Сәтбаев қаласының қоғамдық кеңесінің ережесі

Сәтбаев қалалық мәслихатының

2016 жылғы 29 сәуірдегі

3 сессиясының № 33 шешімімен

бекітілген

Сәтбаев қаласының қоғамдық кеңесінің ережесі

1.Жалпы ережелер

1. Осы Сәтбаев қаласының қоғамдық кеңесінің ережесі (бұдан әрі – Ереже) «Қоғамдық кеңестер туралы» 2015 жылғы 2 қарашадағы Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 8-бабының 5-тармағына сәйкес әзірленді.

2. Сәтбаев қаласының қоғамдық кеңесі – коммерциялық емес ұйымдармен, азаматтармен бірлесіп құрылған жергілікті мемлекеттік басқару органдары өз құзыретіндегі мәселелер бойынша құратын консультативтік-кеңесші, бақылаушы орган.

3. Мемлекеттік органдардың жанынан Заңда көзделгеннен өзгеше тәртіппен құрылатын консультативтік-кеңесші, байқаушы органдар және коммерциялық емес ұйымдар «Сәтбаев қаласының қоғамдық кеңесі» атауына ие бола алмайды және  Заңда белгіленген өкілеттіктерді толық көлемде иелене алмайды.

4. Сәтбаев қаласының Қоғамдық кеңесі өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, оған сәйкес заңдарды, Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерін, өзге де нормативтік құқықтық актілерді, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.

5. Сәтбаев қаласының қоғамдық кеңесінің ұсынымдары Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген шешімдерді қабылдайтын және уәжді жауаптар беретін мемлекеттік органдардың қарауы үшін міндетті болып табылады.

6. Жезқазған кентіндегі қоғамдық кеңестің функциялары «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген өкілеттіктерге сәйкес Жезқазған кентінің жергілікті қоғамдастық жиналысына жүктеледі.

 

2.Сәтбаев қаласының Қоғамдық кеңесін қалыптастыру тәртібі

7. Сәтбаев қаласының қоғамдық кеңесі мемлекеттік органдардың өкілдерінен және конкурстық негізде – коммерциялық емес ұйымдардың өкілдерінен, азаматтардан тұратын жұмыс тобы қалыптастырады.

Қоғамдық кеңес мүшелігіне кандидатураларды коммерциялық емес ұйымдар, азаматтар ұсынуы, оның ішінде адамдардың өзін-өзі ұсынуы мүмкін.

8. Сәтбаев қаласының қоғамдық кеңесіндегі азаматтық қоғам өкілдерінің саны оның мүшелерінің жалпы санының кемінде үштен екісін құрауға тиіс.

9.Қоғамдық кеңес өкілеттіктерінің мерзімі үш жылды құрайды. Қоғамдық кеңес мүшелерінің санының құрамын жұмыс тобы айқындайды.

10. Жұмыс тобы конкурс туралы хабарландыруды атауын, пошта мекенжайын, құжаттарды тапсыру мерзімдерін, конкурсқа қатысу үшін «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңның 10-бабына сәйкес құжаттар және өзге де мәліметтер жіберілетін электрондық поштаның мекенжайын көрсете отырып, жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында жариялайды және (немесе) қалалық мәслихаттың интернет-ресурсында орналастырады.

11. Коммерциялық емес ұйым болып табылатын бір заңды тұлғадан Сәтбаев қаласының қоғамдық кеңесіне бір ғана өкіл сайлана алады.

12. Сәтбаев қаласының қоғамдық кеңесінің қалыптастырылған құрамы мемлекеттік органның шешімімен немесе жергілікті өкілді органның шешімімен бекітіледі және бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануға және (немесе) тиісті органның интернет-ресурсында орналастырылуға жатады.

13. Қоғамдық кеңесті қалыптастыру тәртібінің өзге де мәселелері мемлекеттік органның басшысы немесе жергілікті өкілді орган бекітетін Қоғамдық кеңес туралы ережеде айқындалады.

3. Сәтбаев қаласының қоғамдық кеңесін қалыптастыру жөніндегі жұмыс тобының мүшелерін іріктеу тәртібі, оны өткізу мерзімі және жұмыс тобының өкілеттіктері

14. Сәтбаев қаласының қоғамдық кеңесін қалыптастыру жөніндегі жұмыс тобының мүшелерін іріктеу тәртібі, оны өткізу мерзімі және жұмыс тобының өкілеттіктері Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 1194 қаулысымен бекітілген Қоғамдық кеңес туралы үлгілік ережесімен айқындалады.

4. Сәтбаев қаласының қоғамдық кеңесінің мақсаты мен міндеттері

15. Азаматтық қоғамның қоғамдық маңызды мәселелер бойынша пікірін білдіру Сәтбаев қаласының қоғамдық кеңесі қызметінің мақсаты болып табылады.

16. Сәтбаев қаласының қоғамдық кеңесінің міндеттері:

1) азаматтық қоғамның мүдделерін білдіру және жергілікті деңгейлерде шешімдерді талқылау мен қабылдау кезінде жұртшылықтың пікірін ескеру;

2) жергілікті атқарушы органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының азаматтық қоғаммен өзара іс-қимыл жасауын дамыту;

3) қоғамдық бақылауды ұйымдастыру және жергілікті атқарушы органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдары қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету болып табылады.

