Республика жаңалықтары

19 Қараша 2018 11:33
Үкімет: Энергияны үнемдеу бойынша нақты алгоритм әзірлеу керек

2017 жылдың қорытындысы бойынша еліміздің Жалпы ішкі өнімінің энергия сыйымдылығы 2008 жылғы деңгейге қарағанда 18%-ға төмендеген.

Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің айтуынша,  2016 жылы Дүниежүзілік банк әлемнің 111 елінің энергия тиімділігі саласындағы мемлекеттік реттеу бағалауын жүргізгенін мәлімдеді.

«Қазақстан ол рейтингте рейтингте 32-ші орынды иеленді.Энергия үнемдеудің заманауи жүйесінің негізі Индустриялық-инновациялық дамудың бірінші бес жылдығы аясында, яғни, 2012-2015 жылдары құрылды.Жапонияның тәжірибесі бойынша энергия үнемдеу жүйесінің басты элементі – Мемлекеттік энергетикалық реестр құрылды. Қазіргі таңда реестрге 5 мыңнан астам ұйым кіреді», - деді Ж. Қасымбек.

Министр атап өткендей, 2016 жылы ведомство Мемлекеттік энергетикалық реестрдің Автоматтандырылған ақпараттық жүйесін құру арқылы энергия тиімділігі көрсеткіштерін цифрландыруға кірісті.

«Биыл бұл жүйе пилоттық режимде іске қосылды және барлық мемлекеттік энергетика субъектілерінің  40% электронды түрде ақпарат ұсынды. Алдағы уақытта біз оны заңнамалық деңгейде бекітуді жоспарлап отырмыз. «Бес институционалдық реформаны жүзеге асыруға арналған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 59-шы қадамында «Танымал халықаралық энергия сервистік шарттардың тетігі арқылы энергия үнемдеу саласына стратегиялық инвесторларды тарту» міндеті бекітілді. Осыған байланысты, энергия сервистік шарттардың нарығын дамыту және энергия үнемдеу жобаларын іске асыру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз», - деді министр.

Оның айтуынша,  бұл үшін Энергия тиімділігі картасы құрылды. Онда энергия сервистік келісім-шарттардың тетігі арқылы іске асыруға дайын энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы жобалардың бірыңғай республикалық тізімі жасалды.

«Қазіргі уақытта Картаның 15 млрд. теңге болатын 68 жобасы іске асырылуда. Олардың ішінде 12 жоба энергия сервистік шарттар мен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігі арқылы қолға алынды. Жыл сайынғы үнемдеу 3,5 млрд. теңгені құрайды, соның ішінде 12 жоба бойынша 660 млн. теңге үнемделеді. Картаның 72 млрд. теңге болатын 76 жобасы әзірлену үстінде, қазіргі уақытта оларға инвесторлар іздестіріліп жатыр», - деді ол.

Министр энергия сервистік жобаларды іске асыруды қолдау үшін Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасымен және Даму Қорымен бірлесіп, жобаларға субсидиялау және кепілдендіру түрінде қаржылық қолдау көрсету басталғанын айтты.  

«Бүгінгі таңда 28 жоба осы қолдауға ие болды.Сонымен қатар, халықаралық ынтымақтастық аясында Дүниежүзілік банкпен бірлесіп, 21,7 млн. АҚШ долларын құрайтын жобаны іске асырып жатырмыз. Жоба аясында 85 мемлекеттік және әлеуметтік маңызы бар нысандар (мектептер, ауруханалар, балабақшалар) іріктеліп алынды, онда жаңғырту жұмыстары жүргізілуде», - деді Ж.Қасымбек.

Жобаның нәтижесінде 50 мыңнан астам адамның жұмыс және оқыту жағдайлары жақсартылады. Ал мемлекет жыл сайын отын-энергетикалық ресурстар мен бюджетті үнемдейтін болады (500 мың АҚШ доллары).

