Жаңалықтар

15.05.2018
«Алғабас» жастар театрының жетекшісі Динара Ширекбаева: «Қамқорлық күшейсе, өнер өлмейді»

 

Сәтбаев қаласындағы Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайының жанынан құрылған «Алғабас» жастар театрының құрылғанына биыл бес жыл. Қала мәдениетін дамытуға үлес қосқан іргелі ұжым бүгінде алдағы есеп беру концертіне қызу дайындық үстінде. Мерейлі күн қарсаңында театр жетекшісімен жолығып, сөзге тартудың сәті түскен еді.

– Динара Ерланқызы мәдениетіңіз бен ұйымдастырушылық қабілетіңіздің жоғарғы деңгейде екендігін талай рет дүбірлі додаларда топ жарып, ісіңізбен дәлелдеп келесіз. Мұның бәрін қайдан алдыңыз?

– Аз-кем табысқа жеткен болсам, ол бастаған істі аяғына дейін апаруға тырысатын табындылығымның, кәсібіме деген сүйіспеншіліктің арқасында шығар. Ата-анамнан көрген тәрбием де ұыптылыққа жетеледі. Жасымнан «ешкімнен кем болмауым керек» деген ұстаныммен өстім. Есейе бастаған соң, намыстың ауқымы кеңейе түседі екен. Осы уақытқа дейін талай рет шет елдерде жүлдеге ие болдық. Биылғы жылы ақпан айында Дубайда өткен «Арт Келен» байқауында бес жасар қызым Ясина Әлібек қазақ биінен екінші орын алып, қазылар алқасының арнайы кубогына ие болса, өзім вокал номинациясы бойынша екінші орынды еншіледім. Негізінен бұл додаға он мемлекеттен 5-35 жас аралығындағы 180 үміткер қатысқан болатын. Жуырда Шымкентте өткен республикалық он бесінші «Fantastik talent» байқауында шәкірттерім Нұрдәулет Әбдісалық «Театр» номинациясы бойынша (кіші топ) бірінші, Рамина Азаматова (орта топ) бірінші, Ардақ Тойлыбаева (үлкен топ) Р.Мұқанованың «Мәңгілік бала бейне» монологымен бас жүлдені жеңіп алды. Петропавл қаласында өткен халықаралық «Дельфейлік ойын» байқауына облыстық іріктеуден өтіп, жолдама алған болатынбыз. Ш.Мұртазаның «Сталинге хат» пьесасынан үзінді сахналанып, «Үздік режиссерлік қойылым» номинациясына ие болдық. Жеңіс Тілегенов (студент), Исахан Жұмабай (кенші) секілді театр әртістерінің өнері үздік бағаланды. Одан бөлек Павлодар қаласында ұйымдастырылған республикалық «Би бала» конкурсында, «Астана жас толқыны» байқауында Ясина Әлібек бірінші, Нұрдәулет Әбдісалық (оқушы), Жеңіс Тілегенов, Әйгерім Атабаева (МСО қызметкері) топ жарды. Сондай-ақ, НТК телеарнасының «Ревю» бағдарламасынан шағын пародияларымыз көрсетілді. Өткен төрт жылды қоспағанда жыл басынан бергі жеткен жетістіктеріміз осындай.

Бүгінгі күні театрдан нан тауып жеу қиынырақ. Бірақ кішігірім демеушілік жасап жүрген жанашыр азаматтардың көмегімен алға қойған мақсаттарға ұмтылудамыз.

– Театр туралы айтыңызшы. Аз уақытта біраз биіктерді бағындырып үлгердіңіздер. Әртістерді қалай іріктейсіз?

