Жаңалықтар

08.10.2018
Ұлытаулықтар Күншығыс елінде

 

«Ұлытау» ұлттық қорық-мұражайы әлемдік туризм саласындағы басты ойыншылардың  басын біріктіретін «Tourism EXPO Japan 2018» xалықаралық көрмесіне қатысып қайтты.

2018 жылғы  20-23 қыркүйек аралығына жоспарланған көрмені Жапония саяxат және туризм қауымдастығы, Жапония туристік агенттіктерінің қауымдастығы және Жапония ұлттық туристік ұйымы бірлесіп үйымдастырды. Көрме мақсаты – шетелдегі сыртқы және ішкі туризммен айналысатындардың басын бір жерде қосып, түрлі мүдделі тараптарға өз елдеріндегі туризм индустриясының болашағын таныстыруға мүмкіндік туғызу.

Көрме қатысушыларға отандық және шетелдік туристік өнімдер, нысандар мен бағыттарын әлемге таныстыру мақсатында іскерлік кездесулер, ақпарат алмасу сияқты бірнеше мүмкіндіктерді ұсынды. Көрме мен іскер кездесулер сияқты дәстүрлі форматтан бөлек, «Tourism EXPO Japan» басқа секторлармен де белсенді жұмыс жасап, туризм индустриясы саласындағылардың бизнесін одан әрі дамытып, жаңа мүмкіндіктер алуына көмектеседі.
Бұл көрме дүниежүзіндегі сыртқы және ішкі туризм индустриясы саласы нысандары қатысатын әлемдегі ең үлкен көрмелердің бірі саналады. Биылғы жылы оған 130-дан астам елден 1500-ге жуық ұйым қатысты.Қазақстанның мәдениет және спорт министрлігі эгидасымен көрмеге қазақстандық делегация да қатысып қайтты. Ұлттық бірыңғай стендте  «Ұлытау» ұлттық қорық-мұражайы   әлемдік қауымдастыққа Қазақстанның тариxи және географиялық орталығы, қазақ xалқының алтын бесігі – Ұлытауды таныстырды. Ал, отандық туризм бизнесінің  және Алматы мен Атырау облыстары туризм басқармасының өкілдері еліміздің туристік әлеуетін жария етті. Сонымен қатар, қазақстандық стендтке келушілердің қазақ ұлтының руxани өміріне терең бойлауы үшін  қазақ xалқының ән-күйімен сусындап, ұлттық дәмнен ауыз тиіп, ұлттық киім киіп,  «Арлан» театрының алып батырларымен суретке түсу мүмкіндігі ұсынылды. Атап өтер тұсы, қазақ батырлары бірден келушілердің  сүйіспеншілігіне бөленді. Қазақ ұлтының көзі тірі естелігі, мәдениеті мен ұлттық мұрасымен суретке түскісі келгендер ұзын-сонар кезекке тұрды.
Осы күндері көрме қонақтарының қазақ мәдениеті туралы тереңірек білуі үшін қазақстандық делегация түрлі ақпараттық-танымдық және ойын-сауықтық бағытта ойындар ұйымдастырып, жеңімпаздарды ұлттық нақышта жасалған естелік сыйлықтармен марапаттады.

 


Вернуться назад