Жаңалықтар

12.10.2018
Жетістікке толы жеңімпаздар мектебі

 

Еліміз спорт және дене шынықтыру қозғалысына баса назар аударып келеді. Саламатты Қазақстанның салауатты өмір салтына негізделген мемлекеттік саясатының басты бағыты да осы. Мұнда нақтылы көзделген міндеттер бар. Оның барлығы елдің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталғаны мәлім. Әрине, ол үшін ұлттың тұтастай саулығы қажет.

Осыған орай, қаламыздағы «Жастар» спорт сара­йында мамандандырылған олимпиадалық резервтегі балалар-жасөспірімдер мектебінің тыныс-тіршілігімен таныстыру үшін ата-аналар мен балаларға арналып «Спортты сүю – бір ерлік, спортшы болу – мың ерлік» атымен ашық есік күні өткізілді. Мақсат – жасөспірімдерді спортпен жүйелі шұғылдануға шақыру. Оқушыларды белгілі бір спорт түріне қабылдау, келушілерді спорттық шараның барлық түрімен, спорт мектебінің жұмысымен жақынырақ таныстыру. 
Шараға «Нұр Отан» партиясы Сәтбаев қалалық филиалы төрағасының орынбасары Бейбіт Қазиев, қалалық спорт және дене шынықтыру бөлімінің басшысы Зухрап Даумбаев, аталған мектептің директоры Дархан Айтуар қатысты. Құрметті қонақтар жиналған қауымды спортпен айналысуға шақырып, жарыстарға қатысып, қала намысын қорғап жүрген спортшыларға жарқын жеңістер тіледі.
2000 жылдың 15 қарашасында құрылған бұл спорт мектебінің бүгінгі қадамы қарқынды. Атқарылған қыруар жұмыстардың нәтижесінде мектептің мерейі артты. 2015 жылдың желтоқсанынан бастап спорт ордасына мамандандырылған олимпиадалық резервтегі балалар мен жасөспірімдер мектебі мәртебесі берілді. Бүгінде мұнда 5 спорт түрінен, атап айтқанда, дзюдо, грек-рим, бокс, каратэ-до кекушинкай, жеңіл атлетика бөлімдерінде 830 спортшы 18 бапкер-жаттықтырушыдан кәсіби түрде жаттығады. Бүгінде мектепте 8 спорт шебері, 45 спорт шеберіне үміткер, 50-ге жуық бірінші разрядты спортшы бар. «Олардың қатарын толықтыру мектептің деңгейін арттырады», – дейді аталған мекеменің басшысы.
– Биылғы жылы 18 жылдан бері жөндеу көрмеген мектебіміз жарылқау көріп, жаз айларында ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сыртқы фасад жөнге келтіріліп, қапталды, терезелер ауыстырылды. Шатыр орнатылды. Жылу жүйесі толықтай айырбасталды. Жөндеуге бас-аяғы 47 миллион теңге қаражат бөлінді. Енді біздің тәрбиеленушілер жаңа оқу жылында жөндеуден өтіп, жаңарған мектепте жаттығатын болады.
Мектептің 18 жылдық тарихында жеткен жетістіктер аз болған жоқ. ҚР чемпионаттары мен халықаралық жарыстардың бірнеше дүркін жеңімпаздары біздің мектептен шықты. Олардан Рима Кашафутдинова, жеңіл атлетикадан халықаралық деңгейдегі спорт шебері, еліміздің бірнеше дүркін чемпиондары Екатерина Парамонова, Александра Мохирева, дзюдодан ҚР спорт шеберіне үміткер Нұрболат Рахымберлі, Еркін Мұхамбетқали, каратэден спорт шебері, Әлем чемпионатының қатысушысы Сералы Әділқасымды айтуымызға болады. Еліміздің спорт саласындағы жетістіктері мен табыстарының артуына мектеп өз үлесін алда да қоса бермек, – дейді мектеп басшысы Дархан Айтуар.
Ашық есік күнінің ашылу салтанатында кәсіби бапкерлер мен жаттығушы жасөспірімдер өз үйірмелерінің шеберлік сағаттарын көрсетті. Қарсыласын сан алуан әдіспен алып жығатын жаттығулар көрініс тапты. Ал, қызығушылық танытқан жеткіншектер болса, өздері ұнатқан спорт үйірмесіне жазылып, дене шынықтыруға деген талпыныстарын байқатты.

Нұрлат ҚОНЫСБАЙ.
Сурет О.Батырбековтікі.

 


Вернуться назад