Жаңалықтар

06.12.2017
Кең болсаң, кем болмайсың!

імге мұқтаж мүгедек балалар қолдауға ие болды. Сенбілік кеште Кеншілер сарайында «Шын жүректен» атты қайырымдылық концерті ұйымдастырылды. Одан түскен қаражат 7 бірдей аз қамтылған отбасыға үлестірілмек. Жеке кәсіпкердің бастамасымен өткізілген кеште қаламыздың өнерпаздары өнер көрсетіп, жанашырлық танытты.

Қайырымдылық кешке келгендер саны залды лық толтырмаса да, қамқорлыққа мұқтаж жандарға кең пейілділік танытып келгендері айқын болды. Арнайы қойылған қораптарға ақша салып, қаржылай көмек көрсетуге тырысты.

Өз кезегінде аялы алақанынан жылу көрсеткенді мақұл көрген өнерпаздар легі кезекпен өнер көрсетіп, келген көрерменнің де көңілін көтере білді. Жұрт әуезді әнге елтіді, «Аэлита», «Нұршашу», «Кербез» би топтарының сан қырлы билеріне куә болды. Мейірімі бар мәрт жандарға ақындар арнау өлеңдерін оқыды.

Игілікті істің өрбуіне жеке кәсіпкер Мөлдір Шарафединова ұйытқы болды. Кәсіп иесі қамқорлық пен қолдауға мұқтаж жандарға әр уақытта көңіл бөлініп отыру керек дейді.
– Адам бойындағы ізгі қасиеттердің бірі – қамқорлық көрсету. Қолыңнан келіп жатса неге көмек көрсетпеске?! «Кең болсаң, кем болмайсың» деген сөзді өзіме ұстаным етіп алғанмын. Біз негізі мүгедек балалары бар отбасылармен тығыз байланыста болуға тырысамыз. Олардың жағдайын біліп тұру керек. Кештен түскен қаражатқа азық-түлік, дәрі-дәрмек алып береміз, – дейді Мөлдір Қайратқызы.

Қайырымдылық кештен соң барлық қатысушыларға ұйымдастырушылар атынан алғыс білдірілді. Кәсіпкер өз тарапынан бұл шараның жалғасын табатынына сенім білдірді.

Нұрлат Қонысбай,
Суретті түсірген автор.


Вернуться назад