Жаңалықтар

12.01.2018
Ит жылы игі істерге толы болсын

«Итің жаман» десе намыстанатын, «тепсең ырысың кетеді» деп киесіне сенетін Ит жылы келді. Халқымыз итті жеті қазынаның біріне балап, адалдық символы ретінде қабылдайды. Жануарлардың арасында ит секілді иесіне адал, сенімді дос жоқ екендігін растайтын аңыз-әңгімелер өте көп.

Жер бетінде тіршілік етіп жатқан жануарлардың арасында адамзатқа ең жақыны әрі қолға үйреткен ең алғашқысы – ит. Аңызға сенсек, Адам ата мен Хауа ана өмір сүргенде топан су басқанда адамзатқа ерген де осы жануар. Бір уыс масақты судан тістеп алып шығып, келер көктемде Адам ата мен Хауа ана жерге егіп, тіршіліктерін жалғастырыпты. Міне, содан осы ақылды жануар адамның айнымас досына айналған.

Ал көшпенді өмір сүрген қазақ халқында төрт аяқты ит тұқымы айбатты, иесіне адал айнымас серігі ғана емес, бүкіл мал-жанының қорғаны және бір ауылдың асыраушысы саналған. Мәселен, Марко Поло ХІІІ ғасырдағы қазақтар туралы жазбаларында ойға сыймайтын алып денелі, ерекше күшті иттерді көріп: «Тайыншадай биік денелі иттер – тағы аңдарды аулауда, күзетте және ауыр жұмыстарда тамаша серік» деген.
Ит – жеті қазынаның бірі деп текке айтылмаған. Құмай тазы, төбет секілді түрлері иттің сырттаны атанған.

Жануардың бұл тұқымдарын сақтап қалуға тырысып жатқан жандар санаулы ғана. Иә, ит жылынан жақсы үміт күтетін халықтың ұрпағымыз. Өйткені, халқымызда ит жайында жақсы ұғымдар, наным-сенімдер көп. Сырттан келгендер «Жақсы ит – иесінің жақсы мінез-құлқы» не болмаса «Итің арық болса – ауылдың намысы» дей отырып, егесінің жақсы-жаман қасиеттерін байқауға тырысқан. Төрт аяқты жануарды үйдің ырысы деп зәбір көрсетуге ешқашан жол бермеген. «Мысықта үйге қонақ келмесе, бар назар менде болса деген мысықтілеулес ой болса, ит жануары – шаңыраққа қонақ келсе, отбасында бала көп болса – тамағым тоқ болады деген тілеумен жүреді» деген аңыз әңгімелер де бар. Бұдан бөлек, «ит басына іркіт төгілген заман» деген тіркес қалыптасқан. Бұл жылдарда елде молшылық болған екен.

Жаңа жылда елімізге ырыс-ынтымақ, бақ-береке келсін!


Вернуться назад