Жаңалықтар

13.11.2017
Төрімде терме төгіліп, жырдан жауһар шашылды

Қазақтың төл өнері кенді өлкеде төгілді. Ғибраты мол мәйекті сөзге мән берді Сәтбаев жұртшылығы. Сөздің маржанын сазбен жеткізген дала өнерпаздары дүбірлі додаларда дараланған Шынболат Ділдебаевтай арда азаматын еске алды. Ұлыларын ұлықтаған көпшілік ұлттық өнердің уызына қанды.

Жұрттың өнегелі сөзге шөліркеп қалғанын байқау әсте қиын болған жоқ кеште. Боларынан бір сағат бұрын орын алып жайғасқан көрерменнің көп болғаны сонша, ине шаншыр жерде иін тіресуден именбеді. Әсте мұндай көріністі әкім-қаралармен кездесуге келген жиыннан ғана байқауыңыз мүмкін. Енді оның жөні бөлек. Десе де, төл өнерін төрге шығарған тұрғындардың залды лықа толтыруы көңіл сүйсіндіргенін айтпай кетпеске болмас.
Кештің шымылдығы ресми құттықтаулардан соң түрілді. Алғаш болып сөз алған Сәтбаев қаласының әкімі Асқар Ыдырысов байқаудың шаһарымызда өтіп жатқанын мақтаныш ететінін айтты.

– Бүгінгі айтулы іс-шара ұлттық өнердің күретамырына қан жүгіртіп, мәйегі мол мұрамызды қайта жандандыру, бабадан келе жатқан бай өнерді жас ұрпақпен сабақтастыру болмақ. Сан мың ғасырлық тарихы бар жыр-терме өнері біздің ұлттық кодымызда сақтаулы. Тек соны оята білуіміз қажет. Бұл нағыз рухани жаңғыру болмақ.

Өнер әлемінде өзіндік ізін қалдырған, толғаулары арқылы халқымыздың рухын дүр сілкіндірген Шынболат Ділдебаевтің орны айрықша. Ол кеншілік пен ақындықты, жыршылықты қатар алып жүрді. Біздің алдымызда тұрған міндет – сол азаматымыздың мол мұрасын насихаттау, есімін ардақтау. Шағын қаламызда республика деңгейіндегі осындай жарыстың өтуі көпшілікке қуаныш, бойға азық береді деп сенемін – дей келе, Асқар Абылайұлы кешті ұйымдастырушылардың қатарында болып, қазақ руханиятын түгендеп жүрген Жүрсін Ерманға рахметін жеткізіп, иығына шапан жапты.

– Жыршы-термешілердің республикалық конкурсы биыл бесінші рет өткізіліп отыр. Терме – қазаққа берілген сый. Айтысты түркі халықтарында да бар өнер деп есептейміз. Ал, терме біздің ұлтымыздан басқа ешкімде жоқ өнер. Терме – дәрі. Тыңдаған адамның жаны тыныш табады. Онда бес күннің баянсыз екені айтылады. Сондықтан, баянсыз өмірде иман сақта, дұрыс жүр, бабаңның сөзін тыңда, дәстүрін сақта деп уағыздайды. Жақсы мен жамандықтың, әділет пен жауыздықтың арақатынасын ашып беретін текті сөздер, – деген Жүрсін Ерман Шынболат жырау туралы кеңірек толғады.

