Жаңалықтар

13.09.2018
Ұстаз еңбегі бағаланды

Сәтбаев қаласындағы №3 жалпы білім беретін орта мектебінің математика пәнінің мұғалімі Бағдат Аринова «Ы.Алтынсарин» төсбелгісінің иегері атанды.

Бағдат Аманбайқызы алғашқы еңбек жолын 1991 жылы Сарысу ауылындағы орта мектепте бастады. 2002 жылдан бастап қаламыздағы №3 мектепке ауысқан Бағдат Аринованың білім саласындағы жалпы еңбек өтілі жиырма жеті жылды құрайды. Биыл білім беру саласы қызметкерлерінің тамыз айында Қарағанды қаласында өткен кеңесінде білім және ғылым министрінің орынбасары Бибігүл Асылова ұлағатты ұстазды «Ы.Алтынсарин» төсбелгісімен марапаттап, мәртебесін арттырды.
– Ауқымды жиында вице-министр қазір елімізде білім беру саласында жан басына кететін шығын көлемі есептеліп жатқандығын жеткізді. Яғни, әрбір шәкіртті оқытуға жұмсалатын қаржы айқындалады. Бұл шара республиканың жеті өңіріндегі 73 мектепте жүзеге асырылуда. Қаржыландыруды жан басына есептеу жаңа оқу жылынан бастап Астана қаласында, соның ішінде жеке мектептерде де қолға алынбақ. Айта кету керек, жан басына кететін шығындарды есептеу арқылы жеке мектептер салып, үш ауысымдағы және апатты жағдайдағы мектептер проблемасын шешуге болады екен. Қарағанды облысында осындай көмекті қажетсініп отырған алты мектеп бар. Ал, кәсіптік-техникалық білім сапасын арттыру үшін, Бибігүл Амангелдіқызы атап өткендей, «Worldskills» халықаралық стандарттары бойынша тың бағдарламалар мен жаңа модульдік бағдарламалар енгізілуде. «Тегін техникалық және кәсіби білім баршаға» жобасы сәтті жүзеге асырылуда, «Жол картасының» осы бағыттағы жаңа жобалары жасалды. Кәсіптік-техникалық білім беру жүйесі үшін бүгінге дейін негізгі деген 500-ден астам шетелдік оқулықтар аударылған. Арнайы пәндер солардың негізінде жүргізіледі. Сонымен қатар, 10 мыңдай оқытушылар мен шеберлер жаңа мазмұндағы оқыту курстарынан өткен. Бибігүл Амангелдіқызы жаңартылған мазмұндағы білім беруге көшу ісінің сәтімен жалғасқандығын жеткізіп, еліміздегі 1, 2, 5, 7 сынып оқушылары былтырғы оқу жылынан бастап жаңа бағдарламалар мен оқулықтар бойынша білім ала бастаса, биыл олардың қатарын 3, 6 және 8 сынып оқушылары толықтыратындығын, екі жыл ішінде жаңартылған бағдарламалар бойынша 150 мыңдай мұғалім оқытылса, тағы 73 мыңдайы оқытылып жатқандығын атап айтты. Осыған қарап-ақ ел болашағының жарқын екендігін сезініп, қанаттанып қайттық, – деп алған әсерімен бөлісті ол.
Өмірлік жары Нұрғазы Ахметовпен бірге төрт бала тәрбиелеп өсірген Бағдат Аринова қазақ эстрадасының жарық жұлдыздары Қуандық және Думан Рахымның анасы екендігін мақтанышпен жеткізді. Біз де ұлағатты ұстаздың қуанышына ортақтасып, еңбегі бағаланған ұстаздар қатары мол болғай деген тілекпен қоштастық.

Мейрамгүл АЛПЫСБАЙ.


Вернуться назад