Жаңалықтар

13.04.2018
«Қарашаңырақ Қарсақбайдың ұлымын!»

Қазақтың төл өнері кенді өлкеде тағы бір мәрте төгілді. Бұл жолы Сәтбаев жұртшылығы аймағымызға танымал термеші Мұханбет Қожахметовтің ғибратқа толы мәйекті сөзіне мән берді. Халқы еркелетіп Мұқаш жырау атап кеткен жыршының сазбен әспеттеген сөз маржанына құлақ түрді. Шынболат Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайындағы шығармашылық ән кешінде мұнымен қоса жаңа үнтаспаның таныстырылым салтанаты болып өтті.

Тағы бір мәрте деуімізге де негіз бар. Өйткені, бұған дейін осы сахна төрінде «Текті сөздің төресі – терме» атты республикалық жыршы-термешілердің байқауы өткізіліп, талай өнер өренінің танылуына себепкер болды. Бұл, әрине, қаламыздағы жыршылық өнерді жаңа сатыға көтеруге серпін бергені даусыз. Төл өнерін төрге оздыруды мақсат тұтқан байқаудың әділ қорытындысын шығаруға атсалысқан қазылар алқасы арнайы іріктеліп алынатыны мәлім. Сол құрметті қатарда Мұханбет Қожахметовтің болуы заңды еді.

Мұханбет Қожахметов сан жылдар бойы өзіндік айрықша даусымен, орындаушылық шеберлігімен, мақам-сазымен көпшіліктің жүрегінен орын алған өнер азаматы ретінде танымал. Сонымен қатар, талай тойдың төрінен табылған айтулы асабалардың көш басында. Жыраудың алғашқы шығармашылық кеші ұлттық құндылықтарға жол ашқан «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылып, кеншілер қаласының 45 жылдығына арналды. Термешілік, жыршылық өнердің жандануына қолдау көрсетіп, соның тамырын дөп баса білген қала әкімі Асқар Ыдырысов жыршыға шығармашылық табыс тіледі. Ұлытау ауданының әкімі Әнуар Омар да арнайы келіп, иығына ақ шапан жапты.

– Бүгінгі ән кеші қалың оқырманның игілігіне айналатын, рухани дамуына қосқан өзіндік үлесіңіз деп ойлаймын. Жылдар бойы қажымай, өнер-білімге ізденуге, таудай талаппен ұмтылғаныңыз, ел ішіндегі өнерпаздарды танытуға деген ықылас-пейіліңіз, сіздің азаматтық тұлғаңызды танытатын қасиет. Өнерпаз адамдарды, дәл Мұханбет ағамыздай тұлғаларымызды құрметтеу біздің парызымыз деп білеміз, – деп, тарту-таралғысын жасады.

Айта кету керек, жыраудың 16 терме, толғау жазылған жаңа үнтаспасының жарық көруіне қала басшысы тікелей мұрындық болды. Кешті жүргізіп отырған белгілі журналист Абдолла Дастанов бұл орайда «Шындық» қоғамдық бірлестігінің тарапынан жасалған ұсыныстың қолдау тапқанына ризашылығын білдіріп, кезекті кеш иесіне берді. Жырбастау ретінде Мұқаш жырау «Қарашаңырақ Қарсақбайдың ұлымын» деп аталатын жырын орындады.

Бұдан бөлек өнер иесі «Елдігіңді елім таныттың», Ш.Ділдебаевтың «Сыр еліне барғанда», «Шариғат» «Ұлытаудан Шыңғыстауға сәлем» толғауларын, Жүрсін Ерманның сөзіне жазылған «Жезкеме» термесін тебіреніспен айтып шықты. Мұнымен қоса, «Бақытсыз Жамал», «Қыз Жібек» дастандарынан үзінді орындады.

Мұханбет Бекмағанбетұлы кешегі күндері Шынболат Ділдебаевқа шәкірт болса, енді оның өзі де көп жастың өнердегі ұстазы болып жүр. Солардың бірі Рысбек Тақашев ұстазының көп орындайтын термелерінің бірі Мақтымқұлының «Күндерім» термесін орындап, көпшіліктің қошеметіне бөленді. Кеш Шынболат ақынның «Тәуелсіздік» толғауымен аяқталды.

Нұрлат ҚОНЫСБАЙ.
Суретті түсірген автор.


Вернуться назад