Республика жаңалықтары

18 Наурыз 2019 12:30
Қазақстан мен Бразилия: Президент кітабы португал тіліне аударылды

Халқының басым бөлігі католик, тілі португал осы елдің Қазақстанмен ұқсастығы аз емес. Мысалы, 20 ғасырда әлемде астаналарын ауыстырған елдер саусақпен санарлық. Соның бірі – Қазақстан болса, енді бірі – Бразилия.

Мемлекетіміздің ұшқан құстай жылдамдықпен дамып қалыптасуы, халықаралық аренадағы рөлі туралы баяндайтын «Тәуелсіздік дәуірі» кітабы жергілікті элита мен академиялық қауымдастықтың қызығушылығын тудырды.

Бразилия Сыртқы істер министрінің қазіргі орынбасары Марсиа Доннер бұрын біздің елімізде елшілік қызметте болған. Қазақстанды бір адамдай біледі. Сыртқы істер министрлігінің ғимаратында өткен тұсау кесер рәсімінде арнайы сөз сөйлеп, өмірі мен қызметі қазіргі Қазақстанның қалыптасуымен тығыз байланысты Президент Н.Назарбаев кітабының португал тілінде жарық көрген нұсқасына жоғары баға берді.

- «Қазақстанда елші болған кезімде мен тамаша әдет-ғұрыптары бар және өр мінезді қазақстандық қоғамның жетістіктерін, өсуін және дамуын өз көзіммен көрдім. Бұл кітап Бразилия мен Қазақстан арасындағы өзара ынтымақтастық пен достастықты жақсартуға ықпал етеді», - деді бразилиялық дипломат.

ҚР Бразилиядағы Елшілігі, «ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры» мен Бразилия Сыртқы істер министрлігі мұрындық болған іс-шараға Ұлттық Конгрестің мүшелері - «Бразилия-Қазақстан» парламентаралық достық тобының жетекшісі сенатор Чико Родригес, сенатор Кристовам Буарке, Бразилия Сыртқы істер министрінің байланыс және мәдениет жөніндегі орынбасары Марсия Доннер, Бразилия СІМ Ресей және Орталық Азия департаментінің директоры Ари Квинтелла, «Александр де Гусмао қоры» Экономикалық және саяси зерттеулер орталығының президенті Роберто Гойданиш, Ынтымақтастық жөніндегі бразилиялық агенттік директорының орынбасары Деметрио Карвальо, сондай-ақ, Бразилияда тіркелген дипломатиялық миссиялардың басшылары, қоғам қайраткерлері, академиялық және іскер топтар мен БАҚ өкілдері қатысты. ҚР Бразилиядағы Елшісі Қайрат Саржанов «Тәуелсіздік дәуірі» португал тіліне аударылған тұңғыш қазақ кітабы екенін атап өтті.

- «Мемлекет басшысының еңбегі Қазақстанның қазіргі заманғы тарихының белгісіз фактілерін ашып қана қоймай, біздің Президентіміздің мінезін, мемлекеттілікті қалыптастыру мен басқарудағы шешуші, прагматикалық және көреген саясатын көрсетеді», - деді елші.

Бразилия Сыртқы істер министрлігінің Ресей және Орталық Азия департаменті директоры Ари Квинтелла өз сөзінде Қазақстанның халықаралық аренадағы рөліне тоқталды.

- «Қазақстан Президенті кітабының тұсаукесері Бразилия Сыртқы істер министрлігің «Александр де Гусмао қоры» экономикалық және саяси зерттеулер орталығының залында өткені Қордың халықаралық қатынастардағы кең ауқымды тақырыптарды зерттеу міндеттемесіне берік екендігін растайды. Кітаптың португал тіліндегі басылымы бразилиялық кең аудиторияны қамтып, еліміздің академиялық топтары арасында танымал болатыны сөзсіз», - деп қосты А.Квинтелла.

«ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры» Халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Әлкей Марғұланұлы іс-шара қатысушыларының Қазақстан тарихын зерттеуге деген қызығушылығы үшін алғыс білдіріп, кітапта тәуелсіз еліміздің жүріп өткен жолы егжей-тегжейлі баяндалғанын жеткізді.

