Жаңалықтар

26.04.2016
Ұлттық мұра – қазынамыз

Теңдессіз теңдікке қол жеткізгеннен бері еліміз ата-бабадан қалған асыл мұраларды жаңғыртып, көненің көзін ашуға аса мән берді. Қай өңірде болсын қолөнерді заманауи үлгіде дәріптеп жүрген ұсталар мен шеберлерге қолдау көрсету, олардың туындыларын жарыққа шығару – мәдени мұраларымыздың кейінгі буынға қаз қалпында жетуіне негіз болуда. Алайда, Ұлытау өңіріндегі қолөнер шеберлері мен ұсталарының кейінгі буынын көпшілік тани бермейді.

Осы тұрғыда халқымыздың бай мұраларына түрен салып жүргендердің есімін елге таныту мақсатында кенді қалада әртүрлі көрмелер ұйымдастырылып жүр. Ал, жақында қалалық әкімдіктің қолдауымен ел Тәуелсізідігінің 25 жылдығына орай «Қазақтың төл тумасы – қолөнері – ұрпаққа өнеге» тақырыбында өткен қолөнер шеберлері мен ұсталар байқауының орны бөлек. Байқаудың өтуіне мұрындық болған Ш.Діл­дебаев атындағы мұражайдың директоры Г.Жиенәлиеваның айтуынша, бұл байқауға қаланың ісмер озық он шебері қатысқан. Оларға қойылған талап та қатаң болған сыңайлы.

«Киіз үйлердің ішкі әсемдік және әрлендіру бұйымдарының ұлттық үлгіде жасалуына, ағаштан, жүннен жасалған жұмыстардың ою-өрнекті болуына қатаң талап қойылды. Мұнан бөлек, кестелеу өне­рінен де өзіндік-талап ережелеріне сай жасалған туындылар байқауға жіберілді. Шеберлердің бұл жолғы байқауын өткізудегі негізгі басымдықты біз отан­дық өнімді қолдауға және шеберлеріміздің туындыларын кеңінен насихаттауға бердік. Сонымен қоса, ісмерлеріміздің жоғарғы сападағы туындыларына сұраныс тудыру, алдағы уақытта «Ұлытау – Ел» туристік аймағы жобасы іске асса, аймақтағы шеберлеріміз бен ұсталарымыздың ортақ мүддеге жұмылуына күш салу. Осындай деген ниеттен туындаған байқау өз нәтижесін берді. Шеберлердің үздік туындыларын 2017 жылы Астана қаласында өтетін «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне жол­дасақ деген ойымыз бар», дейді Гүлсара Қоңырбайқызы. Бай­қауға қойылған туындылар, қазылар алқасынан әділ бағасын алды. Соның ішінде ағаштан жасалған бұйымдардың орны бөлек. Әсем де көркем безендірілуімен көз тартатын бұйымдарға сұраныс болса, шеберлеріміз бен ұсталарымыз олардың алуан түрін заманға сай жасап беруге әзір.

«Қолөнершілер байқауына үш ай бұрын дайындалдым. Ағаштан түйін түйіп, жаңқаға бедерлеп ою салу үлкен шыдамдылық пен төзімділікті қажет етеді. Тың дүниелермен таңдандыру – байқаудың басты қағидасы болғандықтан, мен бұл жолы қазақтың тұрмыста қолданған табақтары мен батырдың бес қаруын әзірлеп шықтым», дейді ағаш ұстасы Ержан Әбіш (суретте).

Кенді шаһарда алғаш рет ұйымдастырылған бұл байқаудың бас жүлдесін ағаш шебері Ержан Әбіш ұтып алса, І орынды ағаш ұстасы Ерғали Белисов еншіледі. Ұста Армия Есенов пен ісмер Гүлнар Шынжырбаева ІІ орынның жүлдесіне лайық деп танылса, қолөнер шеберлері Гүлсім Дәуіт, Лиза Бөлекбаева мен Несіпкүл Акишова ІІІ орынды қанжығалады. Айшолпан Ибраева, Әсел Алтаева, Сәуле Бимұратова сынды ісмерлердің де туындылары бағалаусыз қалмады. Талай шетелдіктердің таңдайын қақтырған ұлттық қолөнеріміздің дәріптелуіне күш салып жүрген шеберлер байқауына қаланың Құрметті азаматы, кәсіпкерлер ассоциациясының төрағасы А.Тұр­лыбек, жеке кәсіпкерлер Ә.Еңсебаев, Ш.Жангаскинова, Ш.Ділдебаева, мәдени-сауық орталығының директоры Н.Геймбух ақшалай демеушілік жасады.

«Мәң­гілік Ел» идеясын мұрат еткен еліміздің ұлттық мұралары да мәңгілік болуға тиісті.

Бағдат Қазкенов. Суреттер автордікі.


Вернуться назад