Жаңалықтар

16.04.2018
«ГАЗЕТ ХАЛЫҚТЫҢ ЕҢ СЕНІМДІ РУХАНИ СЕРІГІНЕ АЙНАЛУЫ ТИІС»

 

Бүгін бұрынғы Жезқазған облыстық «Жезқазған туы» газетінің алғашқы нөмірі жарық көргеніне тура 45 жыл толып отыр. Атаулы күн қарсаңында облыстық газеттің заңды мұрагері аймақтық «Сарыарқа» газетінің бас редакторы Дархан МҰҚАНОВПЕН сұхбат құрған едік.

– Аймақтағы айтулы басылымның мерейтойы құтты болсын! Әңгімені тарихы терең, тағылымы мол басылымның қалыптасуы жолында тер төккен аға буын журналистерден бастап, өткенге көз жүгіртсек.

– Рахмет! Иә, 45 жыл деген аз уақыт емес. Осы жылдар ішінде аймақ журналистикасында бірнеше буын ауысса, соның дені осы «Сарыарқаның», кешегі «Жезқазған туының» шекпенінен шықты. Олардың алды бүгінде республикаға танымал қаламгерлер. Ақын Ғалым Жайлыбай, кейін Жамбыл облыстық «Ақжол» газетін басқарған Мақұлбек Рысдәулет, атақты баспагер Бейсенбай Сүлейменов сынды азаматтар алғашқы еңбек жолын «Жезқазған туы» газетінде бастағанын мақтанышпен айтамыз. Бүгінде әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде факультет деканы болып отырған филология ғылымдарының докторы, профессор Өмірхан Әбдіманұлы да біздің газетте қызмет етіп кеткен журналист. «Жезқазған туының» уығын шаншып, алғашқы нөмірлерін шығарған Сайлаубек Қожамсейітов, Сайлаухан Нәкенов, Шәкизада Дәрмаханбетов, Итен Қарымсақов, Ізбасар Қабдырахманов, Болат Бабақов, Апбаз Қаражігітов, Қасым Орынбетов, Ескен Хасенов, Балтабек Әбеу есімдері газет тарихында ғана емес, қала, аймақ шежіресінде алтын әріппен жазылып қала бермек. Журналист, редакторлардан бөлек, «көрінбейтін майдан жауынгерлері» терімші, корректор сияқты қызметтер атқарған Гүлнар Күлмағанбетова, Сарқыт Шәріпова, Базар Жолдыбаева, Бақыт Еркебұланова апаларымыздың еңбегін аға буын әріптестеріміз әлі күнге ауыздарынан тастамай айтып жүр. Былайғы жұртқа білінбеуі мүмкін, бірақ, газет жұмысы, оның әр нөмірінің жарыққа шығуы – бейнеті көп күрделі процесс. Бүгінгідей компьютер техникасы, баспа құралдары дамымаған сонау 70-жылдары ол тіпті қиын жұмыс еді.

Қырық бес жыл ішінде «Жезқазған туы» журналистердің бірнеше буынын тәрбиелеп шығарғанын айттық. Әр жылдары редактор болған Ұзақбай Төлеуов, Сабыр Сауытбаев, Әубәкір Ахметбеков, Амандық Рахұлы, Төлеш Асановтың алдынан қаншама журналистер, басқа да қызметкерлер өтті. Марқұм Сапабек Мырзатовтың есімін ағаларымыз ерекше тебіреніспен еске алады. «Сарыарқада» ұзақ жыл қызмет еткен марқұм Қуаныш Сихымбаевты көз көргендер ұмыта қойған жоқ. Ардагерлеріміз Көбейсін Еңсебаев, Батырбек Мырзабеков, Ибрагим Бекмаханұлы ағаларымыз қолынан қаламын тастай қойған жоқ. Тұрақты авторларымыз. Өзім ерекше құрметтейтін, қарамағында тілші болып тәлімін алған, тәрбиесін көрген ақын, журналист Сара Смағұлдың «Сарыарқаның» арғы-бергі тарихындағы еңбегі зор. Осы газетте жүріп шыңдалған Әлібек Әбдіраш, Әнуар Омар, Аманғали Әбуов, Абдолла Дастанов, Базарбай Әлеуханұлы, Ахат Құрмансейітұлы, Ерсін Мұсабековті танымайтын қазақ жоқ бұл төңіректе. Сәтбаев қалалық «Шарайна» газетінің редакторы Ізтай Белгібайұлы да «Сарыарқаға» бөтен емес. Газет те осы жылдар ішінде заманның талабы, уақыттың ағымына қарай түрлі өзгерістерді бастан кешті. Ол өзгерістер тек газетте ғана емес, өңіріміздің қоғамдық-саяси, экономикалық-әлеуметтік өміріндегі түрлі оқиғалардан туындады. Облыстың тарауы, облыстық газеттің қалалық басылымға айналуы, түрлі қаржылық, басқа да қиындықтарды бастан кешуі бәрі-бәрі тарих. Оны ұмытпауымыз керек.

