Республика жаңалықтары

09 Желтоқсан 2019 15:45
Педагогикалық мамандықты таңдағандардың 70%-ы ҰБТ-дан төмен балл алғандар - А.Аймағамбетов

Конференцияның пленарлық отырысында білім және ғылым министрі ұстаз мәртебесін арттыру үшін қолға алынған заң жобасы, ондағы көтерілген мәселелерге тоқталып өтті. 

"Білім және ғылым саласын дамыту еліміздің бәсекелестігін арттырудың ең басты бағыттарының бірі. Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасында да, тамыз кеңесінде де, бірінші жолдауында да блім және ғылым саласын дамытуды басты міндет етіп қойды. Елімізде жыл сайын 50-60 мың педагог маман университеттерді тәмәмдайды. Олардың тек оң мыңға жуығы ғана мектепке жұмысқа келуде. Мектепке келіп қызмет атқаруға ынта жоқ. Алтын белгі иегерлерінің 12 пайызы ғана педагогтік мамандықты таңдап жатыр. Статистика комитетінің деректеріне сүйенетін болсақ, біздің педагогтардың жалақысы орташа экономикадағы жалақының 65 пайызын ғана құрап отыр", - деді министр.

Оның айтуынша, мұғалімдік мамандықты таңдауға саладағы жалақының аздығы себеп болып отыр. сондықтан мемлекет басшысы "Ұстаздың мәртебесін арттыру" туралы заң жобасында педагогтардың жалақысын көтеруді тапсырған еді.

"Педагогикалық мамандыққа келіп жатқан түлектердің 70 пайызы ұлттық бірыңғай тесттен ең төмен балл жинағандар болып отыр. Мұның бәрі біздің экономикамызға әсерін тигізбей қоймайды. Мемлекет басшысы мен елбасы жолдауларында осы мәселелерді көтеріп, заңнаманың сапалы шығуына тапсырма берген болатын. Осының аясында 4 үлкен мәселе шешіліп отыр. Атап айтсам, жүктемені азайту мәселесі, материалды стимулар, материалды емес стимулдар, педагогтерді қорғау мәселесі қолға алынды", - деді министр.

Білім және ғылым минситрінің сөзіне сүйенсек, аталған заң жобасы мәжілісте қаралып, сенатқа жіберілген. Жалпы жоспар бойынша бұл заң жыл соңына дейін қабылдануы тиіс. Сонымен қатар оның айтуынша, мемлекет басшысының берген тапсырмасы бойынша, бұл заң қаржымен қамтамасыз етілуі керек.

"Бұған дейін бөлінбеген қаржы берілді осыған. 5,3 трлн теңге тек қана осы заңды жүзеге асыру үшін бөлініп отыр. Бұл қаражат ең бірінші кезекте педагогтардың жалақысы өсіруге бағытталған. Президенттің тамыз кеңесіне және жолдауында берген тапсырмасына сәйкес, 4 жыл ішінде педагогтардың жалақысы кем дегенде екң есеге өсетін болады. Алдағы жылдың қаңтар айынан бастап 25 пайызға өсуге толық мүмкіндік бар. Аталмыш заңда осы мәселелер қарастырылды", - деді Аймағамбетов.

Сонымен қатар ол аталмыш заң бойынша педагогтардың жалақысына енгізілген өзгерістерге тоқталып өтті. Мәселен, оның айтуынша, заң қабылданғаннан кейін тәлімгерлер ай сайын 17 мың үстемақы, ал магистр дәрежесі бар ұстаздар қауымы ай сайын 25 мың үстемақы алмақ.

"Сынып жетешілік және дәптер тексеру үшін алатын үстемақы екі есеге өседі. Сонымен қатар бұрын 110 мың әріптестеріміздің еңбек демалыстары тек 42 күн болатын, ал мұғалімдер 56 күн демалатын. Бұдан былай мемлекет басшысының тапсырмасымен 110 мың педагог та 56 күн демалысқа шығады. Оған қоса мектеп директорлары, мектеп директоры орынбасарлары, колледж, балабақша мұғалімдерінің жалақысы 25 пайызға өседі. Сондай-ақ өздерінің біліктілігіне сәйкес, 30-дан 50 пайызға дейінгі үстемақы алатын болады. Заң жобасында осындай үлкен мәселелер қарастырылған", - деп атап өтті министр.

Бұдан басқа ол мемлекет басшысының жұмысшы мамандықтарды қолдауға көп көңіл бөлуге тапсырма бергендігін айтты. Оның айтуынша, биыл жұмысшы мамандығын таңдаған студенттердің шәкіртақысына 30 пайыз үстемақы қосылған. 1 қыркүйектен бастап 122 мың жұмысшы мамандығында білім алып жатқан студент осы көбейтілген шәкіртақыны алуда. 

Сонымен қатар оның сөзіне сүйенсек, колледждердегі білім беру бағдарламасы жаңармақ. Ал жоғары оқу орындарының санына емес, сапасына назар аударылып, талаптары күшейтілмек.

"Колледждердегі білім беру бағдарламасын жаңартуды қолға алдық. Келесі оқу жылына дейін білім беру бағдарламаларын 100 пайыз жаңартып боламыз. Жоғары оқу орындарын дамыту бойынша президентіміз көптеген тапсырма берді. Жоғары оқу орындарындағы білім саласының сапасын көтеру, оған мән беру және талаптарын күшейту міндеті қойылды. Білім ордаларының саны қысқарды, алайда ол маңызды емес. Олардың санын емес, сапасын арттыру үшін жұмыс істеу керек", - деді Аймағамбетов.

Бұдан бөлек, аталған шара барысында алғашқы қорытындылармен қатар мемлекет басшысының "Сындарлы қоғамдық диалог - Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі" атты Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асыру мәселелері де қаралды.

Назерке Сүйіндік