Жаңалықтар

11.07.2018
Болашағы жарқын Ботакөз

Ботакөз Әбілқасымова үшін Елорданың орны ерекше. Себебі, ол – Астананың құрдасы. Осы жиырма жыл ішінде айтулы қала қалай қарыштап өсіп-өркендесе, Ботакөздің өмірі де оң өзгерістерге толып, сән-салтанаты жараса түсті.

Осыдан біраз жыл бұрын Ботакөз Елордаға алғаш рет барған екен. Зәулім ғимараттар мен әсем қаланың көркі көздің жауын алатындығын атап айтты ол.
– Астана – ел жүрегі, тәуелсіздік тірегі ғана емес, символымыз, ірі мегаполис. Сұлулығымен, көркімен ерек Есілдің жағалауында аз уақыт ішінде ғажайып қалаға айналды. Өзімнің Астана қаласының құрдасы болғанымды мақтан тұтамын. Осыны ойлағанда, кеудеме қуаныш сезімі ұялайды. Астананың алға басқан әр қадамы маған ерекше жігер береді. Егемен Қазақстанның айрылмас бөлшегіне айналған Астана – еліміздің мақтанышы. Елордамыз бүгінде күн санап жайнап, гүлденіп, көркейіп келеді. Қала құрылысы канатын кеңге жайып, жаңа әрі озық үлгідегі тұрғын үйлер, әкімшілік-шаруашылық ғимараттар бой түзеуде. Бұған жеткізген – еліміздің тәуелсіздік алып, егемен ел болуы және елдегі саяси тұрақтылық пен өркениетке деген батыл қадам, — дейді Ботакөз.
1998 жылдың 6 шілдесінде Сәтбаев қаласында дүниеге келген Ботакөз Сәбитқызы алғаш рет Жезқазған қаласындағы №8 мектеп-гимназиясының табалдырығын аттады. Онда ардақты ұстаз Нұргүл Жаймановадан тәлім алады. Мұғалімі талапты жас жеткіншектің бойына білім нәрін сіңірді. Даналық тәрбиесін үйретті. Сөйтіп, білім жолындағы алғашқы қадамы құтты басталып, бірінші сыныпты үздік тәмамдады. «Мен үшін алғашқы ұстазымның орны бөлек. Ол кісіден көп дүние үйрендім. Сабақты тек қана жақсы оқуға тырыстым» дейді Ботакөз аяулы ұстазы туралы қуана сөз қозғап.
Берекелі, бақытты отба­сында, анасы Нұргүлдің әлпеш­теуімен ержеткен Бота­көздің болмысынан мәдениеттілік, зиялылық лебі еседі. Ұлттық тәрбиенің құнарында өскені байқалады. Қазақ қыздарына тән асыл қасиеттің барлығын бойына жинағаны көрініп ақ тұр. Бала кезінен теміржолшы болуды армандаған ол Жезқазған политехникалық колледжін тәмамдап, биыл қолына диплом алды.
– Ұстаздар сапалы білім беру үшін бар мүмкіндігін аяған жоқ. Әсіресе, ұстазым Сандуғаш Жылқыбаеваға алғыс білдіргім келеді. Осы кісі жеткіншектердің шынайы қамқоры болды. Оқу барысында, түрлі білім сайыстарында көп қолдау көрсетті, – деген жас қыз 2016 жылы сәтбаевтық азамат Мадиярға тұрмысқа шығып, бүгінде ана атанып, Дияр атты ұл сүйіп отыр. Кәсіби маман атанып, туған елінің дамуына үлесін қосуға тырысып жүрген Ботакөздің ендігі мақсаты – жоғары білім алып, туған жерінің гүлденуіне үлесін қосу. Олай болса, Ботакөздің болашағы Астанамен бірге жарқырай берері сөзсіз.


Вернуться назад