Сондай-ақ, Біріккен Ұлттар ұйымының Даму бағдарламасымен жалпы сомасы 10 млн. АҚШ долларын құрайтын 2 жоба іске асырылуда.

«Министрлік жыл сайын энергия үнемдеу саласындағы жергілікті атқарушы органдардың қызметіне мынадай өлшемдер бойынша бағалау жүргізеді: индикаторлар мен міндеттерді орындау, мемлекеттік мекемелердің мониторингі, бюджеттік ұйымдарда энергия аудитін жүргізу, приборлау, тиімді жарықтандыру көздеріне көшу және тағы басқалары», - деді министр.

Атап өтсек,  Астана қаласын қосқанда 10 өңірдің бағасы орташа. Ал, Алматы қаласын қосқанда 5 өңірде баға төмен.  

«Павлодар облысының қызметіне жоғары баға берілді. Онда 2013 жылдан бері энергия үнемдеу бөлімі жұмыс істейді. Төрт мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобасының  екеуі Павлодар облысында іске асырылуда. Бұл Павлодар мен Екібастұз қалаларындағы көшені жарықтандыруды жаңғырту жобалары», - деді Ж.Қасымбек.

Сондай-ақ, Атырау мен Қызылорда облыстарында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында бір-бір жоба іске асырылуда. Бұл Атырау қаласының көшесін жарықтандыру және Қызылорда облысындағы бір орта мектептің қазандығын жаңғырту жобалары.

«Осыған байланысты, барлық өңірлерге энергия үнемдеу бойынша, соның ішінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларын іске асыру мен энергия үнемдеуді насихаттау жұмыстарын күшейтуді тапсыруыңызды сұраймыз.  Мемлекет басшысының 2018 жылғы 10 қаңтардағы Қазақстан халқына Жолдауында кәсіпорындарға энергия тиімділігі талаптарын жетілдіру тапсырылды», - деді ол.

Министр атағандай,  тапсырманы орындау үшін «Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру туралы» Заңға тәжірибелік талдау жүргізілді және мүдделі тараптармен бірлесіп, тиісті Заң жобасының Тұжырымдамасы әзірленді.

«Тұжырымдама энергия үнемдеудің қолданыстағы тетіктерін жетілдіруді (мемлекеттік энергетикалық тізілім, энергия аудиторлық қызмет, мемлекеттік бақылау), жеке және мемлекеттік секторларды реттеу тәсілдерін өзгертуді, сондай-ақ энергия үнемдеуді ынталандыру шараларын әзірлеуді көздейді. Энергия үнемдеу саласы бойынша қойылған міндеттерге қол жеткізудің негізгі шаралары жоғарыда аталған Заң жобасының тұжырымдамасы аясында қаралатын болады», - деді Ж.Қасымбек.

Өз кезегінде ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев елдегі энергияны үнемдеу бойынша Елбасы бірнеше мәрте тапсырма бергенін атап өтті.

«Бұл ретте Инвестициялар және даму министрлігі өнімнің әр бірлігіне  шаққанда энергия үнемдеу алгоритімін әзірлеуі керек. Жалпы, өнеркәсіп салаларының энергияны  көп қажет ететінін азайту жөніндек тек қана ортақ деректер  ғана бар. Жалпы   тұтынушылардың 61 пайыз заңды тұлға, 37 пайызы квазимемлекеттік сектор болып отыр. Көлеміміз өте үлкен», - деді Б.Сағынтаев.

Премьер-Министр  Жеңіс Қасымбекке нақты алгоритмдерді әзірлеуді тапсырды.

«Өңірлер әсімдері әкімдер мен  энергияны көп жұмсайтын кәсіпорындармен жұмысты жандандыру қажет. Оның ішінде МЖӘ  жобаларын іске асыру мен энергия өнімдерін үнемдеу бойынша насихаттау жұмыстарын жүргізу қажет», - деді Б.Сағынтаев.

Сондай-ақ, Премьер-Министр өңірлерге де энергияны үнемдеу бойынша алгортим дайындауды тапсырды.

Аягөз Құрмаш