Жаңалықтар

11.06.2018
Балалардың күлкісі – көркі, сәні әлемнің

Балалардың күлкісі – көркі, сәні әлемнің

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күнінде қаламызда бірқатар мерекелік шаралар өтті. Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер алаңында ұйымдастырылған балалар мен өнер ансамбльдерінің шеруі көпшіліктің көңілін көтерді. Мерейлі мерекенің сән-салтанатына бөленген тұрғындар үшін жазғы амфитеатр сахнасында концерт қойылды.

Бүгінгі бала – елдің ертеңі, болашағы, ұлттың жалғасы. Үлкендердің үкілеген үміті де осы, жастар. Сондықтан, олардың саналы болуы бақытты балалық шағынан басталады. Балалар мен жасөспірімдердің, өнер ансамбльдері шеруінің негізгі мақсаты «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеяны іске асыру жағдайында рухани-адамгершілік, эстетикалық, патриоттық тәрбие факторы ретінде оқушылардың шерулік, көшеде фестивальдің жүріп өтуін қолдау және дамыту болды.
Мерекелік шараға қатысқан Сәтбаев қалалық мәслихатының хатшысы Татьяна Хмилярчук, қалалық білім бөлімінің басшысы Берік Ақышбеков, қала әкімдігі аппараты әлеуметтік бөлімінің басшысы Гүлмира Таңсықбаева атаулы күн иелерін құттықтап, ізгі тілектерін жеткізді.
Шеруді бірнеше мәрте республикалық және халықаралық байқаулардың жеңімпаздары тәлім алатын, болашағын өнермен байланыстырар Өнер мектебінің тәрбиеленушілері бастап шықты. Одан кейінгі кезекте қаламыздағы барлық білім мекемелерінің оқушылары топ болып сап түзеді. Олар өздерінің флеш-мобтық қимылдарымен, түрлі-түсті көрнекіліктерімен көзге түсуге тырысты. Салтанатты шеруді Оқушылар сарайының өнерпаздары аяқтап, қала тұрғындарын ерекше әсерге бөледі. Жазғы алаңда өткен концертте бақытты елдің ұландары алаңды ән-жырға бөледі. Мейірімге бөленген ұл-қыздар туған елінің даласын риясыз күлкіге көмкеріп, ән-жырмен нұрландырды. Осылайша жаз мезгілінің алғашқы күні балалардың шат күлкісіндей шуақ шашып, мерекенің сәтті өтуіне көмегін тигізді.

Нұрлат ҚОНЫСБАЙ.
Сурет автордікі.


Вернуться назад