Республика жаңалықтары

29 Мамыр 2020 17:35
Қордай ауданындағы нысандарды қалпына келтіру жұмыстары тамыздың соңына дейін аяқталады

Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаевтың айтуынша, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырмасына сәйкес, үкіметтің қадағалуымен Қордай ауданында төтенше жағдай салдарынан зардап шеккен нысандарды қалпына келтіру жөніндегі жұмыстары бүгінгі күнде қарқынды жүріп жатыр.

"Әрбір қалпына келтіру нысандарын анықтап, заңға сәйкестігін тексеріп, оларды зерделеп, сапасын, сонымен қатар уақытылы аяқталуын қадағалау үшін облыста тиісті жұмысшы тобы құрылды. Комиссия құрамына белсенді азаматтар, мәслихат депутаттары, үкіметтік емес ұйымдар және тиісті мемлекеттік азаматтар кіріп отыр", - деді ол.

Оның айтуынша, бүгінде зардап шеккен 65 нысанның 54-де, оның ішінде 41 тқрғын үй, 13 коммерциялық нысандарда 30 сәуірден бастап қалпына келтіру жұмыстары басталып кетті. 

"Оған тиісті мердігерлер жұмылдырылып, жұмысын атқарып жатыр. Осыған орай 5 адамнан құралған қоғамдық қайырымдылық қоры қорылды. Демеушілердің есебінен осы қорға бүгінгі таңда 104 млн теңге қаражат аударылды. Қазіргі кезде 6 нысанда жұмыс толығымен аяқталды. Қалғандарын біз тамыз айының соңына дейін бітіруді жоспарларп отырмыз. Бұдан бөлек орташа зардап шеккен негізінен күрделі жөндеуді қажет етпейтін 103 нысанда демеушілердің көмегімен орнына келтірілді", - деді Ержан Жылқыбаев. 

Бұдан бөлек облыс басшысының орынбасары аудан тұрғындарына көрсетіліп жатқан әлеуметтік-экономикалық шараларға тоқталып өтті. 

"Бүгінгі таңда Қордай ауданында зардап шеккен 39 отбасыға 44 млн теңге көлемінде көмек көрсетілді. Қосымша ауданның 936 отбасына 122 тонна азық-түлікпен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар асыраушысынан айырылу жағдайына байланысты қайтыс болған отбасыларына ай сайын орта есеппен 55 мың теңге әлеуметтік жәрдемақы тағайындалып, төленіп жатыр. Төтенше жағдай кезінде табысынан айырылған  аудан тұрғындарына 42 500 теңгеден кепілдендірілген әлеуметтік топтамамен 55 мың аудан тұрғындарына және атаулы әлеуметтік көмек аясында 813 отбасыға барлығы 2 млрд теңге қаражат төленді", - деді ол.


Сонымен қатар Ержан Жылқыбаев қордайлықтарды мазалаған сұрақтарды анықтайтын жоба жасалғанын айтып өтті. 

"Қордай ауданында алғаш рет облыстық деңгейде «Бейбітшілік пен келісім» пилоттық жобасы жүзеге асырылды. Жобаның тұжырымдамасына сәйкес 5 топ бекітілді, атап айтқанда, "ақпараттық түсіндіру", "әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерді шешу", "ауылда бизнесті дамыту", "діни мәселелер" және "құқық қорғау". Оның құрамына – мемлекеттік, құқық қорғау органдарының, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, сарапшылар қауымдастығы, жергілікті мәслихат депутаттары және т.б. жалпы саны 107 адам енді", - деді ол.


Өңір басшысының орынбасары айтып өткендей, ағымдағы жылдың 12-18 наурыз аралығында Қордай ауданында 5 бағыт бойынша топ мүшелері өз жұмыстарын жүргізді. Жалпы жоба барысында 432 іс-шара ұйымдастырылып, 13 089 адам қамтылған.

"Аталған жоба тиімділігі аудандағы қоғамдық-саяси ахуалды зерделеуге, тұрғындардың тыныс-тіршілігін, көңіл-күйін, алаңдататын өзекті проблемалық мәселелерін анықтауға, консультациялық шаралар барысында қажеттіліктеріне қарай әлеуметтік көмек көрсетуге, мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіруге және жылдар бойы шешімі табылмаған жүйелі проблемаларды анықтауға мүмкіндік берді. 5 топ жұмысының қорытындысы бойынша нақты мерзімдерін анықтай отырып, анықталған мәселелерді шешу жөніндегі «Жол картасы» бекітілді. Жол картасы бес блоктан және 89 тармақтан тұрады", - деді Е.Жылқыбаев.

Еске салайық осы жылдың 7-8 ақпанында Қордай ауданының 3 ауылында 2 мыңнан астам адамның қатысуымен жппай тіртіпсіздік орын алғаны белгілі. Салдарынан 11 азамат қаза болды. 

"10 кісі қолынан қаза тапса, 1 адам өртенген сауда үйінің құлауы салдарынан қайтыс болды. 140 азамат және 20 полиция қызметкері әртүрлі жарақат алды. 164 тұрғын үй мен сауда обьектісі, 100-ден астам автомашина бүлінді. 342 адам жәбірленуші деп танылды. 400-ден астам әртүрлі сот сараптамалары жасалды. 1500-ден астам адамнан жауап алынды. 59 адам қылмыстық жауапқа тартылуда. Олардың арасында әртүрлі ұлт өкілі, соныың ішінде қазақтар мен дүнгендер бар", - деді жиынға қатысқан ҚР арнайы прокурорлары қызметінің басшысы Ризабек Ожаров.


Сонымен қатар ол арнайы жұмысшы тобы құрылып, бірнеше қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатқандығын атап өтті.
"Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Қордай оқиғасы бойынша қылмыстық істерді тергеп-тексеруді ерекше бақылауға алынды. Осы мақсатта бас прокурор арнайы пркурордың басшылығымен ведомствоаралық тергеу тобын құрды. Адам өлтіру, жаппай тәртіпсіздіктерге қатысу, полиция қызметкерінің өміріне қол сұғу, ұрлық, тонау, қарақшылық және мүлікті жою фактілері бойынша 29 қылмыстық істі тергеп, тексеріп жатырмыз", - деді ҚР арнайы прокурорлары қызметінің басшысы.