Жаңалықтар

12.07.2018
«Астана – армандар қаласы»

Арқа төсінде бой көтерген ару қала Астананың туған күні биыл жиырмасыншы рет тойланып отыр. Осы жылдар ішінде сәулетті қалаға айналып, өзгелер қызыға да қызғана қарайтындай деңгейге жетті. Күллі қазақтың мақтанышына айналды. Жақында ғана арман қалаға сапарлап, көркін тамашалап, қыдырып қайтқан жерлесіміз, Сәтбаев қаласының тұрғыны Мақпал Бурабайқызы Сатина келе сала алған әсерімен, ой-пікірімен бөліскен еді.

– Биылғы еңбек демалысын ала сала арнайы Астанаға жол тарттым. Бұл жақта туыстарым тұрады. Астана маған жаңа достар сыйлады. Мұнда әр тараптан асқақ арман жетегінде келген жастар көп. Олар мақсат-мұраттарына, қол созған армандарына жететініне сенімдімін. Өйткені, бұл қала – мүмкіндіктердің мекені, жаңашылдықты, ізденуді, еңбекті сүйетін қала. Ерік-жігерді, сүйіспеншілікті бір арнаға тоғыстырып, алға батыл қадам бастырған қала деп толық айтуға болады. Себебі, осы жаққа қоныстанып, қалаған жұмысын тауып, отбасын құрып, баспаналы болған құрдастарым жетерлік. Соған қарағанда Астана армандар орындалатын мекен екені сөзсіз.
Біз сияқты жастар үшін махаббаттың, жасампаздықтың, достықтың, сұлулықтың символы іспетті Астанада «Астана Опера», Ұлттық музей, «Барыс» хоккей клубы, «Хан Шатыр», Тәуелсіздік Сарайы сияқты небір жаңа ғимараттар бой көтеріп, шаһардың сән-салтанатын асырып келеді. Маған архитектурасы ерекше ұнайды. Мұндағы ғимараттар ешкімге ұқсамайтын өзгеше түрімен қалаға көрік беруде әрі оның үздіксіз даму мен өзгеру үстінде екенін айғақтап тұрғандай. Ұдайы қозғалыстағы, өсу үстіндегі шаһар көз алдыңда күнбе-күн өзгереді.
Астананың қоғамдық-саяси, мәдени өмірі қыз-қыз қайнап жатады. Қайда барам демейсің. «Астана Опера», Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ драма театры, М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театры, Жастар театры, қуыршақ театрында түрлі концерттер, киноапталықтар тұрақты түрде өткізіледі.
Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айтылғандай, Астана — бүгінгі күні үш тілділіктің де дамыған ортасы, ондағы жастардың көбі үш тілдің де қажеттілігін, маңыздылығын жете түсінеді.
«Астанада не бар? Астананың өзге қалалардан қай жері артық?» деген сауалға мен былай деп жауап берген болар едім: «Астанада жаныңа керектің бәрі бар және оның артықшылықтарын көре білу және оны мүмкіндік ретінде пайдалана білу – әр адамның өз қолында».
Астана – Тәуелсіздігіміздің жемісі. Еліміздің әр азаматының жүрегіне келешекке деген сенім ұялатқан, арманға жетелеген құтты жер. Елбасы Н.Назарбаевтың Елорданы Ақмолаға көшіру туралы идеясы жемісті жүзеге асып, бүгінде әлемге танылды, экономикалық және саяси жаңғырулардың орталығына, халқымыздың мәдени өмірінің темірқазығына айналды.
Астанаға келген сайын аз ғана уақыттың ішінде осындай шаһардың бой көтергеніне таңғалып, риза боламын. Астана – болашақтың қаласы. Гүлденіп, көркеюіне үлес қосу мақсатымен алдағы уақытта осы жаққа қоныс аударғым келеді. Осы жерде ойға алған жоспарларым жүзеге асатынына, Астананың аты әлі де асқақтайтынына сенемін, – деп әңгімесін аяқтай келе, сүйікті қаласын туған күнімен құттықтап, гүлдене беруіне тілектестігін білдірді.


Вернуться назад