Жаңалықтар

11.10.2018
Қатаң шаралар қажет

«Белгіленген уақыттан кейін сыра мен спиртті ішімдіктер сатқан дүкендердің иелері мен пәтерін жасырын жалға берген азаматтарға қатаң шара қолдану қажет. Дүкенді жаптырып, пәтер иелеріне көлемді мөлшерде айыппұл салынатын болсын. Өйткені олар, біріншіден, «көлеңкелі экономика» жасап отыр. Екіншіден, сондай жауапсыздықтың салдарынан қалада қылмыс көбейіп, құқық бұзушылық белең алуда…».

Сәтбаев қаласы әкімі жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөнiндегi ведомствоаралық комиссияның кезектi отырысында қала әкімі Асқар Ыдырысов осындай талаптар қойды. Бұған қалалық жергілікті полиция қызметінің басшысы Сабыржан Сейтжановтың қайта қылмыс жасаудың алдын алу шаралары жөніндегі баяндамасында көтерілген мәселелер себеп болды.
Аталмыш комиссияның кезекті отырысында баяндама жасаған жергілікті полиция қызметінің басшысы күн тәртібіндегі тақырыпқа қатысты үстіміздегі жылдың сегіз айында атқарылған жұмыстарды жіпке тізіп шықты. Баяндамашы ең бастысы, бас бостандығынан айыру орындарынан ерте босап шыққан, шартты түрдегі жазаға кесілген және бұрын сотты болған азаматтар арасында құқық бұзушылық пен кайыра қылмыс жасаудың алдын алу, тәртіп бұзушылықты болдырмау мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарға ерекше тоқталды. Бұл бағыттағы цифрлар өткен жылдың осы уақытымен салыстырғанда 15,6 процентке төмендеген. Ал, жасөспірімдер арасындағы қылмыс тіпті 62,5 процентке азайған. Алайда, кайыра қылмыс жасау деңгейі 12-ден 21-ге өсіп кетіп отыр.
– Бұл бағытта қалалық пробация бөлімінің қызметкерлерімен бірлесіп ауқымды жұмыстар жасап жатырмыз. Бұрын істі болған адамдарды жұмысқа орналастыру, олардың арасында профилақтикалық жұмыстар жүргізу сияқты шаралармен тұрақты түрде айналысып отырмыз.
Қылмысқа қарсы күрестi күшейту, құқық бұзушылықтың алдын алу және қоғамдық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету мақсатында «Көршiлiк қарау», «Қауiпсiз қала» бағдарламалары жұмыс iстейдi, «Автобус», «Тұрмыс. Қадағалау. Алкоголь», «Транзит», «Құқықтық тәртiп», «Жеткiншек», «Есептегiлер» жедел-профилактикалық iс-шаралары өткiзiлдi, – дейді Сабыржан Сейтжанов.
Комиссия отырысында атқарылған жұмыстармен қатар түйіткілді мәселелердің түйінін шешетін ойлар да ортаға салынды. Қалалық мәслихаттың хатшысы Татьяна Хмилярчук қалада жалға берілетін пәтерлер мен жалпы иесіз пәтерлерді қайыра есепке алып, қатаң бақылау қою қажеттігін алға тартты.
– Қазір кешкілік қалада бейсауат жүрген жанды кездестіре алмайсыз. Осыған қарап, ел тәртіпке түскен екен деп те ойлап қалуға болады. Алайда, былықтың бәрі жалға берілетін, не болмаса иесіз пәтерлерді өз беттерімен иемденіп алған бейтарап жандардың үйлерінде болып жатады. Депутаттармен болған рейд кезінде дәл осындай жағдайға жолыққан едік. Қылмыс та, қоғамдық тәртіпті бұзу да осындай ортада орын алады, – дейді мәслихат хатшысы.
Отырысты қорытындылаған қала әкімі Асқар Ыдырысов жиында айтылған ойлар мен ұсыныстарды хаттамаға кіргізе отырып оның жүзеге асырылуын қадағалауды және құзырлы орындарға жұмысты ширатуды, қатаң шаралар қолдануды тапсырды.


Вернуться назад