Республика жаңалықтары

19 Шілде 2019 17:29
Қазақстанда 25 жаңа вагон іске қосылды

 «Жолаушылар тасымалы» АҚ  директоры   Арман  Сұлтановтың айтуынша, жаңа вагондар  жолаушылар тарапынан сұранысты  қанағаттандыру үшін  іске қосылды.

« «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы бойынша соңғы жылдары отандық өндірушілер испан технологиясы бойынша вагондарды өндірген болатын. Бүгінгі таңда   15 бағыт бойынша  500 вагон сәтті жұмыс істеп тұр. Стандарт вагондарына сұраныс өте көп болып отыр. Биыл вагондар ресей технологиясы бойынша жиналды. Тағы  63 вагонды шығару жоспарда бар. Жазғы  маусымда  жолаушылар тарапынан сұраныс көп болады. Сондықтан, әлеуметтік бағытқа қосымша вагондарды қостық», - деді А. Сұлтанов.

Вагондардың техникалық  жабдықталуы туралы  «Вагон-сервис»  АҚ  директорының орынбасары Нариман Нурьяров айтып берді.

«60-90 жылдарға дейін шығарылған вагондардың техникалық жабдықталуынан жаңа вагондардың айырмашылығы ауа  айналымын реттеуі. Плацкарт вагондары 54 орынға есептелген. Қызмет ету уақыты  40 жыл. Жолдағы максималды жылдамдығы 160км/сағатты құрайды. Вагон ішінде кондиционер жүйесі, өртке қарсы жүйе, биотуалет, видео бақылау, суды тазарту жүйелері орнатылған. Әр вагонда 6 камера бар.  Олар таспаны түрлі-түсті және ақ-қара режимінде  түсіреді. Барлық бейне штабтық вагондағы  пойыз басшысының қадағалуында болады.  Әр купеде 220 В қуат беретін розетка бар. Сонымен қатар, байланыс, диагностика және басқару жүйелері қарастырылған. Әжетханалар  экологиялық таза блок қондырғыларымен толыққан. Сол сияқты душ шлангтары, тоңазтқыш  пен қысқа толқынды пеш те бар», - деді ол.

Өз кезегінде «Жолаушылар тасымалы»  АҚ ресми өкілі Диас Ахметшаріп  осы жылдың 1 шілдесінде біз электронды билеттерді сатудың жаңартылған бағдарламасын іске қосылғанын айтты.  

«Қазір билеттер пойыз жүргенге 45 күн қалғаннан бастап сатылымға шығады және ол базаға таңертеңгі сағат 7-де түседі. Көптеген жолаушы түнгі 12-ден кейін жаңа билет алуға тырысады. Бірақ қателеседі. Сондықтан электронды түрде билет алатын кезде таңғы 7-ден бастап қарауды сұраймыз. Бұл – осы жүйенің бірінші жаңашылдығы.Екіншісі – жаңа жүйе бойынша күту парағы. Егер іздеген бағытқа билет табылмаса, жолаушы келіп кассаға өзінің деректерін, міндетті түрде электронды поштасын қалдырып кетеді. Жүйеде билет пайда болса, оның поштасына хат келеді. Сосын ол «Жолаушылар тасымалының» билет кассасына барып, 2 сағат ішінде сатып алу керек. Егер ол 2 сағатта келмесе, билетті кезекте тұрған екінші адам сатып ала алады», - деді Диас Ахметшәріп.

 

Ресми өкілдің мәлімдеуінше, үшінші жаңашылдық алып-сатарларға қарсы күрес үшін енгізілді.

«Билет алып-сатарлары жеке меншік кассалармен тығыз жұмыс істеген. Қазақстан бойынша 233 касса «Жолаушылар тасымалына» тиесілі, ал 4,5 мың жеке меншік касса бар. Алып-сатарлар жекеменшік кассалардан әр бағыт бойынша 10-20 билетті өзінің, туыстарының, достарының атына сатып алады. Кейін вокзалға барып клиент іздейді. Оларға 5 мың теңгенің билетін 10, 20... 50 мың теңгеге дейін сатады. Сосын жекеменшік кассаға барады. Өзінің алдын ала алып қойған билетін кассаға өткізеді. Кассир оны бірден жүйе арқылы қайта тауып алады да, жаңа клиентке сатады. Бұрын жүйедегі жаңа билетті ұстап қалу үшін батырманы 100 ретке дейін басуға болатын. Қазір кассир бір бағыт бойынша сұранысты 5 реттен көп іздесе, онда оның кассасы 5 минутқа блокқа түсіп қалады. Сонда кассир бос билетті ұстай алмай қалады. Яғни, алыпсатар өткізген билетті кассир жүйеден ұстап үлгермейді», - деді ол.

Оның айтуынша, ең басты   проблема – вагонның жетіспеушілігі.

«Қазір «Жолаушылар тасымалына» қарасты жолаушылар таситын 2229 вагон бар. Оның 670- өзіміздің Қазақстанда шығарылған «Тұлпар-Тальго» вагондары. Жыл соңына дейін жаңа 38 вагон қосылады. Тағы жыл сайын Қазақстанда жасалған 100 вагонды іске қосамыз деп отырмыз. Алдағы 10 жылдың ішінде 1200 вагонды алмастыруымыз керек. Шындығын айту керек, қазіргі вагондардың жартысы – 80-90 жылғы ескі вагондар. Олардың көбінде кондиционер жүйесі жұмыс істемейді. Сол себепті жаздағы аптап ыстық кезінде жолаушыларға қолайсыздық туғызады», - деді ол.

Сондай-ақ, Диас Ахметшәріп өткен жылы билеттердің бағасын реттейтін икемді жүйе енгізілгенін айтты.

«Ол «Динамикалық трифті басқару» бағдарламасы бойынша жүзеге асады. Бұл бағдарлама, ең алдымен, жолаушыларға бағытталған. Мысалы, бізде әлеуметтік маңызы бар бағытта 51 пойыз бар. Олар Үкімет тарапынан субсидия алады. Бұдан бөлек 11 коммерциялық бағыт бар. Ол іштен шығатын пойыздар. Әлеуметтік маңызы бар бағыттарға билетті 45 күн ерте алсаңыз, билет бағасының 25% үнемдеп қаласыз. Күні жақындаға сайын оның бағасы өседі. Макисмум 25% қымбаттайды. Ол өзімізде шығып жатқан пойыздар. Оның бағасын компания өзі бағана айтқан «Динамикалық тарифті басқару» бағдарламасы бойынша реттейді. Ал, коммерциялық пойыздарға билетті ерте алсаңыз 35% дейін үнемдейсіз. Күні жақындаған сайын билет бағасы жоғарылауы мүмкін. Сол себепті билет бағасы 35% жоғары болып, 5 мың теңгенің билеті 40 мың теңгеге дейін шарықтауы ықтимал. Айта кетейін, әлеуметтік маңызы бар бағыттарға ғана 25%», - деді ол.

 

Аягөз Құрмаш

Фото: Артем Чурсинов

 

Материалдарды t.me/strategykz telegram аккаунтынан оқи аласыздар.