5. Сәтбаев қаласының қоғамдық кеңесінің өкілеттігі

17. Сәтбаев қаласының Қоғамдық кеңесінің өкілеттігіне мыналар:

1) бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің бюджеттік бағдарламаларының жобаларын, стратегиялық жоспарлардың немесе қаланы дамыту бағдарламаларының жобаларын, талқылау;

2) бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің бюджеттік бағдарламаларының, стратегиялық жоспарлардың немесе қаланы дамыту бағдарламаларының орындалуын талқылау;

3) атқарушы органдардың нысаналы индикаторларға қол жеткізуі туралы есептерін талқылау;

4) бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің бюджеттік бағдарламалардың іске асырылуы туралы, тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізуден түсетін ақша түсімдері мен шығыстары жоспарларының орындалуы туралы, қайырымдылықтан түсетін ақшаның түсуі мен жұмсалуы туралы есептерін талқылау;

5) азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеуге және талқылауға қатысу;

6) қызметтік әдеп нормаларының сақталуын қоса алғанда, мемлекеттік басқаруды жетілдіру және мемлекеттік аппараттың ашық жұмысын ұйымдастыру мәселелері бойынша жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау;

7) Қазақстан Республикасының заңнамасын жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлеу және оларды мемлекеттік органдарға енгізу;

8) қоғамдық бақылауды «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңда көзделген өзге де нысандарда жүзеге асыру;

9) Қоғамдық кеңес туралы ереженің жобасын оның бірінші отырысында талқылау және бекіту үшін мемлекеттік органға енгізу;

10) қызмет бағыттары бойынша комиссиялар құру жатады.

18. Осы бөлімнің 1-тармағының  2),  3),  4),  6),  7)  және  8) тармақшаларында көзделген өкілеттіктердің орындалу қорытындылары бойынша Қоғамдық кеңес тиісті мемлекеттік органға ұсынымдар енгізеді, ол тиісті мемлекеттік органның бірінші басшысы не оны алмастыратын адам қол қоятын уәжді жауапты бір ай ішінде, ал 1) тармақша бойынша он жұмыс күні ішінде береді.

6. Сәтбаев қаласының қоғамдық кеңесінің және оның

мүшелерінің құқықтары мен міндеттері

19. Сәтбаев қаласының қоғамдық кеңесі мүшелері өз өкілеттіктерін іске асыру мақсатында:

1) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген негізде және тәртіппен мемлекеттік органдарға, жергілікті мемлекеттік басқару органдарына кіруге;

2) тиісті мемлекеттік органмен келісу бойынша жергілікті мемлекеттік басқару органдарының өзге де жұмыс органдарының жұмысына қатысуға;

3) «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңда белгіленген өз өкілеттіктерін жүзеге асыру мақсатында қоғамдық маңызы бар мәселелер бойынша мемлекеттік органдарға, жергілікті мемлекеттік басқару органдарына жүгінуге құқығы бар.

20. Өз қызметінде Сәтбаев қаласының қоғамдық кеңесі және оның мүшелері:

  1. Конституцияның, оған сәйкес келетін заңдардың, Қазақстан Республикасының Президенті, Қазақстан Республикасының Үкіметі актілерінің, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік-құқықтық актілерінің нормаларын сақтауға;

2) өз қызметін жұртшылықпен өзара іс-қимыл жасай отырып жүзеге асыруға;

3) жылына екі реттен сиретпей бұқаралық ақпарат құралдары және (немесе) интернет-ресурстар арқылы халыққа Қоғамдық кеңестің қызметі туралы ақпарат беруге;

4) өз қызметі туралы жылдық есепті бұқаралық ақпарат құралдарында жариялауға және (немесе) тиісті мемлекеттік органның, жергілікті өзін-өзі басқару органының интернет-ресурсында орналастыруға міндетті.

7. Сәтбаев қаласының қоғамдық кеңесінің отырыстарын өткізу шарттары мен тәртібі, сондай-ақ шешімдер қабылдау тәртібі

21. Сәтбаев қаласының қоғамдық кеңесінің жұмысының негізгі нысаны отырыстар болып табылады.

Қоғамдық кеңестің отырысы оның мүшелерінің жалпы санының кемінде үштен екісі қатысқан кезде құқықты деп есептеледі. Қажет болған жағдайларда Сәтбаев қаласының қоғамдық кеңесінің отырысына оның шешімімен мемлекеттік органдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының, ғылыми, кәсіптік және басқа да ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ сарапшылар мен өзге де мамандар шақырылуы мүмкін.

22. Қоғамдық кеңестің отырыстары ашық болып табылады. Әр отырыстың алдында қатысушыларды тіркеу жүргізіліп, оның қорытындысы отырыстың алдында Қоғамдық кеңестің төрағасына хабарланады.

23. Сәтбаев қаласының қоғамдық кеңесінің бірінші отырысын жұмыс тобының жетекшісі – қалалық мәслихаттың хатшысы ашады.

Осы отырыста ашық дауыс беру арқылы Сәтбаев қаласының қоғамдық кеңесінің төрағасы, хатшысы және төралқасының барлық құрамы сайланады.

24. Отырыстың күн тәртібі қоғамдық кеңестің төрағасымен қоғамдық кеңестің жұмыс жоспарын негізге ала отырып, коммерциялық емес және азаматтармен енгізілген сұрақтар бойынша қалыптастырылады.

25. Отырысты өткізуге дайындықты Сәтбаев қаласының қоғамдық кеңесінің төралқасы ұйымдастырады.

8. Қорытынды ереже

26. Сәтбаев қаласының қоғамдық кеңесі қызметінің жүзеге асырылу тәртібі және оның өкілеттігін қоғамдық бақылау саласында іске асыру Қазақстан Республикасының «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңымен айқындалады.