Жаңалықтар

16.05.2018
Дін тақырыбы сөз болды

Бұқаралық ақпарат құралдары ақпарат ағынының алғы шебінде тұрып қана қоймай, қалың бұқараға әлеуметтік пікір қалыптастыратын зор күшке ие. Сол себепті де оларға түйткілді мәселелерді қаузағанда және ақпараттық жаңалықтарды таратқанда шынайы жеткізу міндеттеледі. Өткен аптада жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары мен мекеме қызметкерлеріне арналып оқыту семинар-тренингі ұйымдастырылды.

Кезекті кездесу қаламыздағы жастар ресурстық орталығында өтті. Қарағанды облыстық діндер басқармасының ақпараттық сарапшысы, журналист, блогер Жанайдар Майкен «Бұқаралық ақпараттық құралдарында және интернетте діни радикализмнің алдын алу мен дін мәселелері жөніндегі ұйымдастыру және өткізу» тақырыбы бойынша толық мәлімет бере кетіп, қатысушыларға заң негізін түсіндірді. Ақпараттық сарапшы қазіргі деструктивті ағымдар жайлы және оның зардаптары, әлеуметтік желілерде және БАҚ-да діни радикализмнің қалай алдын алуға болатыны жайлы айтты. Бұдан бөлек, дін тақырыбын көтерудегі этикалық және құқықтық нормалар, аталған саладағы мемлекеттік саясатты жүргізудің бағыттарына тоқталды. Жиын соңында қатысушыларға тақырыпқа сай тренингтен өткенін растайтын сертификат берілді.

Нұрлат ҚОНЫСБАЙ.


Вернуться назад