Республика жаңалықтары

24 Сәуір 2019 18:05
Сапалы ауыз сумен қамту үшін биыл 126,5 млрд теңге бөлу қарастырылған – М.Жайымбетов

2018 жылдың 10 қаңтарындағы ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауын орындау барысында ауылды жерлерді сумен жабдықтауға 100 млрд теңгеден астам қаражат бөлініп, оның ішінде республикалық бюджеттен министрлік арқылы ауыл ішіндегі жүйелерге – 69,6 млрд теңге қарастырылған болатын. Бұл 122 ауылды орталықтандырылған сумен жабдықтау желілерін салуға, қосымша 300 мыңнан астам адамды ауыз сумен қамтамасыз етуге, 5,5 мың шақырымнан астам желілерді салуға және қайта жаңартуға мүмкіндік берді.

«2018 жылы ауылды жерлерді сумен жабдықтау бойынша 6 499 ауылдың 3 892-і немесе барлық ауылдың 59,9%-ті қамтамасыз етілді. Бүгінгі күні ауылдарда халықтың 84,4%-ті немесе 6,5 млн.адам орталықтандырылған суға қол жеткізді.Қалалық жерлерде 10,0 млн адам (10,6 млн. адамнан) немесе қала халқының 94,5% орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілді.Жалпы, Қазақстан халқының 90,2%-ті немесе 16,5 млн адам орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесіне қосылды», - деді М.Жайымбетов.

Сондай-ақ, жобаларды іске асырудың оң әсеріне және республика бойынша көрсеткіштердің артуына қарамастан жекелеген өңірлерде тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша әлі де мәселелер бар.

«Ауылды жерлерді сумен жабдықтау рейтингінде ең төменгі көрсеткіш Павлодар (29,7%), Қостанай (31,4%), Батыс Қазақстан (46%) облыстарына тиесілі.Қала тұрғындарын орталықтандырылған сумен қамтамасыз етуде ең төменгі көрсеткіш Жамбыл (86,6%) және Ақмола (86%) облыстарында байқалып отыр.Халықты ауыз сумен қамтамасыз етуді жеделдету мақсатында «Нұр Отан» партиясының съезінде Елбасы міндеттеген тапсырма бойынша биылдан бастап қосымша жыл сайын 20 млрд. теңгеден 140 млрд теңге бөлінеді», - деді М.Жайымбетов.

Ол айтып өткендей, 2019 жылы республикалық бюджеттен 411 жобаны іске асыру үшін 126,5 млрд.теңге бөлу қарастырылған  бұл 2018 жылмен салыстырғанда 33%-ке артық.

«Биыл ауылды жерлерді орталықтандырылған сумен жабдықтауды ауылдар саны бойынша 62%-ке дейін, ал тұрғындар саны бойынша 88%-ке дейін арттыру, ал қалалық жерлердегі тұрғындардың 97%-тін қамтамасыз ету жоспарланып отыр.Министрлік тұрақты түрде жоспарлаудың тиімділігін арттыру және шығындарды оңтайландыру жұмыстарын жүргізіп жатыр.Жобалар функционалды қалалық аудандарға кіретін ауылдармен экономикалық өсімнің негізгі нүктелері бойынша іріктеледі. Бұл Елбасының 2018 жылғы 5 қазандағы Қазақстан халқына Жолдауында айтылған «инфрақұрылым адамдарға» моделінен «адамдар инфрақұрылымға» моделіне бірте-бірте көшу қағидатына сәйкес келеді», - деді ол.

Сондай-ақ, мемлекеттік бағдарламада бюджет қаражатын ұтымды пайдалануды қамтамасыз ету мақсатында сумен жабдықтау және су тарту жобаларын жоспарлау, іріктеу және іске асыру жүйелі тәсілі күшейтілді: құжаттарға қойылатын талаптар толықтырылды, барлық өңірде (Жамбыл облысынан басқа) 2025 жылға дейінгі ауылдық жерлер бойынша Кешенді жоспарлар әзірленді, негізгі критерийлері мен басымдықтары нақтыланды.

«Қазіргі уақытта пилоттық режімде тот басуға қарсы тұратын жабдықтар сияқты заманауи технологиялар енгізіліп жатыр. Ол қолданыстағы желілерді модернизациялау және жаңғырту шығындарын азайтуға, құбырлардың қызмет ету мерзімін ұзартуға мүмкіндік береді», - деді ол.

Сонымен қатар, министрлік кәріздік-тазарту құрылыстарының жағдайына ерекше көңіл бөледі.

«Алдын ала мәліметтер бойынша 53 қалада 330 млрд. теңгенің кәріздік-тазарту құрылыстарын салу және жаңғырту қажет. Биогаз, электр және тыңайтқыш өндіру мүмкіндігімен тұнбаны қайта өңдеуге негізделген жасыл технологияларды қолдану кәріздік-тазарту құрылыстарын жаңғырту жөніндегі шығындарды едәуір төмендетуге және осындай жобалардың жеке инвесторлар үшін инвестициялық тартымдылығын арттыруға мүмкіндік береді», - деді Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы.

Бүгінгі таңда ЕҚҚДБ-дан жеңілдетілген займ алу және Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік механизмі бойынша инвестициялауға дайын ірі құрылыс компанияларынан ұсыныстар бар.

Осы жүйелі шаралар кешені сумен жабдықтау және су тарту жүйелерін салу кезінде шығындарды оңтайландыруға, мемлекеттік бюджетке түсетін жүктемені азайтуға және тиімділікті арттыруға ықпал етеді.

Аягөз Құрмаш