Жаңалықтар

17.04.2018
Әңгімесі бөлек азамат

 

Шынында да, Ержан Тоқымбаевқа қарап осындай ой түйесіз. Өзіне де, өзгеге де талапшыл, адалдық пен адамдықты өмірінің басты қағидасына айналдырған азаматтың арманы – халқына қалтқысыз қызмет ету. Әкесі Аманжолдан алған таусылмайтын қазынасы – білімге құштарлық, еңбекқорлық, ізденгіштік, қол жеткенге мастанбау, қарапайымдылық қасиеттері. Бұған дәлел қол жеткізген табыстары.

Біз әңгімелеп отырған Ержан Аманжолұлының Жаңаарқа ауданының Ақтау ауылында туғандығы – мінезі жайсаң, пейілі дарқан, кеңқолтық қазақ азаматы болып қалыптасуына ықпал еткені түр-тұлғасынан анық көрініп тұрады. Орта бойлы, жазық маңдайлы жігіт ағасы шұрайлы әңгімесімен де баурап әкетеді.

– Әкемнің негізгі мамандығы мұғалімдік еді. Кейіннен Қаражалдағы байыту фабрикасында жұмыс істеді. Жүктелген міндеттерді орындап, маңызды мәселелерді шешуден қашпай, көпшіліктің ортасында жүретін. Көкірегі ояу, көзі қарақты жасты байқаған жергілікті партия жетекшілері өз қатарына тартады. Партия комитетінің төрағасы ретінде жауапты шаруаларға араласты. Үлкенге – іні, кішіге аға ретінде қамқор қолын созып, елдің мәдени-рухани және әлеуметтік-экономикалық жайын көтеруге атсалысты, – деп әкесін сағынышпен еске алды.

Тұрмыстық тіршілікке селқос қарамайтын ауылда ол қағылез әрі көпшіл болып өсті. Он жылдық қазақ мектебін «өте жақсы» деген бағаға бітіріп, Отан алдындағы борышын өтеуге Қиыр Шығысқа аттанды. Мұнан соң балаң жігіттің көңілі өндіріске ауып, 1988 жылы «Жезқазғантүстімет» ӨБ Кен–шахта жабдықтарын жөндеу зауытының ұста-дәнекерлеу учаскеcінде дәнекерлеуші болып еңбек жолын бастап, қызмет сатысымен біртіндеп көтерілді. Шебер, ауысым шебері қызметтерін абыроймен атқарып, Қарағанды политехникалық институтының Жезқазғандағы филиалында білім алды. 1996 жылы учаске бастығы қызметін ұсынғанда бас тартқан жоқ, бірден келісті. Өйткені, өмірін өндіріссіз елестете алмайды. Өз ісінің шебері атанып жүрген ол ұзақ уақыт талмай еңбектенудің арқасында ұжымның беткеұстарына айналды. Сондықтан болар, кәсіпорындағы жұмыс барысымен етене таныс, кәсібінің қыры мен сырын жақсы біледі. Техниканың тоқтаусыз жүруі, жөндеу процесін табысты атқаруға техникалардың дайындығы, дәнекерлеу, жону жұмыстарының жүйелі жүруін жалықпастан қадағалап, ұтымды жұмыс барысын ұйымдастырып, үйлестіріп отыру міндетін мінсіз атқарды. Отыз жылға жуық өмірін бір салаға арнаған білікті басшы табыс тетігі жұмыс көлемінің жеткілікті болуында екендігін әбден түсінген. Еңбегі еленіп үшінші дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісіне ие болды. Көп ұзамай «Қазақмыс Мэйтенанс Сервисиз» ЖШС Кен шахта жабдықтарын жөндеу зауыты директорының әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары болып тағайындалды.