– Осындай өнер ордасын құру талайдан бергі арманым еді. Өнерге бала кезден жақынмын. Сәтбаев қаласындағы №16 мектепте оқып жүрген кезімде ән салып, байқаулардан жүлде ала бастадым. Сол кезде қала басшысы ретінде Қанат Балмағамбетов ағамыз үлкен қолдау көрсетті. Музыка пәнінің мұғалімі Айгүл Жұмашқызының мектебінде шыңдалдым. Кейіннен Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы өнер академиясын музыкалық драма бойынша Есмұхан Обаевтың курсын бітірдім. Жоғары білім ала жүріп «Profashion Group» моделдік агенттігін қосымша оқып алып, Украиндық дизайнерлермен жұмыс жасадым. «Балапан» телеарнасында эпизодтарға түстім. 2013-2015 жылдары Бәйтен Омаров атындағы «Жас сахна» монотеатрында актриса ретінде жұмыс жасадым. Жас театр болғанымен болашағы мен мүмкіндігі мол еді. Сол жылдары «Мис Алматы» байқауына қатысып, екі жүз қыздың ішінен «Бизнес stile» номинациясы бойынша үшінші орынды жеңіп алдым. Осы жетістіктердің барлығы маған ерекше шабыт, тың күш сыйлады. Туған жерге оралып, театр өнерін дамытып, мәдениетімізді өркендетіп, оған жастарды тартсам деген ойға шындап бекіндім. Театр әртістерінің арнайы мамандығы, шеберлігі жоқ. Бірақ мәдениеттану, хореография, актерлік шеберлік, вокал, сахна тілі, сахна қозғалысы бойынша дәріс беремін. Бүгінде үлкен, орта, кіші топты қосқанда мектеп оқушылары, студенттер, әр салада еңбек етіп жүрген қызметкерлерден тұратын тұрақты он-он бес әртісіміз бар.

– Белгілі драматургтердің де шығармаларын сәтті сахналап жүрсіздер.

– Иә, бүгінге дейін «Адасқанның ақыры» драмасын, «Беу, қыздар ай!» мюзиклін, «Жарайсың шал!» комедиясын сахналадық. Көрерменнің ойынан шығу оңай емес. Бізде қатып қалған ешнәрсе жоқ. Тақырыптар әртүрлі. Әртістерімді әмбебап жандар дер едім. Олар ән де айтады, би де билейді, әртістік шеберлігін де көрсетеді.

– Осындайда қаржы тапшылығы қолбайлау болып, қиналған кездер аз болмаған шығар.

– Қамқорлық күшейсе, өнер өлмейді ғой. Ондай жағдайлар көп болды. Қиналғанда қайда барарымызды білмей дал боламыз. Билік ұстаған ағаларға айтайын десең оларда басқа проблемалар жетіп артылады. Бірақ қаржысыз ойымызды жүзеге асыра алмасымыз анық. Дегенмен, көпшілік арасынан елге, өнерге деген сүйіспеншілігі басым азаматтар табылып қалады. Әнуар Омар, Бекзат Алтынбеков, Қанат Балмағамбетов, Зина Жұманазарқызы, Асқар Ыдырысов, Айгүл Төлендина, Бақытжан Өміртайұлы секілді аға-апаларға көп рахмет! Тәй-тәйлап жүріп, осы күнге де жеттік. Біз өз-өзімізге демеуші, өз-өзімізге продюссерміз. Тойға жиі шығамыз. Түскен табыс кастюм мен гримге, керек-жараққа, музыка жазуға кетеді.

– Есеп беру концертіне дайындық барысы қандай?

– Мамыр айының 12-сі Жезқазған, 13-і Сәтбаев қаласы, 14-і Ұлытау жұртына концерт берсек деген ойымыз бар. Халықтың назарына рухани-шоу ұсынбақпыз. Дін, тастанды бала, ана қадірі, жоспарсыз жүктіліктің зардабы секілді тақырыптар қамтылады. Сонымен қатар, Нартуған жыраудың термесіне түсірген клиптің тұсауы кесіледі. Бұл шығарманы Сержан Байдаралинов (кенші), Нұрдәулет Әлімжанмен (театрдың ұйымдастырушысы) қосылып үшеуіміз шырқаймыз. Бұйырса «Гәкку» телеарнасына жібермек ойымыз бар. Концерт соңында тұрақты қатысушыларымыз дипломмен марапатталып, арнайы сыйақы табыс етіледі. Күні бойы жұмыстан бас көтермейтін жұртқа көңілді әрі мағыналы демалыс сәтін ұсынғымыз келеді. Билетіміз де қымбат бола бермейді. Сонда да сату жағы қиын, жарнама жасау әлсіз болып тұр. Балалар, қарттар, аналар үйіне тегін билеттер таратылуда.

Қазіргі уақытта Түркияның Алания қаласында өтетін «Созвездие талантов» конкурсына жолдама алып қойдық. Алдағы маусым айында қаражат табылып жатса барып қайтамыз. Арман көп. Жеке театр ретінде ашылып, үлкен бір өнер шаңырағы болғымыз келеді. Бұл енді алдағы күндердің еншісінде. Арманға жету жолында талмай еңбектене бермекпіз.

– Әңгімеңізге рахмет! Өнер жолында қанаттарыңыз талмасын!

 


Вернуться назад