Жаңалықтар

13.02.2018
Әкелер лигасы – 2018

Өткен аптада Абай атындағы №4 мектеп-лицейде «Әкеммен өткен әрбір күн көңілді» атты спорттық-бұқаралық іс-шара ұйымдастырылды. Білім ордасы оқушылары мен 80-ге тарта ата-ана қатыстырылған байқау ұлттық құндылыққа тәрбиелеуге бағытталған.

Өскелең ұрпақтың шығармашылық қабілетін арттыру мақсатында аталған мектепте алдымен «Әкелер лигасы – 2018» спорттық шараның ашылуы өткізілді. Онда әкелер тобы флеш-моб билеп, жиналғандарды бір серпілтіп тастады. Жиын барысында сөз алған мектеп директоры отбасындағы әкенің алар орнын, оның балаға берер тәрбиесі жөнінде әңгімеледі.

– Әкелер қауымын бүгінгі шарада көргенімізге өте қуаныштымыз. Әрбір бала үшін әкенің орны ерекше маңызға ие. Оның аялы алақаны бүлдіршінге мейірім мен жылулық сыйлайды. Бүгінгі шара да осы мақсатқа орай өткізіліп отыр. Яғни, әке мен бала арасындағы қарым-қатынасты нығайта түсу, отбасындағы рөлін айқын сезіндіруді негізге алып отырмыз. Барлық қатысушыларға сәттілік, – деді Гүлмира Жаппасова.

Әкелер футбол, баскетбол, гір көтеру, армрестлинг, арқан тарту, шахмат турнирлерінен бөлек, қысқы көңілді старт ойындарына қатысты. Яғни, ата-аналар өз қалауымен кез келген спорт түрінде бақ сынасуға мүмкіндік алды. Сонымен қатар, әке мен балалардың қатысуымен пікір алмасуға дөңгелек үстел де ұйымдастырылды.

Байқауға қатысуға құлық танытқан әкелердің бірі Абдул Велиев болды. Аталған мектепті тәмамдап, балаларының сол білім ордасында тәлім алуын қалаған ол спорттық шаралардың бірсыпырасына атсалысуды жөн көрді. Оның сөзінше, бұл шара салауатты өмір салтын насихаттауға арналған.

– Біз мұнда денемізді шынықтырып қана қоймай, балаларымызға үлгі бола аламыз. Спорт – ол біздің денсаулығымыз. Сондықтан, мұндай бұқаралық шараларға қатыспау ата-аналар қауымына сын болады деп ойлаймын. Атсалысып жатқаныма өте ризамын. Мектеп ұжымына алғысым шексіз, – дейді Абдул Игитович.

Оқ бойы озық шыққан үздік әкелер спорттық шаралардан соң Алғыс хаттармен марапатталды. Осылайша, әкелер лигасының үздік қатысушылары анықталып, балалардың көңілін көтерді.

Нұрлат ҚОНЫСБАЙ.
Суреттерді түсірген автор.


Вернуться назад