемін 350 миллиард теңгеге дейін арттырса, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» салымшыларының үлесін экономикалық белсенді халықтың 12 пайызына дейін жеткізеді. Қабылданған шаралардың арқасында былтырғы жылмен салыстырғанда 2018 жылы қосымша баспана беру 6 пайызға көбеймек», - деді Жеңіс Қасымбек.

Ал,  ҚР Энергетика министрi Қанат Бозымбаевтың айтуынша, енді 3-4 жылдан кейін жанар май тапшылығы нақ сезіле бастайды екен. Сол себепті, жаңадан мұнай өңдеу зауытын салу мәселесі күн тәртібіне қойылып отыр.

«Жүргiзілген талдау нәтижесiне сәйкес, болжанатын тұтынушылық өсiмдi есепке алғанда автобензин тапшылығы 2021-2023 жылдары, дизельдiк отын тапшылығы 2023 жылы, ал әуе керосин тапшылығы 2026 жылдан кейiн пайда болуы мүмкiн. Осыған орай, келесi кезеңде жаңа мұнай өңдеу зауытының құрылысы, қаржыландыру нұсқалары, мерзiмдерi, потенциалдық инвесторлармен келiссөздер жүргiзу жөнiнде жаңа жұмыс тобы құрылады», - дедi Бозымбаев.

Биыл бірқатар аймақтарда көмір тапшылығы болып, оны Орталықтағы пікірлерден кейін, дер кезінде жергілікті әкімдіктердің шешкені мәлім. Дегенмен, бұл мәселе өзектілігін жойды деуге келмес. Бүгін министр 2018 жылдан бастап 12,7 млн тонна көмiр шығарылатынын, бұның  былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда 97% екенін айтты.

 «Көмiр өндірісінің 3% артта қалуы бiрiнше кезекте ауа температурасының төмендігінен және орта, шағын көмiр разрездерiндегi гидравлика жұмысымен байланысты. Қазiргi таңда қарқын қалпына келтiрiлдi. Менiң ойымша, осы айдың ортасында бiз көмiр шығару мүмкiндiгiн 100 пайыздан астамға дәлелдеймiз», - дедi Бозымбаев.

Бүгінгі жиында еліміздің оңтүстік қақпасында тағы екі бекет ашылатыны мәлім болды. Қаржы министрi Бақыт Сұлтанов қазақ-өзбек шекарасында «Сырдария және Целинный» деген 2 жаңа бақылау өткізу пункті құрылатындығын айтты.

«Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қаржы министрлігіне бірқатар тапсырма берген болатын. Солардың бiрi - бақылау-қадағалау қызметін  қысқарту бойынша тапсырма. Біз 2017 жылы салықтық және кедендік тексерулердің санын 45%-ке қысқарттық. Ал жоспар бойынша 37,5%-ға дейiн азайту керек еді. Енді бізге жүктелген жаңа міндеттерді есепке ала отырып, штат санын оңтайландыруға кірісемiз. Елбасы тапсырма бергендей, біз бақылау-қадағалау қызметін  жүзеге асырған шамамен 600 штат бірлігін қысқартамыз және басқа жұмыс учаскесіне ауыстырамыз», - дедi Сұлтанов.

Министрдiң айтуынша, бiріншіден, қазақ-өзбек шекарасында тауар ағымының өсуіне және Өзбекстанмен үкіметаралық келісім бойынша міндеттемелерді орындауға байланысты кеден қызметі үш бекетте тәулік бойы жұмыс режиміне ауысады. Сонымен қатар,  «Сырдария және Целинный» деген 2 жаңа бақылау өткізу пункті құрылады. Екіншіден, жұмыс режимі 24/7 жаңа теңіз порты аумағындағы «Құрық» өткізу пункті толық жасақталады.

Министр Елбасы жүктеген тағы бір тапсырманың жағдайы туралы айтып өтті.  Ол - «Астана -1» ақпараттық жүйесін іске қосу.

«Біз мұны жыл басында іске қосуымыз керек еді, алайда техникалық мәселелерге байланысты, бір тоқсанға кешіктіріп отырмыз. Бұл жүйе ЮНКТАД-қа тиесілі және олар қажетті консультанттар беру тиіс еді. Мен өзім ЮНКТАД басшылығымен бірнеше рет кездестім. Соңғы рет екі апта бұрын бас хатшысы Китуимен кездесіп, нәтижесінде біз 28 ақпанда «Астана-1» жүйесін тестік режімінде іске қосамыз деп уағдаластық. Сәуірде толыққанды іске қосу жоспарланып отыр - деді министр.

Бұдан басқа қолданыстағы Кедендік рәсімдер де мейілінше жеңілдетіліп, электрондық жүйеге көшіріледі. Биыл бұл мәселеге де жіті назар аударылмақ. Бұл Кеден арқылы өтетін салық төлеушілерге де қатысты...

«Кедендік рәсімдер бойынша электронды әрекет ету жалғаса береді. Платформадағы 9 рұқсат құжатын автоматтандыру жұмыстары жүргізіледі. Ұлт жоспары бойынша жылдың соңына дейін енгізілсе, бірақ біз 9-дан астам модульді қазан соңына дейін іске қосуды жоспарлап отырмыз. Ал жүйе тестік режимде мамырда іске қосылады. Басқа 42 рұқсат құжат болса «Астана-1» іске қосылғанда мемлекеттік деректер базасына еніп, рұқсатталады... Жаңа жүйе бойынша  барлық ауқымды салық төлеушілер жұмыс істеуі керек. Халықаралық тасымалдаушыларды 1500-ге, жүйені қолданушылар саны 312 мыңға жетеді деп жоспарланып отыр. 2019 жылы барлық қосылған құн салығын төлеушілер осы жүйені қолдануы тиіс. Әкімшілік қосылған құн салығы бойынша блокчейн технологиясына негізделген ақпараттық жүйені әзірлеуді жоспарлап отырмыз. Бұл жұмыстарды KFP IT, IBD, PwС-пен бірлесе атқарамыз. 6 тамызда жаңа ақпараттық жүйенің прототипінің таныстырылымын өткіземіз», - деді Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов.

Жиын соңында Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев салалық министрлердің бәріне осы аталған мәселелердің әрқайсысы Президенттің жіті бақылауында екенін естеріне салды. Ұлттық экономика министріне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп осы жұмаға дейін Үкіметтің 2018 жылға арналған Жұмыс жоспарының жобасын енгізуді тапсырды. Онда бүгінгі отырыста айтылған мәселелер де ескерілуі тиіс екенін баса айтты.

Аягөз Құрмаш 

Фото: Шыңғыс Қаппаров