Жаңалықтар

11.04.2018
Шағын мұнай өңдеу зауыты салынады

Қарағанды облысының Атасу кентінде шағын мұнай өңдеу зауытын, сондай-ақ жанар-жағармай станциялары желісін салу жобасы ұсынылды. Оның жалпы қуаттылығы 300 млрд теңгеден асады. Аталмыш жобаны қаржыландыруға сингапурлық инвесторлар дайын екендерін жеткізді, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз орталығы.

Ауқымды жобаны жүзеге асырудың қыр-сыры Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошановтың басшылығымен өткен жиналыс барысында талқыланды. Сонан соң «Абылайхан» компания тобы мен R Way Solution PTE Ltd сингапурлық серіктестер келісімшартқа қол қойды.
– Атасу кентінде жылына 1 млн тонна мұнай өңдей алатын шағын тоннажды МӨЗ салынатын болады. Соныман қатар, «Юрта» жанар-жағармай құю станциялар желісі мен жол маңайындағы қызмет көрсету нысандарын салу жоспары бар, – деп мәлімдеді баспасөз мәжілісі кезінде «Абылайхан» компания тобының басқарма басшысы Әмір Ысмағұлов.
Оның айтуынша, жоба үш жылда – 2018-ден 2021-ші жылға дейін – жүзеге асырылады. Сондай-ақ, компания Қазақстан бойынша әлемдік стандарттарға сай, «жасыл технологиялар» қолданылған 260 жанармай станцияларын салуды көздеп отыр. Олардың 26-ы Қарағанды облысында орналасады. Жоба бастамашылары ол жанармай құю станцияларында барлық отын түрлері құйылып, оның ішінде электр автокөліктеріне де қызмет көрсетілетінін жеткізді.
– Атасу МӨЗ-ның дайын өнімдерінің барлық желісі Еуро-5 стандарттарының талаптарына сай болады. Онымен қоса, компания Атасуда МӨЗ жұмыскерлеріне арналған тұрғын қалашығы мен әлеуметтік нысандар – балабақша мен емхана салуды жоспарлап отыр, – дейді Әмір Ысмағұлов .
Баспасөз мәжілісінде сингапурлық инвестор Рагунандан Баласубраманиан болды. Ол Қазақстанда инвесторларға жақсы жағдай жасалғанын атап айтты. Есеп бойынша зауытты салуға 3000-ға жуық құрылыс мамандары қажет болады екен. Ал, жобаны іске асыру арқылы 800-ден астам жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік туады.


Вернуться назад