Қала тарихы бойынша очерктар

Қала тарихының басталуы:

1932 жылға дейін қазіргі Сәтбаев қаласының территориясы Ақмола және Семей облыстарының, кейін Қызылорда және Шымкент облыстарының құрамында болады, ал 1936 жылдың 29 мамырынан бастап Қарағанды облысының құрамына кіреді. Оңтүстік Қазақстан құрамында болған Жезқазған кеніштері, барлық кен базаларымен бірге 1926 жылы Қарсақбай ауданы құрылғаннан кейін соның құрамына кіреді. 1940 жылдың 26 мамырдағы Қазақ ССР Жоғарғы Кеңес Президиумының өкіміне байланысты Қарсақбай ауданы Жезқазған ауданы болып ауысады. 1954 жылдың 20 желтоқсанында сол Кеңестің өкімімен құрамында Жезқазған кеніші бар Үлкен Жезқазған поселкесі Жезқазған ауданының құрамынан шығып, Жезқазған қаласы болып өзгертіледі. 1954 жылы Жезқазған кенішінен 7 шақырым жерде, солтүстік – шығысқа қарай кеншілерге арналып жаңа жұмысшылар поселкесі салына бастайды. 1956 жылы салынып жатқан жаңа жұмысшылар поселкесіне Никольск деген ат беріледі. 1973 жылы 25 желтоқсанда Қазақ ССР Жоғарғы Кеңес Президиумының өкімімен Никольск поселкесі Никольск қаласы болып ауысып, оның құрамына Жезқазған және Северный поселкелері кіреді. 1954 жылдан 1973 жылға дейін Никольск қаласы Жезқазған қаласының, кейін Жезқазған облысының қарамағында болады. 1990 жылы 13 қыркүйекте Никольск қаласы Сәтбаев қаласы болып ауыстырылады. Ал 1997 жылы Сәтбаев қаласы Қарағанды облысының қарамағына өтеді..

Өңдірістік құрылымы:

1909 жылдан бастап Жезқазған мысының туылуы ағылшын концерндерімен өңделді. Кеңес өкіметінің қалыптасуы жіне өндірісті ұлттандыру жылдарында Жезқазған кеніші Атбасар түсті металл тресті қарауында болды. 1926 жылдан бастап кеніш Қарсақбай мыс балқыту комбинаты қарауына ауысты. Соғыстың ауыр жылдарында (1943 жылы) Жезқазған мыс балқыту комбинаты құрылды, оның құрамында Жезқазған кенішінің 17 шахталары болды, шахталық өңдірістер Жезқазған мыс басқармасымен біріктірілді. 1958 жылы аймақтың барлық түсті металлургия кәсіпорындарын қосқан тау металл комбинаты құрылды, кейін «Түстімет» ғылыми өндірістік бірлестігі деп аталды. Бұл ірі кәсіпорын 1995 жылы дүниежүзілік аты бар ірі мыс компаниясы болып келетін «Қазақмыс» корпорациясына ауысты. Сәтбаев қаласы өндірістік объектілерінен «Қазақмыс» корпорациясы құрамына ірі Оңтүстік, Солтүстік, Шығыс, Батыс, Анненский, Дала және Жомрат  кеніштері, байыту фабрикасы кірді. 2014 жылдың 31 қазанында «Қазақмыс» тобы екі компанияға қайта ұйымдастырылды: жеке (көпшілікке жарияланбайтын) «Қазақмыс» Корпорациясы» ЖШС және көпшілікке жарияланатын KAZ Minerals PLC.

Көпшілікке жарияланбайтын компанияларға Шатыркүл кеніші және Қарағанды облысының объектілері мен кәсіпорындары кірді. Көпшілікке жарияланатын компанияларда Қырғыстандағы кеніш және Шығыс Қазақстан облысының жобалары қалды.  

Сәтбаев қаласы: Кеше, бүгін, ертең:

Сәтбаев қаласының тарихы Жезқазған кенді аймағын жан-жақты зерттеп оның қазба байлықтарын игеру жөніндегі игі жұмыстар қазақтың ұлы ғалымы, академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың есімімен тікелей байланысты.Қаныш атындағы қала жыл сайын өсіп өркендей түсуде.Топырағында дананың ізі қалған қалада бұл күндері Қ.Сәтбаев атындағы көше, мектеп, ғалымның ескерткіші бой түзесе, ең бастысы қазақтың біртуар ұлының ізбасарлары жарқын істердің жасампаз жалғастырушысы бола білуде. Іргетасы 1954 жылы жұмысшы поселкасы ретінде қаланып, Никольский аталған бұл мекен 1973 жылы қала мәртебесін алса, тәуелсіздік тұғырын көтеруге ұмтылған тұрғындардың өтініш – тілегіне орай 1990 жылдың 13 қыркүйегінде шаһарға оның негізін қалаушы Қаныш Сәтбаевтің есімі берілді.