Жаңалықтар

14.05.2018
Дені сау ұрпақ – тірегіміз

Адам бақытты болу үшін бұл дүниеде екі нәрсе керек: бірінші – денсаулық, екінші – білім. Осы екеуі біріксе, алынбайтын қамал, қол жетпейтін арман, игерілмейтін биік жоқ. Мемлекетіміз халық денсаулығына әрдайым ерекше көңіл бөліп, тұрғындардың өмірін неғұрлым ұзарта түсуге бағытталған шараларды ұйымдастыруда. Әсіресе, жастар денсаулығына мән берілуде.

Темекі мен спирттік өнімдердің, нашақорлықтың адам денсаулығына, отбасы мен қоғамға қанша қасірет әкелетіні жайлы аз айтылып, аз жазылып жүрген жоқ. Маскүнемдік, нашақорлық, жезөкшелік – қазіргі бүкіл әлемде қоғамның ауыр дертіне айналды. Ішімдікке әуестіктің қыз-келіншектер мен жасөспірімдер арасында кең етек алып бара жатқаны, соның салдарынан қылмыстық оқиғалардың жиілеп бара жатқаны алаңдатады.

Елімізде жастар арасында көк түтінге құмартқандардын саны азаяр емес. Тіпті, қаракөз қыздарымыздың бұрқыратып көшеде шылымды тартып тұрғанының өзі көзімізге үйреншікті жайт болып кетті емес пе?! Қазақстан халқының демографиялық өсіміне темекінің зияны шаш етектен. Мәселен, аяғы ауыр кезінде шылым шеккен әйелдердің балалары өсе келе әртүрлі жасырын және созылмалы ауруларға ұшырайтынын ақ халатты абзал жандарымыз айтып та жүр. Шылым шегетін аналардан туылған балалар өз құрдастарымен салыстырғанда ақыл-ой дамуы жағынан артта қалады. Бала емізетін әйелдерде никотин сүтке араласып, осы арқылы сәбиді улайды. Ішім­дік­ке, темекіге, есірткіге әуестенуші­лер саны жыл өткен сайын өсіп бара­ды. Ал, жастардың дені сау, таза, рухы биік болуы үшін шылым шегу­ге қарсы күресті күшейту қажет.

Ұлтын сүйетін, ана тілін білетін, салт-дәстүрін құрметтейтін, төл өнері­нен ләззат алатын жас­тар қатары көбейсе, еліміздің гүл­денері анық. Қоғамдағы кемшін тұсы­мыздың бірі – жастардың өз ұлтының құндылықтарынан гөрі, өзге елдің арзанқол дүниесіне құмартып жүргендігі болса керек. Жалпы бүкіл әлемде ұрлық-қарлық, адам өлтіру, қыз зорлау, тонаушылық пен қарақшылық оқиғалары жиі кездесуде. Осындай келеңсіз істерге тосқауыл қою үшін ұлттық идеология керек. Жас бала – күнге талпынған өсімдік сияқты десек, оған дұрыс бағдар көрсететін ұстаз да аса қажет қой.

«Құбылған әлем жарысы, Ақылды жанның табысы» дейді Шәкәрім бабамыз. Бәрін біліп алуға тырысатын, өмірге икемді, тәрбиелі жастар аз емес. Ұлттық мәдениеттен жұрдай ұрпақ­тан халықтың қасиеті мен мүддесін қор­ғай­тын азаматтар шықпайды. Өмір көшіне ілесем десең, уақыт талабына сай талпыныс жасау, жасампаздықтан жалықпау, ақылың мен еңбегіңе сүйенуге тырыс.

Таңертеңнен кешке дейін интернетке телмірген құрдастарым алтын уақытын өлтіріп, бір-біріне жарыса хат жазысып жатады. Ғаламтордың зияны туралы әлем ғалымдары дабыл қағуда. Біріншіден, мониторға ұзақ уақыт қараудың салдарынан адамның көз жанары құрғап, көру қабілеті нашарлайды. Қимыл-қозғалыс азайғандықтан, қан айналымы нашарлайды, семіздік пайда болады. Жаңа технологиялар адамның жасушаларына қау­іп төндіріп, қатерлі ісік ауруының туын­дауына себеп болады. Ғаламтор жастардың көп уақытын алады. Қоғамдық жұмыстар­дан шет қаламыз, еріншектікке дағдыланамыз. Тіпті, қазір жастардың кеш үйленуіне де ғаламтор зиянын тигізуде. Мінез-құлық бұзылып, бұрындары халық ән-күйлерін тыңдайтын балалар шетелдің ырду-дырду әуендерін естіп, түкке тұрмайтын ойындарын қызықтай­ды. Атыс-шабыс, қан төгу және жауыздық арқау болған ойындар психологияны бұзады. Демек, жастарды компьютерден қорғау да қазір басты мәселеге айналуда.

Ұрпақ болашағын, ұлт келешегін ойласақ, жастар тәрбиесіне, жеген тағамына, айналысатын кәсібіне мән беретін кез келді.

Тілеулі ҚОРДАШ.
«Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС Технологиялық колледж студенті.


Вернуться назад