Республика жаңалықтары

20 Маусым 2018 10:52
Елбасының Түркістан облысын құру туралы Жарлығы –тарихи шешім – Е.Қарин

Танымал саясаттанушы  Ерлан қарин  Елбасының Түркістан облысын құру туралы Жарлығы – шын мәнінде тарихи шешім, бар қазақ сүйінші сұрайтын айшықты оқиға екенін атап өтті.  

«Жарлық елорданы Арқаға көшіріп, жаңа Астана салу, еліміздің шекарасын бекіту, латын әліпбиіне көшу секілді ұлт тарихында ерекше орын алатын тағы бір тарихи-саяси шешім.Түркістан облысының пайда болуы - барша қазақ үшін тарихи-сана сезімді жаңғыртатын жаңа белес.Себебі, біріншіден, қазақ тарихында киелі орынға ие болған Түркістанның дамуындағы жаңа кезең басталып, ол қазақ елі мен түркі әлемінің дамуындағы маңызды орталыққа айналмақ», - деді Ерлан Қарин.

Саясаттанушының айтуынша,  бұл қадам аймақтардың дамуына ерекше серпін беретіні де сөзсіз.

«Бұл шешім біздің еліміздің демографиялық дамуындағы жаңа кезеңді айғақтайды. 
Төртіншіден, бұл ұлтымыздың ұлт болып ұйысуы жолында, бірлік пен ынтымақты дамытуда үлкен символикалық мәнге ие оқиға. Бұл шешім - ұзақ уақыт бойы сарапталып, талданып, ойластырылып қабылданған шешім», - деді ол.
 

Өз кезегінде, белгілі саясаттанушы  Айдос Сарым Президент Назарбаевтың Түркістан облысын құру туралы бүгінгі Жарлығы – еліміз үшін үлкен жаңалық екенін жеткізді.  

«Оңтүстік Қазақстан облысы – біздегі халқының өсімі және еңбек ресурстары жөнінен ең үлкен аймақ. Осы уақытқа дейін ол өзінің ішкі резервтерінің басым бөлігін пайдаланып болды. Түркістанды жаңа мәртебесіне лайық қалаға айналдыру - ЭКСПО секілді үлкен ұлттық жоба деп атай аламыз. Түркістанның өзінде көші-қон, инфрақұрылым сияқты салалар бойынша 40-50 мыңдай жаңа жұмыс орнын құруға болады. Естеріңізде болса, ЭКСПО ғимараттарын салу, оны өткізуде шамамен осынша жұмыс орны ашылған еді», - деді А.Сарым.

Ол айтып өткендей, Үкімет алдында Түркістанды өркендету, туристік потенциалын күшейту, тіпті болашақта мегаполиске айналдыру міндеті тұр. Бір сөзбен айтқанда, мұны жаңа қала салу деуге болады.

«Еліміздің жаңа астанасы салынғаны сияқты, бұл түркі әлемінің рухани астанасын салу деп атауға болатын үлкен жоба.Ең бастысы, қала салу барысында оның тарихи келбетін жоғалтып алмауымыз керек. Бакудің ескі қаласы, Риганың ескі қаласы деген сияқты, Түркістанның да тарихи бөлігі сақталуы тиіс. Мұндай қала салу үлкен өнер. Сондықтан ол біздің көзіқарақты, рухани білімі бар, тарихты білетін мамандарымызға сын болғалы тұр», - деді саясаттанушы.

Саясаттанушының пікірінше,  облыс орталығы міндетін атқаруға қажет құрылыстар салу алдағы төрт-бес жылда атқарылатын негізгі жұмыс болады.

«Бұл өз кезегінде облыстың әлеуметтік-экономикалық, рухани, техникалық және инженерлік потенциалын пайдалануға, жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді. Осы уақытқа дейін байлықтың басым бөлігі Астананы салуға жұмсалып жатыр деген сын айтылып келсе, енді Түркістанды облыс орталығына айналдыру Оңтүстік Қазақстан сияқты халқының өсу қарқыны аса жоғары аймақ үшін өте жақсы жаңалық екені сөзсіз. Өйткені, бұл оңтүстікке тың, жаңа серпін беретін іс болғалы отыр», - деді А. Сарым.

Сонымен қатар, ол айтқандай, Шымкентті нағыз замануи қалаға айналдыру міндеті де бар.

«Біле білсеңіз, Шымкент Қазақстандағы аумағы жөнінен ең үлкен қала болып саналады. Жекеменшік сектордың үлесі, басқаша айтқанда жер үйлердің үлесі тым көп. Осы мәселені шешу керек шығар. Тек тойханалар емес, зәулім әрі әдемі кешендер салған жөн. Яғни, урбанизация процесін тиімді басқару қажет. Мысалы, көппәтерлі үйлер мен пәтер арасы жер мен көктей. Мәселен, талапқа сай салынған зәулім ғимарат жылуды тиімсіз коттеджге қарағанда аз шығындайды», - деді ол.

Сондай-ақ, саясаттанушының айтуынша, аталмыш шешім бізді түркі әлеміне жақындата түседі.

«Облыстың аты Түркістан аталуына өз басым қатты қуандым. Оның ғана емес, біздің аймақтың тарихи атауы да Түркістан ғой. Бұл Қазақстанды түркі әлеміне жақындата түсуге, көрші елдермен байланысты одан әрі нығайтуға мүмкіндік беретін тарихи белес деуге болады. Барлығын дұрыс ұйымдастыра алсақ, бұл тіпті жалпы түркі әлеміне ортақ жобаға айналуы мүмкін», - деді ол.

Оның айтуынша, Түркістан республикалық архитектуралық, инженерлік ақыл-ойын жұмылдыратын үлкен ұлттық, рухани жоба болмақ.

Аягөз Құрмаш