Жаңалықтар

07.12.2017
Көздерінде от ойнар, сөздерінде жалын бар…

Таяуда кеншілер шаһарының үздік жастары анықталды. Жыл сайынғы Сәтбаев қаласы әкімінің дарынды жастарға арналған дәстүрлі «Мақсат» сыйлығы табысталды. Мерекелік іс-шара ҚР Тұңғыш Президенті күніне орайластырылды.

Жастар – қоғамның қозғаушы күші. Оларға артылған міндет қашан да зор. Үкілеген үмітті ақтау үшін олар да аянып қалмақ емес. Кеншілер сарайына жиналған жастардың айқын мақсаты, аласармаған армандары бар. Ол – еліне қалтқысыз қызмет ету. Ертеңіне сенген Елбасының ерен азаматтары бүгінінен ерек танылып жүрген жайы бар. Ұшқыр ойларымен, жан-жақты білімдерімен, өнерлерімен ерекшеленіп, қала даңқын елімізге, тіпті шет елдерге асқақтатуда. Биыл 9-ыншы рет тағайындалып отырған «Мақсат» сыйлығы да осы бұлқынған жастарға арналды.

Салтанатты шара барысында қала әкімінің орынбасары Айгүл Төлендина сөз сөйледі.
– Елбасымыз әр сөзінде жастарға басым бағыт берілетінін айтып жүр. Тың идеялармен қатар жаңа бастамаларды әрдайым жастардан күтеміз. Бастағы білімдеріңізді, бойдағы күш-қуаттарыңызды пайдалана отырып, мемлекетіміздің өсіп-өнуіне, елімізді мәңгілікке алып баратын күш сіздерсіздер, – дей келе, Айгүл Қосманқызы жастардың жігерін жани түсу үшін ақын Мағжан Жұмабаевтың «Мен жастарға сенемін» өлеңінен үзінді де оқыды.

Ресми құттықтаудан соң 10 номинация бойынша жүлдегерлер анықталды. Өтінім бергендер жайлы бейнероликтер көрсетілді. Жастарды марапаттау құрметі қаламызға белгілі азаматтарға берілді. «Үздік жас маман» болып «Ақындар» үйірмесінің жетекшісі Ардақ Тойлыбаева танылса, Кеншілер сарайының ұйымдастырушысы Сабыржан Кеделовке «Жас талант» номинациясы бұйырды. Жылу станциясының жас машинист маманы Александра Боярчук «Үздік жас жұмысшы» ретінде марапатталса, «Үздік волонтерға» «Сәтбаев жастары» еріктілер желісінің мүшесі Арафат Мажитов лайық деп танылды. Қаламыздағы мерекелік іс-шаралардың қатысушысы және ұйымдастырушысы, №1 мектеп-гимназиясының 10 сынып оқушысы Камила Бауыржан «Жыл белсендісі», халықаралық спорт турнирлерінде ел намысын қорғап жүрген Нұрболат Рахымберлі «Үздік спортшы» ретінде марапат төрінен көрінді. «Жылдың өнерлі өренін» Абай атындағы №4 лицей-мектебінің оқушысы Нариза Ибрагимова жеңіп алды. «Қазақмыс» корпорациясының Технологиялық колледжі студенті Темірлан Әбішев «Кәсіби білім үздігі» номинациясын иеленді. Лауреаттарға арнайы диплом, кубок және ақшалай 10 000 теңге сыйақы табысталды. Бұдан бөлек, кәсіби саланың дамуына серпін берген жас белсенділерге арналған 100 мың теңгелік грант иегерлері марапатталды. «Үздік қоғамдық бірлестік» аталымы бойынша «Аяулым» ҚБ лайық деп танылды (жетекшісі – Қаламқас Әбдуәлиева). Инновациялық тың ойларға, жаңашыл көзқарасқа ие жастар арасында ұсынылған «Үздік жас инноваторға» Аслан Мейрам ие болса, «Үздік бизнес-идея» аталымына лайық деп «Smile» балаларды дамыту-түзету орталығының директоры Қымбат Балғазина танылды.
Марапаттау шарасынан соң жастар «Атамекенім» әнін қосыла шырқап, салтанатты мерекенің шымылдығы жабылды. Бала шағынан болашағына зор сеніммен қараған әр жастың бұл жетістігі өскелең ұрпаққа жігер беретіні сөзсіз. Ал, өз кезегінде құрметке бөленген әрбірі «Мақсат» сыйлығы арқылы бір мақсатына жеткендей болды.

Нұрлат ҚОНЫСБАЙ,
Суретті түсірген автор.


Вернуться назад