Жеке және заңды тұлғалардың өтініштері тіркеу және есеп беру қабылдау тәртібі

Сәтбаев қаласы әкімінің аппаратында жеке және заңды тұлғалардың өтініштерің есепке алу, тіркеу және қабылдау ҚР «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» Заңына сәйкес жүргізіледі.

Келіп түскен өтiнiштер мiндеттi түрде қабылдануға, тiркелуге, есепке алынуға және қаралуға тиiс. Өтiнiштi қабылдаудан бас тартуға тыйым салынады. Жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерiн қабылдау және есепке алу әкім аппараты құжаттамалық қамтамасыз ету және бақылау бөлімі белгiлеген тәртiппен жүзеге асырылады. Жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерiмен жұмысты ұйымдастырудың, қабылдаудың, тiркеудiң және есепке алудың жай-күйi үшiн сол бөлімнің басшысы жауаптылықта болады.

Өтiнiш жеке немесе заңды тұлғаның өкiлi арқылы енгiзiлуi мүмкiн. Өкiлдiктi ресiмдеу Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында белгiленген тәртiппен жүргiзiледi. Жеке және заңды тұлғалардың жалпыға қолжетiмдi ақпараттық жүйелер арқылы келiп түскен және Қазақстан Республикасының электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы заңнамасының талаптарына сәйкес түскен өтiнiштерi осы Заңда белгiленген тәртiппен қаралуға тиiс.
Өтiнiштi қарау мерзiмдерi: қарау үшiн өзге субъектiлерден, лауазымды тұлғалардан ақпарат алу не жергiлiктi жерге барып тексеру талап етiлмейтiн өтiнiштер күнтiзбелiк он бес күн iшiнде қаралады. Қарау үшiн өзге субъектiлерден, лауазымды тұлғалардан ақпарат алу не жергiлiктi жерге барып тексеру талап етiлетiн өтiнiштер келiп түскен күнiнен бастап күнтiзбелiк отыз күн iшiнде қаралады және ол бойынша шешiм қабылданады.

Қосымша зерделеу немесе тексеру жүргiзу қажет болған жағдайларда, қарау мерзiмi күнтiзбелiк отыз күннен аспайтын мерзiмге ұзартылуы мүмкiн, бұл туралы қарау мерзiмi ұзартылған кезден бастап күнтiзбелiк үш күн iшiнде арыз берушiге хабарланады. Өтiнiштi қарау мерзiмiн субъектiнiң басшысы немесе оның орынбасары ұзартады. Егер өтiнiште баяндалған мәселелердi шешу ұзақ мерзiмдi талап етсе, онда өтiнiш түпкiлiктi орындалғанға дейiн қосымша бақылауға қойылады, бұл туралы күнтiзбелiк үш күн iшiнде арыз берушiге хабарланады.

Лауазымды тұлғалар өз құзыретi шегiнде жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерiн объективтi, жан-жақты әрi уақтылы қарауды қамтамасыз етедi, арыз берушiлердi олардың өтiнiштерiн қарау нәтижелерi мен қабылданған шаралар туралы хабарлайды, арыз берушiлерге олардың өтiнiштерi өздерiнiң құзыретiне сәйкес басқа субъектiлерге немесе лауазымды тұлғаларға қарауға жiберiлгенi туралы хабардар етедi.

Өтiнiштердi қарау нәтижелерi бойынша мынадай шешiмдердiң бiрi қабылданады:

1) өтiнiштi толық немесе iшiнара қанағаттандыру туралы;
2) осындай шешiм қабылдауды негiздей отырып, өтiнiштi қанағаттандырудан бас тарту туралы;
3) өтiнiштiң мәнi бойынша түсiнiк беру туралы;
4) өтiнiштi қарауды тоқтату туралы.

Бiр тұлғаның мүддесi үшiн бiр мәселе бойынша бiрнеше өтiнiш келiп түскен кезде бiрiншi өтiнiш негiзгi өтiнiш ретiнде тiркеледi, ал кейiнгiлерi негiзгi өтiнiшке қоса тiркеледi және бiрiншi өтiнiш келiп түскен күннен бастап есептелетiн белгiленген мерзiм шегiнде оларды шешудiң нәтижелерi туралы арыз берушiлерге хабарлана отырып, бiр өтiнiш ретiнде қаралады.

Өтiнiштерге берiлетiн жауаптар мемлекеттiк тiлде немесе өтiнiш берiлген тiлде дайындалады. Егер қайта жасалған өтiнiштерде жаңа дәлелдер немесе жаңадан анықталған мән-жайлар келтiрiлмесе, ал осының алдындағы өтiнiштiң материалдарында тексерудiң егжей-тегжейлi материалдары бар болса және арыз берушiлерге белгiленген тәртiппен жауаптар берiлсе, өтiнiштердi қарау тоқтатылады.

Мемлекеттiк органдардың басшылары және олардың орынбасарлары апта сайын тиiстi мемлекеттiк органның басшысы бекiтетiн қабылдау кестесiне сәйкес азаматтарды және заңды тұлғалардың өкiлдерiн жеке қабылдау жүргiзеді. Қабылдау белгiленген әрi жеке және заңды тұлғалардың назарына жеткiзiлген күн мен сағатта жұмыс орны бойынша өткiзiлуге тиiс.
Егер өтiнiштi лауазымды тұлға қабылдау кезiнде шеше алмаса, ол жазбаша нысанда баяндалады және онымен жазбаша өтiнiш ретiнде жұмыс жүргiзiледi.