Ол озық қолөнер үлгілерін жинақтаумен айналысады. Ұсталық қасиет әкесі Аманжол мен атасы Тоқмағамбеттен жұққан. Қазір осы өнерді өз ортасында дамытып жүрген жайы бар. Үй жиһаздарын жасап, сурет салу сүйікті ісі. Қолы қалт еткенде шет елдерге саяхат жасап, көрген-білгенін өзімізге енгізуге жаны құмар. Осы ретте өзі еңбек ететін кәсіпорын ғимараты маңын көгалдандыру жұмыстарын жүзеге асырып, субұрқақ орнатуға атсалысты. Сәтбаев қаласындағы бірнеше ескерткіш белгілерінің жобасын жасады.
Қайырымдылық шараларынан шет қалмайтын Ержан Аманжолұлы өндіріске бет бұрған жастарға қолұшын беруде. Осы бағытта қайраткерлігі қалыптасып 2017 жылы Сәтбаев қалалық мәслихатының депутаттығына сайланды.
Бүгінде халық қалаулысын жастар мәселесі, болашақ ұрпақ жайы қатты алаңдатады. Асыраушысынан айырылған балаларға, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға қолдау таныту, жоғарғы оқу орындарының түлектерін жұмыспен қамту жұмыстарына барынша ұйытқы болуда. Ел басқарған азаматтармен бірге осы саланың жүгін көтерісіп, түйінді түйіткілдерді барынша шешуге тырысуда. «Нұр Отан» партиясы «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС жанындағы Қарағанды филиалының зауыттағы бастауыш партия ұйымының төрағасы ретінде ұйымдастырушылық қабілеті мол маман ретінде көрінуде.
– Бүгінде қоғам болып шешетін мәселелер көп. Бастысы, қазақ екенімізді мақтан тұтып, ұлтымыздың ертеңі үшін қолымыздан келетін істі қолға алудан жасқанбауымыз керек. Өз рухымызды биіктету арқылы басқа адамдардың бойында ұлтжандылықты арттырсақ нұр үстіне нұр болар еді. Тәуелсіздігіміздің, қазақ тілінің құндылығын әр жастың бойына сіңіре білсек қанекей. «Мен еліме не бере аламын?» деген ойдағы ұрпақ тәрбиелесек арман бар ма?! Ахмет Байтұрсынов: «Жұрт бүгіншіл, мен ертеңшілмін» деген екен. Сондықтан, ертеңімізді бүгін ойласақ ештемеден кеш қалмасымыз анық, – дейді ел, жер турасына келгенде айтары таусылмайтын азамат.
Ердің жасы елуге толған жігіт ағасының парасаттылығын үлкен-кіші үлгі тұтып, қай жерде болмасын ақыл-кеңес сұрап отырады. Ұлтымыздың ең асыл қасиеттерін бойына жинаған жаны жайсаң жан өмірлік мол тәжірибесі, әр істі тыңғылықты атқаратын ұқыптылығы мен тапсырылған іске жауаптылығын балаларына үйретуден жалықпайды.
Өмірлік жары қарсақбайлық Нұржан қажының шөбересі Жанерке Нұржановамен бірге екі ұл, төрт қыз тәрбиелеп өсірді. Төрінен қонағы арылмаған отбасы тамырын тереңге жайып, келін түсіріп, немере сүйіп, өрісін кеңейтіп отыр. Тұңғышы Мейрам мен келіні Элмира білім саласын өркендетуге зор үлес қосып, «Исма» менталды-арифметика мектебін ашты. Олардың тәрбиесінен шыққан дарынды оқушылар халықаралық олимпиадаларда өңіріміздің абыройын асқақтатуда.
– Қылықты қыз, ұлықты ұл өсіріп, келін түсіріп, ата-әже атанған бақытты жандармыз. «Адам ұрпағымен көрікті» дейді. Сол рас. Бірде ұзақ жасаған қарияға жастар: «Ақсақал, жасыңыз тоқсанға келіпті, бізге айтар өсиетіңіз бар ма?» дегенде: «Ер жігіттің айнымас үш серігі болады. Біреуі өмірлік жары – жұбайы, екінші мінген аты – пырағы, үшінші ғұмырдан сүріндірмей алып өтетін парасаты – ақылы», – деген екен. Міне, мен де осы үшеуін адаспай тапқан адамның өмірде жолы болады дер едім. Кейінгі буын осыны есте ұстағаны абзал, – деп аяқтады ол сөзін.
Ержан Аманжолұлымен әңгімелескенде оның ата-насы, аға-апа, бауырлары, қайын жұрты, зайыбы, балалары, шәкірттері жайында үлкен сыйластықпен, ерекше құрметпен, аса бауырмалдық сезіммен айтатыны байқалады. Ойыма «жақыныңды жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін» деген нақыл оралады. Сірә, жақынын қадір тұту, айналасындағылардың тек қана жақсылығын көре білу, өзі де қамқорлық жасауға ұмтылу отбасынан алған темірқазық тәрбиенің арқасы болса керек. Тірлігі мен тіршілігі, қамқорлығы мен өнегесі, айтар әңгімесі де бөлек азаматқа қарап отырып, ел ағалары осындай болуы керек деген ойға қаласың.

Мейрамгүл САЯЖАН.

 


Вернуться назад