Жаңалықтар

09.10.2018
Рухани құндылықты насихаттау жолында

 

«Білімнің бас құралы — кітап» екені баршамызға белгілі.  Қазіргі жаһандану заманында рухани құндылықтарды алға қойып, кітап оқуды насихаттауда орталық кітапхананың қызметкерлері 1 маусым мен 31 тамыз аралығында «Жазғы акция — 2018» бағдарламасы аясында «Кітаппен өткен жаз қызық» акциясын ұйымдастырды.

Акция жұмысы аясында кітапханашылар жазғы демалыс лагері балаларының қатысуымен, жастар ресурстық орталығындағы жастармен тығыз байланыста болып, көптеген іс-шаралар өткізді. «Кітаппен өткен жаз қызық» оқу бағдарламасының тұсаукесері өтті. Балалар үшін «Кітап ертегілер қалашығы», «Көңілді каникул» көрмесі, ертегілер еліне саяхат ұйымдастырылды. 1 маусым – Балаларды қорғау күні «Бақытты балалық шақ» мерекесімен басталды. 4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күніне орай «Рәміздерім – мақтанышым!» кітап көрмесі өткізіліп, қала тұрғындары арасында сауалнама жүргізілді. 
Шілденің бірінші жексенбісі – ұлттық Домбыра күніне орай «Домбыра – дастан» атты тақырыппен Кеншілер алаңында жиналған қала тұрғындары мен қонақтарына викториналық сұрақтар қойылып, буклеттер таратылды. Ұлттық Домбыра күнінің бекітілуі елдегі ұлттық музыкалық дәстүрлі өнерге тың серпін берді. Яғни, дәстүрлі ән өнерін үзбей жалғастырып келе жатқан әншілер, күй өнерінің бүгінгі шеберлерінің өрісі ашылып, сол арқылы халық шынайы ұлттық өнерге мойын бұрып, ұлт мәдениетінің қайта өрлеуіне негіз болды. Осы жылы Тәуелсіз Қазақстанның теңдессіз жауһары – Астана қаласының 20 жылдығын атап өттік. Осындай атаулы күндерге орай «Астана келбеті – ұлт келбеті» атты кітап көрмесі безендірілді. Лагерь оқушыларымен «Елордасы – Астана» атты ақпараттық сағат өтті. Балалар Астана туралы түсінік алып, қаланың мәдени орындары жайлы бейнеролик көрсетілді. Тақпақ оқып, ән салып, осы тақырыпта сурет салды бүлдіршіндер.
Балалардың бос уақытын тиімді, жазғы демалысын көңілді ұйымдастырып, қордағы әдебиеттерімізді насихаттау мақсатында «Өзің оқы да, досыңа бер!» буккроссинг акциясы ұйымдастырылды. Бұл акция барысында оқырмандардан сыйға тартылған көптеген кітаптар айналымға кетті. «Бір ел – бір кітап – 2018» республикалық акциясы бойынша биыл Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармалары, Немат Келімбетовтың «Үміт үзгім келмейді» және Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» кітаптары таңдап алынған болатын. Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармаларын насихаттау мақсатында «Жыр жауһар» клубының мүшелері «Үш анық» шығармасын ақындар аллеясында дауыстап оқыды. Осы акция аясында Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» шығармасы буктрейлер түрінде оқырман қауымға таныстырылды.
Буктрейлер – көркем шығарма жайында айтылатын шағын бейнетүсірілім. Мұндай түсірілімдердің мақсаты – трейлерлердің сипаты кинофильмдерге жақындығын көзбен көру арқылы кітаптарды таныстыру, насихаттау.  Орталық кітапханада Коворкинг орталығы «Нұр Отан» партиясының бастамасымен ашылды. Коворкинг орталығында кез-келген адам достарымен  акциялар,  мерекелер, шығармашылық кездесулер, шеберлік кластар,  зияткерлік ойындарға қатыса алады.
Қаламыздың 45 жылдығына және Кеншілер мерекесіне орай кен өндірісінің өркендеуіне үлес қосқан еңбек ардагерлері жайлы буклеттер таратылды. Конституция күні – мемлекеттік мереке. Бұл құжат өзінің нормалары мен принциптерінің көмегімен ғана емес, бекітілген идеялары арқылы да қоғам мен мемлекетті өркениетті елдердің қатарына жетелейді. Сондықтан, қазіргі кезде басты міндет – жеке тұлғалардың, қоғамдық ұйымдардың және мемлекеттік органдардың Республика Конституциясына деген дәстүрлі құрметін дамыту. Конституция күніне орай қала тұрғындары арасында «Конституция – еліміздің Ата заңы» атты сауалнама жүргізілді.
Балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру біз үшін аса маңызды. Сондықтан, балалардың бос уақытын тиімді пайдалану жолында қордағы әдебиеттерді насихаттау жұмыстары әлі де жалғасын таба бермек.
Жаһандану заманында рухани құндылықты алға қойып, кітап оқуды насихаттау – кітапхана қызметкерлерінің басты міндеті.

Айжан Сарина,
оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің жетекшісі.

 


Вернуться назад