Жыл басынан бері газетімізде «Сарыарқа – 45» айдарын ашып, нөмір сайын газет тарихы, аға қаламгерлер мен редакция ардагерлері туралы материалдар жариялап келеміз. Ондағы мақсат – осы қарашаңырақ басылымның іргетасын қалаған, қуатты ақпарат құралы ретінде қалыптасуына негіз салған аға буынның еңбегіне құрмет көрсету, бүгінде бақилық болып кеткен ардагерлердің рухына тағзым ету, оларды кейінгі буынға таныту, үлгі ету. Осы жылдар ішінде тек газет қызметкерлері ғана емес, оқырмандардың да бірнеше буыны ауысты. Ол оқырмандар да газет тарихынан, ондағы күрделі шығармашылық процестен хабардар болуы тиіс. Басылымның мерейтойын осы мақсатпен ұштастырып, танымдық, тағылымдық шараларға басымдық беру ойымыз бар.

– «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» дейміз. «Сарыарқа» халықтың сөзін сөйлеп, мұң-мұқтажын айтатын ақпарат құралы болып қана қоймай, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, ана тіліміздің абыройын қорғады, аймақтағы жылт еткен жағымды жаңалықты сүйіншілеп, өңір тарихын тасқа басты. Бүгінгі қоғамдық ахуалға, нарықтық жүйеге байланысты газеттің атқаратын қызметі де еселене түскен шығар.

– Иә, сөз басында «осы жылдар ішінде газет түрлі өзгерістерді бастан кешті» деуіміз де содан. Экономикалық формация, саяси жүйедегі өзгерістер ақпарат құралдарын да айналып өтпейді. Басқа салалардағыдай газет-журналдар, телерадио құралдары да нарыққа бейімделе бастады. Ол бейімделу жолы да оңай болған жоқ. Оның бәрін тәптіштеп айтсақ, таңды-таңға ұрып, сұхбат құруға болады. Қысқа қайырар болсақ, қандай қиындық көрмесін, ауыртпалық кешпесін алдымыздағы аға буын газетті сақтап қалды. Мәртебелі оқырман алдындағы міндетін абыроймен атқарды. Ендігі міндет – газетті заман талабына сай бейімдеп, нарықтық қатынастарда есесін жібермейтіндей жағдайға жеткізу. Бізде газет, газет қана емес, барлық ақпарат құралдары идеологиялық орган болды ғой кезінде. Мемлекет бұл саланың барлық мәселесін өзі шешіп берді. Қаражат, таралым, пошта қызметі, кадр жұмысы болсын, барлығын партия, басқару органдары реттеп отырды. Редакция негізінен тек шығармашылықпен айналысты. Бүгінгі ахуал, әрине, басқаша. Және бұл жаңа ахуалдың қалыптасқанына да біршама уақыт болды.Тек біздің «Сарыарқа» ғана емес, өңірдегі басқа барлық басылымдар жаңа талаптарға барынша бейімделіп жұмыс істеп жатыр деп айтуға болады.

– Әңгіме ақыры нарықтық қатынастарға қарай ауды ғой. Нарық десе ойымызға ең алдымен қаржы жағы оралады. Жақында редакция өз қажеттілігіне пайдаланатын көлік алды деп естідік. Соған қарағанда материалдық жағдайларыңыз жаман емес сияқты.