Мәлім де беймәлім Бразилия

Кітаптың тұсаукесер рәсімі өткен Бразилиа қаласының тарихы 1960 жылдан бастау алады. Сол кездегі президенті Жусилино Кубичек Бразилияның астанасын Рио-де-жанейро қаласынан елдің қақ ортасына ауыстыру жөнінде шешім қабылдайды. Соның нәтижесінде, Бразилиа қаласы бар-жоғы 4 жылдың ішінде сазды-батпақ даладан бой көтереді.

Бразилиа мен Астана қалаларының көптеген ұқсастықтары бар. Әкімшілік орталығының шоғырлы орналасуы, ұзақ болашақтық жоспар бойынша салынуы, ерекше сәулеттегі ғимараттары, бәрі де өзіндік стиль мен ерекшелікке ие. Тіпті, Бразилиадағы кафедралды шіркеу мен Астанадағы «Бәйтерек» монументінің сәулетінде біртектілік байқалады.

Бір сөзбен айтқанда, Бразилиа қаласы Астанамыз сияқты жаңашыл ойдың туындысы. Сәулетші Ле Корбюзьеның идеясы бойынша, архитектор Лусио Коста қаланың бас жоспарын жасап шыққан. Шаһардың кейпіне құс ұшар биіктіктен қарасаңыз ұшақтың сұлбасын еске түсіреді.

Бразилия Оңтүстік Америка құрлығының шығыс және орталық бөліктерін алып жатқан мемлекет. Жер көлемі – 8,5 миллион шаршы шақырым. Ұлттық мейрамы – жетінші қыркүйектегі Тәуелсіздік күні. Елдің басшысы және Қарулы Күштердің бас қолбасшысы – Президент. Жоғарғы заң шығарушы органы жоғарыда айтып өткен Ұлттық Конгресс. Ол Федералдық Сенат және Депутаттар палатасынан тұрады, яғни, біздегідей қос палаталы парламент. Ел аумағы жиырма бес штатқа, бір федералдық (астаналық) округке бөлінеді. Губернатор билейтін әрбір штат өз конституциясын ұстанады. Ақшалары - Бразилия реалы.

1764-1960 жылдар аралығында Бразилияның астанасы Рио-де-Жанейро болған. Қаланың тарихы 1500 жылдардан бастау алады. Гуанабара шығанағын Португалдық теңіз саяхатшысы Гаспар де Лемуш ашты. Ол Гуанабара шығанағын өзен сағасы деп ойлағандықтан, қаланың атын "қаңтарлық өзен" деп атайды, яғни, Рио де Жанейро.

"Қаңтардағы өзен" қаласы Оңтүстік жарты шардағы туристер саны жағынан бірінші орынды ұстайды. ЖІӨ көрсеткіші 200 млрд АҚШ долларына пара-пар. Рио-де-Жанейро Латын Америкасы құрлығындағы ең бай төртінші қала есептеледі. Ал әлем қаларының ЖІӨ бойынша, Рим, Барселона және Бейжің сияқты ірі қалаларды артқа тастап, 30 орынға тұрақтаған. Рио-де-жанейро 1970 жылдарға дейін әлемдегі Чикаго қаласымен бірге қылмыстың ұясы саналып келді.

Біз үшін Бразилия қалай беймәлім болса, бразилиялықтар үшін біздің еліміз де таңсық. Сондықтан кітапты таныстыру рәсімі шенберінде «Белгісіз Қазақстан» фотокөрмесі ұйымдастырылды.

Ал шара соңында қазақстандық музыкант, қобызшы, жас композитор Алмат Сайжан Бразилиа тұрғындарына қазақ даласының әуезді әуендерін паш етті.

Данияр Оралов

Оқи отырыңыз:

Оңтүстік Америка және Азия елдерімен меморандум жасалды

ҚР мен БФР сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуде

Чили Президенті Қазақстанды қолдайды

Қазпошта Рио-де Жанейрода өткен Паралимпиада

 

Қазақстан және Бразилия өкілдері кездесті

 

Бразилияда Қазақстан туралы көрме өтті