– Біздің бала мұртымыз енді тебіндеп келе жатқан кезде Шынболат Ділдебаев Ұлытау мен Жезқазғанның арасында өнер көрсетіп жүргеніне қызыға қарайтынбыз. Кейінде, 1984 жылы Республикалық ақындар айтысын бастағанымда жер-жерді аралап, ақын іздедім. Әрине, өз еліңнен ақын шықса екен дейсің. Кешегі Болман, Тайжандардан соң «сол үрдісті жалғар кім бар екен» деп қапаланып жүргенде осы Шәкеңдер ортаға шығып, көшті бастап кетті. Қазақтың беткеұстар ақынына айналды. «Шындық» толғауы ауызға қақпақ қойылған кезде айтылған азаматтық ерліктің белгісі еді. Айтыс ақындарының Шәкеңнің мақамына салып дүрілдетуінің өзі өнердің құдіреттілігі, – деді қазылар алқасының төрағасы Жүрсін Ерман.
«Текті сөздің төресі – терме» республикалық байқауына еліміздің 14 облысынан және Астана, Алматы қалаларынан барлығы 16 жыр дүлділі қатысты. Жүйріктерді елімізге белгілі өнер майталмандары бағалады. Қонысбай Әбіл, Амандық Көмеков, Эльмира Жаңабергенова, Мұқаш Қожахметов сынды киелі өнеріміздің көшінде жүрген жыршы-жыраулар қазылық еткен байқау шартына сәйкес, әрбір қатысушы екі термеден орындауы тиіс болды. Бірі «Ел бірлігі», «Алашорданың 100 жылдығы» тақырыптарында жарияланбаған жаңа шығармаларды жеткізу болса, екіншісі Шынболат Ділдебаевтің термесін өңірлік мектебіне сай мақамына салып орындауы негізге алынды.

Көмейіне бұлбұл ұялаған өнерпаздар кезегімен термелете жөнелді. Сөздің мағынасы, әсерлігі, ырғағы ширақ келуі қандай болса, әуеннің және аспаптық сүйемелі де сәйкесінше болуын бағамдаған алқа мүшелері әрбір орындаудан соң тиесілі бағасын көрсетіп отырды. Байқауда домбырадан бөлек, қобыз, баян сынды аспаптармен үйлесім тапқан қазіргі заманғы ақындардың термелері де орындалды.

Шынболат Ділдебаевтың жыр қоржынында күнделікті қым-қуыт тірліктің кетеуі көп тұстарын арып-ашып айтқан термеге бергісіз туындылары жыраулық мектептердің мақамына еніп, өзгеше мәнерде орындалды. Қатысушылар «Ұят болды-ау», «Ашыну», «Оңашада» және автордың бұдан өзге шығармаларын жырға қосты. Ана тілдің тағдырын айтып, тыңдарманның көңілдегісін дөп басты.

Байқау қорытындысы бойынша бас жүлде мен 1 миллион теңгелік ақшалай сертификат атыраулық Гүлдана Тайыроваға бұйырды. Бірінші орынды Ш.Ділдебаевтің «Шыңырауда шыңдалумен келемін» термесін нақышына келтіре орындаған ақмолалық Айнұр Қонысбаева иеленді. Жүлделі екінші орынға Сыр мектебінің түлегі Марат Сүгірбай лайық деп танылса, үшінші орын керекулік Талғат Бланкинге табысталды. Көрерменнің ыстық ықыласына ие болған маңғыстаулық Темірбек Асқамбаевқа Ш.Ділдебаевтың туған-туыстары мен ұрпақтары атынан арнайы жүлде тапсырылды. Ал, жерлесіміз, ақынның мұраларын жатқа айтып жүрген, дүйім жұрттың алдында «Төртіншімін» төгілткен Рысбек Тақашевке 100 мың теңгелік ақшалай сыйақы берілді. Белсене қатысушыларға ұйымдастырушылар тарапынан Алғыс хаттар ұсынылды.

Кешегі қара қылды қақ жарған, ғасырлар шеруінде рухымызды сақтап, қарағай басын шортан шалған бұлғақтардан аман алып жеткен бабалар өсиеті өз өміршеңдігін осылайша көрсетті. Келген көрермендер өзінің азаматын биікке көтерді, шапқын жырлары мен толқынды термелеріне ұйыды. Ұлттық өнердің уызына қанды.

Нұрлат ҚОНЫСБАЙ,
Суретті түсірген автор.


Вернуться назад