Жаңалықтар

12.02.2018
Міндет – ортақ, мақсат – бір

Өткен жұмада Сәтбаев қаласындағы Достық үйінде Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты халыққа Жолдауын талқылау мақсатында жиын өткізіліп, оған қоғамдық келісім кеңесінің мүшелері, қоғамдық бірлестіктер мен этно-мәдени орталықтардың өкілдері және жастар қатысты.

Жиынның ұйымдастырылуына Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, Жезқазған қаласының қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Бекзат Алтынбеков, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, Қарағанды облысы бойынша Аналар кеңесінің төрайымы Зинаида Чумакова және Қарағанды облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ маман-өкілі Ұлан Тоқтарқұл ұйытқы болды.

Отырысты ашып, жүргізген қалалық ақпараттық -кеңес тобының төрағасы Амангелді Құрақбай алдымен Жолдауға қысқаша тоқталып, одан әрі сөз кезегін келген қонақтарға берді.

– Биылғы Жолдауда әрбір қазақстандықтың атқаратын қызметтерін айқындайтын 10 нақты тапсырма берілді. Қазір мемлекетке ауыз ашып қарап отыратын заман емес, кез келген адамға еңбек етіп, ақша табуға көп жағдай жасалған. Әсіресе, жастарға арнайы бизнес мектептер, «Даму» қоры, басқа да мүмкіндіктер берілген. Жолдауда көтерілген тапсырмалардың бірі – адами капитал. Бүгін білімді, көзі ашық, көкірегі ояу азамат қоғамдағы көптеген мәселелерді шеше алады. Адам өзіне қажетті дүниеге ақшасыз, тек біліммен қол жеткізе алатын уақыт келді. Бүгінгі таңда Жапонияның, Оңтүстік Кореяның, Батыстың, Американың ең озық үлгідегі әдістерін пайдалану арқылы қазақстандық білім берудің жаңа жүйесі жасалуда. Білім саласында жүріп жатқан түрлі реформалардың мақсаты – осы қазақстандық жаңа жүйені қалыптастыру.

Жолдауда айтылған тағы бір тапсырма – жемқорлыққа қарсы күрес. Халыққа қызмет көрсету орталықтарының көмегімен біздің өзімізге қажетті мәліметтерді ешқандай делдалсыз алуға мүмкіндігіміз бар. Бүгінде олардың қызмет көрсету ауқымы күн сайын артып келеді. Бұл бір жағынан өзімізді жетілдіріп, күнделікті сұраныстарымызды қанағаттандыратын болса, екінші жағынан қоғамның дамуына үлкен серпіліс беретіні сөзсіз. Қазақстан халқы Ассамблеясының қазақстандықтардың алға қойған негізгі мақсаттарын іске асыруда атқарып жатқан жұмысы зор. Кейде үй ішіндегі кемшіліктерді, отбасымыздағы келеңсіздіктерді үкіметтің мәселесіне айналдырамыз. Оның себебі – ұрпақ тәрбиесімен айналыспау. Мемлекеттік ұйымдар азаматтарды қабылдау, олардың мұң-мұқтажын тыңдау мәселесінен алшақтап кеткен. Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы қоғамдық келісім кеңестері осы мәселелерді ашық алаңда сұқбаттасу, ой-пікірлерін білу арқылы қоғамдағы кетіп жатқан кемшіліктерді түзетуге қозғау салады. Яғни мемлекеттің бағдарламаларын іске асыруға ықпал етеді. Сондықтан да барлығымыз бір мақсатта жұмыс жасауымыз керек. Конституция негізінде дүниеге келген Заңнамаларды басшылыққа ала отырып, осы жұмыстарды жүргізуге тиіспіз, – деді Бекзат Алтынбеков. Сондай-ақ, ол мемлекеттік тіл мәселесі, ұлттық құндылықтар жайында да кеңінен әңгімеледі.

Келесі кезекте Жолдау жайындағы өз ой-пікірімен және Қазақстан халқы Ассамблеясының алдағы жоспарымен жиынның құрметті қонағы Зинаида Чумакова бөлісті. Өз тарапынан Сәтбаев қаласының қоғамдық келісім кеңесінің төрайымы Юрате Малая келген қонақтарға алғысын білдіріп, болашақта тәжірибе алмасып, бірлесіп жұмыс істейтіндерін айтты.

Марал Шахаева.
Суретті түсірген автор.


Вернуться назад