Республика жаңалықтары

25 Маусым 2019 11:43
Арыс қаласындағы оқиғаның салдары – қаланың бүгінгі жағдайы қандай?

Үкімет басшысы Асқар Мамин Арыс қаласындағы жарылыстан екі адам қаза тапқанын мәлімдеді.

«Арыс қаласының тұрғындары түгел қауіпсіз жерге көшірілді. Өкінішке орай 2 адам: азаматтық тұлға және әскери қызметкер қаза тапты. Осы орайда олардың ата-ана, туған-туыстарына қайғырып көңіл айтамыз. Зардап шеккендердің барлығына медициналық көмек көрсетілуде», - деді ҚР Премьер министрі Асқар Мамин.

ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов жарақат алғандардың денсаулық жағдайы туралы баяндап берді.

«Қазіргі уақытта 165 адам медициналық көмекке жүгінген. Оның ішінде 76 адамға амбулаториялық көмек көрсетілді, 89 пациент стационарлық емге жатқызылды, жансақтау бөлімінде жатқан 15 адам политравма диагнозымен ем қабылдауда. Пациенттердің негізігі бөлігі Шымкент қаласындағы облыстық клиникалық, облыстық балалар және қалалық клиникалық ауруханаларда емделуде, кейбір науқастар Түркістан облысының аудандық орталықтарында емделіп жатыр. Медициналық көмек көрсету үшін жалпы 22 медициналық бригада жұмылдырылған. Оның арасында 4 бригада жамбыл облысынан. Қазіргі күнде қосымша 12 бригада дайындықта отыр. Сонымен қатар санитарлық екі ұшақ дайын тұр. Алматы қаласынан көмек көрсету үшін екі мультидисциплинарлық команда жіберілді, олардың арасында реаниматологтар, травматологтар, балалар дәрігерлері, нейрахирургтар бар. Солардың көмегімен 1 операция жасалды. Қазіргі күнде реанимацияда екі бала бар. Оларға қажетті көмек көрсетілген. Жалпы барлық науқстар ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бақылауында. Қажетті дәрі-дәрмек, медициналық жабдықпен қамтамасыз етілген», - деп сөзін түйіндеді ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов.

ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев қалада ұрлық пен қылмыстық оқиғаларды болдырмау үшін 75 полиция жасағы жұмыс істеп жатқанын айтты.

«Апатқа байланысты жедел желіге 11 мыңнан астам қоңырау келіп түсті. Қазіргі уақытта снарядттардың шашырап жарылуына баланысты әскери бөлімнің қоймаларындағы өртті сөндіру мүмкін болмай отыр. Сол себепті қаладан 41 мыңға жуық азамат көшірілді, оның ішінде 39 мыңы өз күшімен көшсе, 2 815 адам эвокуацияланды. Қалада 23 өрт сөндіру бригадасы жұмыс істейді. 19 тұрғын үйде, 9 шаруашылық ғимараттарында және шөп-шаламнан туындаған 14 табиғи өрт сөндірілді. Қылмыстық және ұрлық фактілерін болдырмау үшін 75 полиция жасағы жұмыс істеп жатыр. Сонымен бірге тұрғын үйлер мен дүкендерді тонаған үш адам ұсталды», - деді министр.»», - деді Ерлан Тұрғымбаев.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта құқықты қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қала халқының мүлкін  қорғау шаралары қолға алынууда. Қалада 75 полиция жасағы жұмылдырылып, 3 блок-пост орнатылған. Қаладан шыққан көліктер тексеріліп, жедел тергеу тобы жұмыс істеп жатыр.

Сондай-ақ ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин екі адамның өлімінің жай-жапсарын айтып берді.

«Бүгін біз екі адамның өлімін растай аламыз. Біреуі – жеке азамат, Арыс қаласының тұрғыны. Оның көлігіне снаряд түсіп, алған ауыр жарақатынан қайтыс болды. Ал құрбан болған екінші адам – Қорғаныс министрлігінің келісім-шарт қызметіндегі жауынгері болған. Оның денесі іздеу кезінде әскери бөлімнен жақын жерден табылды», - деді Юрий Ильин.

Сонымен қатар ол іздеуде жүрген барлық балалардың табылғанын жеткізді. ІІМ орынбасары Юрий Ильин жарылыс кезінде барлық балабақшалардан сәбилер эвакуацияланғанын, туған-туыстарында, таныстарында болған немесе адасып қалған балалардың барлығы табылып, ата-аналарына тапсырылғанын, арыз-шағымның жоқтығын айтты.

Айдана Абдрахманова

Барлық материалдарды t.me/strategykz telegram аккаунтынан оқи аласыздар.