– Көлік алғанымызға да біраз болды. Нақтырақ айтсақ былтыр желтоқсан айында Қарағандыдағы автосалондардың бірінен сатып алдық. Редакциямыздың меншікті көлігі болмағанына да он бес жылға жуық уақыт өтіпті. Ал, материалдық жағдайға келер болсақ, ертеректе бір ағамыз қарашаңыраққа келіп «Мәдениеттерің жақсы, тұрмыстарың мәз емес екен» депті деген бір сөз бар еді. Сол айтқандай, жалпы ақпарат құралдарының, әсіресе қазақ басылымдарының қаржылық жағдайы белгілі жәйт. Бірақ, жылап-сықтап, түңіле беруге болмайды. Әр нәрсеге үмітпен қарап, нарықтың жықпыл-жықпылын тани беру керек сияқты. Жалпы алғанда қазіргі жағдайымыз жаман емес. Былтырдан бері мемлекеттік-ақпараттық тапсырыстың көлемі ұлғайды. Соған сай редакцияға жаңа компьютерлер, басқа да қажетті техникалар алынды. Материалдық-техникалық базаны қаржылық мүмкіндігімізге қарай бұдан әрі де жаңалау ойымыз бар. Ашығын айту керек, қаржы мәселесінде жергілікті биліктің қолдауын сезініп отырмыз. Сол қолдауды ақтап, газетті көтеру бағытында жұмыс істеу керек. Оқырманмен байланыс қазір көп жерде үзіліп қалған. Соны қалпына келтіру, интернет пен әлеуметтік желі дамыған мына заманда газет бәсекеге қабілетті болуы үшін ғаламторда жоқ, болса да оңайлықпен табылмайтын дүниелерге қалам тербеп, танымдық материалдарды көбейту қажет, аймақ тарихын, тарихи тұлғалар мен осында өткен тарихи оқиғаларды, өндіріс ошақтарының жұмысы мен ондағы озаттарды насихаттауымыз керек. Сонда газет өміршең болады. «ойбай интернет бар, газет құриды» дейтіндердің «жорамалы» жоққа шығады. Желідегі желдей ескен өсек-аяң, астыртын ақпараттық соғыстарды көріп отырып, «Ақпарат ғасыры» атанған ХХІ ғасырда газет кез келген адамның ең сенімді рухани серігіне айналуы тиіс деген ойға келесіз. Құрылымдық, ұйымдық тұрғыдан да ойластыратын бірқатар мәселелер бар. Соларды бір жақты етуіміз керек.

Осы жерде реті кеп тұрған сияқты, жақында газетіміздің сайты ашылғанын да айта кетейін. ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің тапсырысымен әзірленген WebPress жобасына қосылып, сайтты болып жатырмыз. «Қазконтент» АҚ дайындаған WebPress платформасындағы республика бойынша 50 шақты аймақтық газеттер қатарында «Сарыарқаның» да өз сайты бар. Қазір соны игеріп, архив материалдарын жинақтап, топтастырумен айналысып жатырмыз.

– Арқада жатып шартарапқа хабар таратуға мүмкіндік беретін сайттарыңыз құтты болсын! Енді маман мәселесіне келсек. Экономикалық қиындықтарға шыдас бермей, басқа салаға ауысып кеткен әріптестеріміз жетерлік. Аймақта журналист мамандардың жетіспеушілігі әлі де сезіледі. Бұл қиындықтан қалай шығып жатсыздар?
– Сөзіңіздің жаны бар. «Сананы тұрмыс билейтінін» ешкім жоққа шығара алмайды. Отбасылы, едәуір жасқа келген біраз аға әріптестер басқа саланы таңдауына тура келді. Оған өзіңіз айтқан қаржы мәселесі себеп болды.
Бір қарасақ, аймақта салыстырмалы тұрғыдан алғанда басылым саны анау айтқандай көп те емес. Алайда, маман мәселесі – өзекті. Бұл енді «бас жаққа барысатын» тақырып. Бір газет басшысы шеше салатын мәселе емес. Мұнда маман даярлаудағы кемшіліктерді де көріп отырмыз. Журналистика мамандығына оқыту жүйесін ақпарат құралдарының ұсыныс, тілектерін ескере отырып қайта қарау керек сияқты. Мүйізі қарағайдай республикалық БАҚ басшылары бүгінде университет бітіріп келген маманды қайтадан «оқытуға» мәжбүр боп жүргендерін айтуда.
Ал, өзіміздегі жағдайға келсек, бұрынғыдай бәленбай бөлім, отыз-қырық журналист ұстайтын үлкен редакция емеспіз. Қаржы үнемдеу мақсатында бұған дейін біраз оңтайландыру болған. Ол оңтайландырудың оң әсері болмады деп те айтуға болмайды. Қазір бір газетті шығаруға шамамыз жететін сияқты. Журналистеріміз қалалық, облыстық түрлі конкурстарда топ жарып, бәйге алып жүр. Аға әріптестер де қолдау көрсетіп, ақылдарын айтып тұрады. Авторлармен жұмысты жандандыруға тырысып бағудамыз. Журналист – шығармашылық мамандық. Бар білімді төрт жылда басына «құйып», қолына дипломын ұстатып шығара салатын басқа мамандардай емес. Журналистің тұлғалық қасиеттері де маман ретінде қалыптасуына, күнделікті жұмысына көп әсер етеді. Бұл мамандық иесіне қоятын өзімнің де бірқатар талаптарым бар. Сол үдеден шығатын жан кездессе, қуана қарсы аламыз.
– Аймақтық БАҚ мәселелері жөнінде тұщымды сұхбат құрдық деп ойлаймын. Уақыт бөлгеніңізге көп рахмет! «Сарыарқаның» қырық бес жылдығы тағы да құтты болсын! Қарашаңырақ басылымның абыройы артып, мәртебесі биіктей берсін. Сұхбатыңызға рақмет!

Мейрамгүл САЯЖАН.

 


Вернуться назад