Республика жаңалықтары

19 Наурыз 2019 13:11
Қазақстанда еңбек қауіпсіздігі қалай қорғалады?

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр  өнеркәсіп салаларындағы қауіпті өндірістік нысандарда қауіпсіз еңбек жағдайларын жасау, жұмысшылардың денсаулығына зиян келтірмеу және өндірістік жарақат оқиғаларын төмендету  министрліктің негізгі мақсаты екенін атап өтті.

«Осы мақсатта министрлік жетекшілік ететін өнеркәсіп салаларындағы кәсіпорындардың қызметін бақылайды.Өндірістік қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік қадағалау 9 мыңнан астам өнеркәсіп кәсіпорынында, оның ішінде 220 мыңға жуық қауіпті өндірістік нысанда жүзеге асырылады.2018 жылы министрлік жоғары тәуекелді нысандарға 1 322 тексеру және 940 жоспардан тыс тексеру жүргізді», - деді Р.Скляр.

Тексерулер нәтижесінде 39 мыңнан астам өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарының бұзылғаны анықталды. Заңды өрескел бұзғандары үшін 827 нысан мен 3 кәсіпорынның жұмысы тоқтатылды. 147 млн. теңгеден астам 2 мың айыппұл салынды.

«Бизнес үшін талаптарды қысқарту және өндірістік қауіпсіздік саласындағы қадағалауды азайту шаралары өндірістегі тәртіп деңгейінің төмендеуіне алғышарт жасады. Соның салдарынан апаттар мен жарақаттану деректері көбейді.2018 жылы 27 аварияға жол берілді (2017 жылы – 19), оларда 17 адам зардап шекті», - деді министр.

Авариялардың негізгі себептері ескірген, моральдық және физикалық тұрғыдан тозған жабдықтарды пайдалану, өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптары мен қағидаларын бұзу,  өндірістік бақылаудың болмауы немесе қызметкерлер біліктілігінің төмендігі.

«Министрлік қауіпті өндірістік нысандардағы авариялар мен жарақаттану деңгейін төмендету мақсатында техникалық құрылғылар мен технологиялық тізбектердің қауіпсіз және тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін жыл сайын техникалық қайта жарақтандыру жоспарын әзірледі», - деді  Роман Скляр.

Бұдан бөлек, заңнаманы жетілдіру және өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік қадағалау тиімділігін арттыру мақсатында өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселелері туралы заң жобасы әзірленді.

Жалпы, қабылданған барлық шаралар қауіпті өндірістік нысандарда қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған.

Өз кезегінде Еңбек және халықты әлеуметтік  қорғау министрі Бердібек Сапарбаев  бүгінгі күні ел экономикасында 6,6 млн  тарта жалдамалы жұмыскер жұмыс істеуде, белсенді жұмыс істеп тұрған 165 мың  кәсіпорын бар екенін айтты.

« Бұл азаматтардың еңбек құқықтарын қорғау және еңбек қатынастарын реттеу қай  қоғамның болса да өзекті мәселесі болып табылады.Өздеріңізге белгілі, Дүниежүзілік экономикалық форум «еңбек нарығының тиімділігін» жаһандық бәсекеге қабілеттілік индекс тізбесіне енгізіп, жыл сайын жұмыс берушілер арасында тәуелсіз сауалнама жүргізіп келеді», - деді Б.Сапарбаев.

Сондай-ақ,  2018 жылы осы   ұйымның жүргізген сауалнамасының қорытындысы бойынша Қазақстан 140 мемлекеттің арасында 35 орыннан 30  орынға көтерілді.

«Қазіргі уақытта мемлекеттік бақылау ерікті жұмыс берушілерге қатысты профилактикаға және тексеруді азайтуға бағытталған. Алайда, мемлекеттік еңбек инспекторларының тексерулері жұмыс берушілердің көбісі еңбек заңнамасының талаптарын сақтамайтынын көрсетті, нәтижесінде, жұмыскерлердің наразылықтарын туғызады. Өткен жылы еңбек инспекторлары 12 мың бұзушылықты айқындады.Жұмыскерлердің алдында жалақы бойынша берешекті өтеу мәселесі ерекше бақылауда.  2018 жылы мемлекеттік еңбек инспекторлары жалақы бойынша 1,2 мың кәсіпорында 3,7 млрд теңгеден астам сомаға жалақы бойынша берешекті айқындады. Ден қою бойынша қабылданған шаралар нәтижесінде  32 мыңнан астам жұмыскердің құқықтары қорғалды, оларға 3,2 млрд. теңге төленді», - деді Б.Сапарбаев.

Сонымен қатар,  бүгінгі күні жергілікті атқарушы органдардың мәліметтері бойынша берешек 1,7 млрд.теңгені құрайды, оның 75% оңалтудағы банкрот кәсіпорындарға (1,3 млрд. теңге) тиесілі.

«Жұмыс істейтін кәсіпорындар бойынша  1,4 мың жұмыскердің алдындағы берешек 410 млн.теңгені құрайды. Ең көп берешек Ақтөбе, Жамбыл,  Қарағанды облыстарында. Осыған байланысты, әкімдіктер жұмыс берушілерді берешекті өтеу графигін белгілей отырып, жұмыскерлердің жалақы қорын мақсатсыз пайдалану фактілері бойынша бақылауды қатаңдату қажет», - деді  министр.

Сондай-ақ, министр  бейресми еңбек қатынастарының сақталуына назар аударуға тура келетінін айтты.

« Соңғы 2 жыл ішінде еңбек инспекторлары еңбек шарттарын жасаспай жұмыскерлердің еңбегін пайдаланған мыңнан астам жұмыс берушілерді айқындады. Аталған проблеманы ескере отырып,  министрлік  2018-2019 жылдары «Еңбек шартын жаса» атты жалпы республикалық акцияны жүргізуге бастамашылық жасады. Өткен жылы акция шеңберінде 40 мыңнан астам еңбек шарты жасалды», - деді ол.

