Жаңалықтар

10.07.2018
«AQSHAM» – ақпарат айдынында

Қаламызда жаңадан ақпар тарататын «AQSHAM» телеарнасы салтанатты түрде ашылды. Ақпарат және байланыс қызметкерлері күнінде лентасын қиған телеарнаны Сәтбаев қаласының әкімшілік өкілдері құттықтай келіп, жаңа арнаның жұмысына сәттілік тіледі.

Кәсіби мереке күні арна кеңсесі алдына жиналған халық мәре-сәре болысқан ұжымға жүрекжарды тілектерін жеткізуден жалыққан жоқ. Салтанатты ашылу шарасына қатысқан Сәтбаев қаласы әкімінің орынбасары Айгүл Төлендина өз құттықтауында жаңашылдыққа бастайтын телеарна болсын деген ақжарма тілегін жеткізді.

– Бүгін біздің қаламызда қуанышты жағдай орын алып отыр. Қала жұртшылығы үшін жаңа телеарна өз жұмысын бастады. Бұл қаламыздың дамуына серпіліс беретіні даусыз. Шаһарымыздың тыныс-тіршілігімен таныстырып, бағыт-бағдар беретін қызықты бағдарламалар мен айдарларды ұсынатын «Ақшам» өңіріміздегі барлық БАҚ-тың жаңғыруына, жаңартуына алып келетіні сөзсіз, – деді Айгүл Қосманқызы.

Жаңғыру жөні бір бөлек. Ал жаңартуға келгенде «AQSHAM» телеарнасының аянып қалмағанын анық көруге болатындай-ақ еді шарада. Тіпті, тікелей эфир арқылы байланысқа шығып, үйде отырған көрерменге шынайы һәм бейнелі хабар таратуының өзін жарқын жетістік деп түйсінуге тырыстық. Олай деуімізге себеп бар. Себебі, осы мұғдар аралығында ұжым 37 рет жаңалықтар топтамасын жария етіп үлгеріпті. Телеарна басшысы Ғалымжан Нұрпейісов хабар тарату аясын кеңейту жолында жоспарлары барын айтып, аядай кеңсені кемелдендіруді қолға алатынын жеткізді.

– Өздеріңіз көріп отырғандай, телеарнамыздың хабар тарату сапасы, деңгейі жақсы. Болашақта бұдан да биік шыңдарды бағындыратынымызға сенеміз. Көрермен сұранысын қанағаттандыру үшін аянбай еңбек ете береміз. Қуанышты күні қолдау көрсетіп, ізгі тілектерін жолдап жатқандарыңызға көп рақмет, – деді телеарна директоры.
Салтанатты шара әсем ән мен бимен көмкерілді. Лента қию рәсімінен соң, жиналғандар телеарна ұжымы дайындаған роликке назар аударды. Мерекелік дастарханнан дәм татып, «AQSHAM» логотипі белгіленген тәтті торттан ауыз тиді. Сондай-ақ, лото ойыны ұйымдастырылып, арна белгісі бар сыйлықтар таратылды.

Осылайша, жаңа телеарна кәсіби мереке күнінде өздеріне сый жасады. Кенді қаланың ақпарат айдынына жол тартқан «AQSHAM» арнасына шығармашылық табыс пен сәттілік тілейміз.

Нұрлат ҚОНЫСБАЙ.
Суретті түсірген автор.


Вернуться назад