Республика жаңалықтары

20 Қараша 2018 13:04
Жолдауды іске асыру: Қазақстан халқы Ассамблеясы 12 арнайы жоба әзірледі

ҚХА Төрағасының орынбасары  - Хатшылық меңгерушісі  Леонид Прокопенко өз сөзінде Мемлекет басшысының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауы, Елбасының   Бес әлеуметтік бастамасымен бірге әлеуметтік әл-ауқаттың ұлттық үлгісін қалыптастырудың бір кезеңі  болды деп атап өтті.

Ал  Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Нәзипа Шанаи бүгінгі күні Ассамблея өзінің басты міндетін атқарып отырғанын жеткізді.

«Жолдау жарияланған күннен бастап Ассамблея аталған бағыттағы жұмыстарға кірісіп кетті. Осы уақыт аралығында жалпыұлттық жоспарға Жолдауда берілген  тапсырмаларды іске асыруға арналған шаралардың тізбесін дайындадық. Алғашқы күннен бастап кеңес мүшелері мен этномәдени бірлестіктердің басшылары, Ассамблея атынан сайланған депутаттар елдің арасында халыққа қажетті деген ақпаратты жеткізу бағытында насихаттау жұмыстарын жүргізіп жатыр», - деді ол.

Оның айтуынша, Жолдауда тұрған  мақсат-міндеттерді тек қана Ассамблея мүшелері ғана емес, әрбір азамат жүзеге қалай асыра алуына қатысты шаралар іске асты.

«Облыс орталықтарында және аудандар мен ауылдарда бүгінге дейін 8 мыңды қамтитын шаралар өтті. Бірлестіктер мен Ассамблея мүшелері ұсынған жобалардың ішінде, ерекше бастамалардың бірі «Жаңғырған ауыл» болып табылады. Елбасы қалаларға шоғырландыру туралы мәселені көтерген болатын, урбанизация дегеніміз барлық ауылдағы халықты қалаға көшіру деген сөз емес, ауылдың деңгейін қаланың деңгейіне жеткізу», - деді Н.Шанаи.

Сондай-ақ, ол болашақ жастардың қолында екенін тілге  тиек етті.

«Келесі жылды Елбасы «Жастар жылы» деп жариялағанына байланысты Ассамблеяның «Жаңғыру жол»  республикалық    жастар қозғалысының жастары бірге жиналып, бір жылдың ішінде атқаратын  шаралардың жол картасын әзірлеп жатыр. Жол картасының ішінде көптеген бағыттар бар. Басты бағдарын ауылға арнап отырмыз. Ауыл шаруашылығы институттарымен бірлесе атқаратын жұмыстар бар», - деді ол.

Сондай-ақ, ол Ассамблеяның  басты міндеті жалпыреспубликалық мәселелерді  шешу  болғандықтан әрбір    этномәдени бірлестік өздеріне белгілі бір бағытты  таңдайтынын жеткізді.

«Мысал ретінде Астанадағы қырғыз этномәдени бірлестігін айтуға болады. Ұйым еңбек мигранттарымен етене жұмыс істейді. Себебі, Қазақстанға тұруға келген  әрбір адам біздің заңдарды біле бермейді. Біздің аймақта адам өзін-өзі табуы, тануы үшін, қоғамдық келісімді бұзбау үшін оларға қолдау керек. Біздің елге келген қырғыз мигранттарды толық тексеру жұмыстары да ұйымдастырылады.  Қазір көптеген вирустар жайылып кетуі мүмкін. Сондықтан да әрбір бірлестік әлеуметтік маңызы бар  жұмыстарды атқарып отыр», - деді ол.

Сонымен қатар, Н.Шанаидың айтуынша, Әзірбайжан этномәдени орталығы газбен қамтамасыз ету жұмысына аса назар аударып отыр.

«Газды үйге дейін тартып бергенмен, одан өзге жұмыстар жеке меншік  иесіне артылады. Бұл орайда газ тартуға біреудің жағдайы болса, бірінікі болмай жатады. Осы мәселелер бойынша Түрік және Әзірбайжан этномәдени бірлестіктері аз қамтылған отбасыларға көмек көрсетеді», - деді ол.

Сондай-ақ, ҚХА мүшелері Мемлекет басшысының Жолдауын ілгерілету және түсіндіру бойынша белсенді жұмыс жүргізуде. ҚХА-ның барлық құрылымдары Жолдауды түсіндіру бойынша 1940 іс-шара өткізді.

Отырыста Қазақстан халқы Ассамблеясының (2025 жылға дейінгі) даму тұжырымдамасының жобасы қаралды. ҚХА Кеңесінің мүшелері Қоғамдық даму министрлігі ұсынған негізгі тәсілдерді мақұлдады.

Сонымен қатар, ҚХА Кеңесі Ассамблеяның этномәдени бірлестіктерін қоғамдық аккредиттеу ережелерін, аккредиттеу жөніндегі республикалық және өңірлік комиссиялар туралы ережені, республикалық комиссияның құрамын және аккредиттеуді өткізу кестесін қарап, бекітті.

Отырыс қорытындысы бойынша, Кеңес ұйымдастыру мәселелерін қарады, сондай-ақ ҚР Президентінің, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасының қарауына Ассамблеяның «Бірлік» алтын медалімен, «Жомарт жан» төсбелгісімен, ҚХА Төрағасының Құрмет грамотасымен және Алғыс хатымен марапаттау бойынша кандидатураларды ұсынды.

Аягөз Құрмаш 

Фото: Нұржас Жақсыбай