Жалпы, мемлекеттік органдар мен жұмыс берушілердің еңбек қорғау саласында қабылдаған кешенді шаралары өндірістік жарақаттанудың оң динамикасын сақтап қалуға мүмкіндік берді.

«2018 жылы республика кәсіпорындарында 1 568 адам зардап шекті, ол өткен жылғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда 6,6%  төмен.Өліммен аяқталған зардап шеккендердің саны 220 адамды құрайды, ол өткен жылғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда 9,2% төмен.Өндірістегі жазатайым оқиғалардың негізгі себептері еңбектің қауіпсіз жағдайымен, жеке және ұжымдық қорғаумен қамтамасыз етпеу,  жұмыскерлерді қауіпсіз еңбек дағдыларына оқытуды жүргізбеу», - деді Б.Сапарбаев.

Ал  мемлекеттік еңбек инспекторларының талаптары бойынша  жұмыс берушілер 100 лауазымды адамды жұмыстан босатты, 16 өндіріс объектілерінің жұмысына тыйым салынды.

« Құқық қорғау органдарына 1400 материал жіберілді, олар бойынша 98 қылмыстық іс қозғалды. Сонымен бірге 2017 жылмен салыстырғанда өндірістік жарақаттанудың өсімі Қарағанды және Солтүстік Қазақстанда  облысында болды.Жұмыс берушілердің  қауіпті еңбек жағдайы үшін жұмысқа өтемақыларына шығындар өсуде. Осы мақсаттарға жұмыс берушілер 107,7 млрд.теңге бөлді, ол 2016 жылға қарағанда 7,7%  артық», - деді  Б.Сапарбаев.

Ол атап өткендей,  еңбек саласындағы ағымдағы жағдайды  министрлік  еңбек тәуекелдері картасы бойынша бағалайды, оның шеңберінде мониторингпен тәуекел аймағында орналасқан 100 мыңнан астам жұмыскерлері бар 200-ден астам кәсіпорын қамтылады.

« Карта нәтижелері жағдайды ай сайын дамытудың мүмкін шараларын ескере отырып, ден қою шараларын қабылдаумен талдау жүргізіледі. Жүргізілген жұмыстың нәтижесінде соңғы жылдары еңбек жанжалдарының 5 есе төмендеуі болып табылады.Аталған бағыттағы жұмысты күшейту үшін Министрлік Еңбек жанжалдарын шешу және алдын алу жөніндегі іс-шараларының жаңа жоспарын әзірледі.  Жоспар шеңберінде мемлекеттік органдардың және әлеуметтік әріптестердің еңбек жанжалдарының алдын алу бойынша өзара іс-қимыл алгоритмі әзірленді», - деді Б.Сапарбаев.

Сондай-ақ, Барлық әлеуметтік әріптестердің күшімен жұмыс берушілер мен жұмыскерлерді келіссөздер жүргізу машықтарына және консенсусқа қол жеткізуге оқыту жүргізіледі.

« Жұмыс берушілер бірлестіктерінің еңбек дауларының алдын алу бойынша жұмысы барынша белсендендіріледі. Ол үшін жұмыс берушілердің республикалық,  салалық бірлестіктері жанында «еңбек омбудсмені» институты құрылады», - деді министр.

Оған қоса, оң динамикаға қарамастан еңбек саласында шешімді талап ететін көп мәселелер мен проблемалар сақталып отыр.

Өз кезегінде  ҚР Премьер-Министрі А. Мамин әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеудің тиімді жүйесін құру қажеттігін атай отырып, өңірлердің әкімдеріне еңбек ұжымдарында әлеуметтік қақтығыстардың туындауына жол бермеу мәселесін бақылауда ұстауды тапсырды.

«Жұмысшылардың негізсіз босатылуына жол бермеу керек», — деді Премьер-Министр.

А. Мамин кәсіпорындарда жұмысшылардың еңбек және әлеуметтік мәселелерін дұрыс шешудің мысалдарын келтіріп өтті.   

Көптеген компаниялар Мемлекет басшысының жалақысы төмен жұмысшылардың еңбек ақысын арттыру жөніндегі бастамасына қолдау білдірді.

Ал,  Премьер-Министр елдің барлық өңірлерінде оң тәжірибені белсене қолға алуды тапсырды.

Сондай-ақ,  Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне  өз кезегінде, Кәсіподақтар федерациясы мен «Атамекен» палатасының бүгінгі отырыста айтылған ұсыныстарды мұқият қарап, бір ортақ шешімге келу тапсырылды.

«Үшжақты комиссиялардың жұмыс форматын қайта қарау керек, әсіресе өңірлерде. Олар белсенді жұмыс жасаулары қажет. Бұл орайда формализмге жол беруге болмайды», — деді А. Мамин.

Сонымен қатар, Премьер-Министр еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етудің аса маңыздылығын атап өтті. Осыған орай, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне тиісті мемлекеттік органдармен және кәсіподақтармен бірлесіп бір ай ішінде еңбек қауіпсіздігі бойынша бес жылға арналған кешеді Жол картасын әзірлеу тапсырылды.

Аягөз Құрмаш 

Оқи аласыздар:

7-20-25 пен Нұрлы Жер арқылы көпбалалы отбасыларға үй беріледі

Мектептердегі тәртіпсіздік қатаң жазаланады

 1 сәуірден бастап атаулы әлеуметтік көмектің мөлшері қалай өзгереді

7-20-25 пен Нұрлы Жер арқылы көпбалалы отбасыларға үй беріледі