Жаңалықтар

10.10.2018
Жемқорлықпен күрес – ортақ шаруа

Сәтбаев қаласы әкімдігінің жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі қалалық ведомствоаралық комиссиясының кезекті отырысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес шараларының тиімділігін арттыру кеңінен сөз болды. Жиынды ашқан қала басшысы Асқар Ыдырысов күн тәртібіне бірқатар мәселелер ұсынды.

Комиссия отырысының күн тәртібінде жастар ұйымдарын тарта отырып және оқу бағдарламаларына сыбайлас жемқорлыққа қарсы тәрбие мәселелерін енгізіп, білім беру мекемелерінде сыбайлас жемқорлық көріністеріне төзбеушілікті қалыптастыру жөніндегі жұмыстарды атқару және Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясын іске асыру жөніндегі іс-әрекеттердің орындалуы туралы Сәтбаев қаласы жастар ресурстық орталығының директоры Нұрболат Күлбай, Сәтбаев қалалық білім бөлімінің басшысы Берік Ақышбеков және қала әкімінің персоналды басқару қызметі бөлімінің басшысы Ботагөз Нұрмағамбетова баяндама жасады.
Алғашқы болып сөз алған жастар ресурстық орталығының директоры Нұрболат Күлбай сыбайлас жемқорлық көріністеріне төзбеушілікті қалыптастыру бойынша жастар күшімен атқарылған жұмыстарды саралап шықты. Оның айтуынша, қаланың белсенді жастары мен еріктілері бас болып 182 іс-шара өткізілген екен. Соның ішінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-шаралар саны 27. Яғни, 17 кездесу, 2 акция, 2 байқау және 3 дөңгелек стол өткізілген. Әрине, бұл жастар тарапынан жасалған үлкен жұмыс. Алайда, осының қайтарымы қандай? Ел сыбайлас жемқорлықпен күресті қалай түсінеді, оған қалай үлес қоса алады? Осыны саралайтын әлеуметтік сұрақ-жауап бар ма деген сауалдарға жауап жалаң болды.
«Біз жастарға жемқорды қолынан ұстап, жазалау орнына жетелеп әкел демейміз. Жастар тарапынан бізге керегі – ақпараттық-насихат жұмыстары. Соның түрлері мен формалары. Яғни, жастар тың бастамалар мен идеялардың көзі болуы керек», деген ұсыныстар да айтылды отырыста.
Отырысты қорытындылаған комиссия төрағасы, қала әкімі Асқар Абылайұлы: «жұмысты тек қағаз жүзінде ғана жүргізіп қоймай, оның орындалуын іске асыруымыз керек. Жемқорлықпен күрес – ортақ шаруа. Осы бағытта елді жұмылдыру жұмыстары тиісінше орындалуы үшін қала тұрғындары арасында ақпараттық шараларды жетілдіру керек», деді.

Аманкелді Ақшал.


Вернуться назад