Жаңалықтар

30.11.2015
Шыңырауда шыңдалған, еңбегімен шыңды алған…

Бұл — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай 20 қадам» бағдарламасы аясында Жезқазған тарихи-археологиялық мұражайы қолға алған жаңа жоба. Оның тұсаукесері мұражай көрмесінде салтанатты жағдайда өтті.

«Ұлы ерлік баспалдағы» — жауапкершілігі жоғары, еңбексүйгіш, ойы ұшқыр, талапшыл, кез келген жағдайда ұжымды биік белеске бастай білетін жаңа тұрпатты басшы ретінде өзін көрсеткен адамдарға арналған жоба. Оның басты мақсаты — адамның азаматтық ажарын ашатын, бойындағы қабілетін көрсететін, болмысын бедерлейтін тек еңбек екенін елге паш ету. Кейіпкер туралы, оның табысы мен жетістігі жөнінде әңгімелеу. Кез келген күрделі жағдайда ұтқыр шешім қабылдай білетін қабілетін көрсету. Кейіпкер бойындағы барлық қастерлі қасиетті кейінгі ұрпақтың игілігіне айналдыру.

20151127-12-01

Алдына мерейлі мақсат қойған осындай жобаның алғашқы кейіпкері «Қазақмыс» корпорациясы күрделі құрылыс департаментінің Жезқазған аймағындағы жобаларын үйлестіруші, Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы, Батыс және Оңтүстік Жезқазған, «Степной», «Жомарт», «Анненск», «Нұрқазған» кеніштерінің директоры, «Құрмет» ордені мен «Кенші даңқы» төсбелгісінің толық иегері, «Құрметті кенші» Әмірбек Шегірбаев ағамыздың болуында бір заңдылық жатқан сыңайлы. Шындығында көшбасшылығымен көрінген білікті басшының шырайын шығарған одан артық тұлғаны бұл аймақтан таппайсыз. «Шегірбаев» десең, одан артық анықтаманың қажеті жоқ.

Дегенмен, «Әмірбек ағаны бір адамдай білеміз» деп жүрген журналистердің өзі осы басқосуда оны басқа қырынан танып, таң-тамаша болды. «Қабағынан қар жауған», әлемдегі небір қатал тұлғалар лақап ат болып таңылған оның жан-дүниесі жоба жетекшісі, мұражай директоры Зинаида Чумаковамен болған әңгіме барысында, жергілікті журналистер өткізген жедел-сұхбатта жарқырай көрінді. «Анама», «Ауылдағы досыма», «Өскен жерім», «Көктем» сияқты тебіреніске толы өлеңдер жүрегі нәзік жанның толғанысынан туатынын мойындаған абзал. Ол сонымен қатар, әдемі әзілімен, қағытпа қалжыңымен, тапқыр жауабымен жиналған жамиғатты бір желпіндіріп тастады.

Мұражай қызметкерлері терең талғаммен дайындаған «Мысты өлкенің жасампазы» слайд-шоуы мен жергілікті «Дидар» телеарнасы түсірген «Еңбектен тапқан бақытын» атты бейнетаспаны тамашалау барысында жоба кейіпкерінің өміріндегі кесек-кесек кезеңдердің кестелі көрінісіне куә болдық. Біз оны саналы түрде қайталамаймыз. Себебі, Әмірбек Шегірбаевты аймақ жұртшылығына таныстырып жатудың өзі артық. Ал, жадын жаңғыртуға ниеттенгендер табылып жатса, Жезқазған тарихи-археологиялық мұражайының Ғарышкерлер бақжолындағы көрме залына барып, тамашалауына әбден болады.

Бұл басқосу жиналған жамиғатқа жағымды әрі әдемі әсер сыйлаған шырайлы да шуақты шара болды. Еліне елеулі, халқына қалаулы атасын құттықтауға арнайы келген «Балбөбек» балабақшасының бүлдіршіндері тәтті тілімен тақылдатып тақпақ айтып берді. «Импульс» ансамблінің мың бұралған бишілері кеш көркін ажарландырды. ҚР-ның еңбек сіңірген әртісі, Т. Қалмағанбетов атындағы филармонияның әншісі Ғалым Мұхамедин, Мәскеу мен Сочиде өткен «Үздіктердің үздігі» байқауының жеңімпазы Райымбек Арыстанов шырқаған әндер құлақ құрышын қандырды.

Кенші мамандығын таңдаған, Ө.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінің тау-кен факультетінде оқитын, өзін құттықтауға келген бір топ студентке аға ұрпақ өкілі Әмірбек Шегірбаев ақыл-кеңесін айтып, келешекте табыс тіледі, естелік суретке түсті. Көңілді кеште тілек тасқыны толастамады. Көпшіліктің көл-көсір көңілін жоба кейіпкеріне Сәтбаев қалалық мәслихатының хатшысы Т.Хмилярчук, «КәсіпҚазақмыс» Жезқазған филиалының төрағасы Е.Сатыбалдин, «ҚазақмысСервис» кәсіп-орнының директоры А.Купар, «Жезқазғантүстімет» ӨБ әлеуметтік-еңбек қатынастары бөлімінің бастығы Т.Тәжбенов, корпорация ардагерлері кеңесінің төрағасы Т.Бүкіров, тағы басқа әріптестері жеткізді.

Әмірбек Шегірбаев Жезқазған тарихи-археологиялық мұражайының қорына өзінің кенші каскасын арнайы сыйға тартып, осындай тартымды шара ұйымдастырғандарға алғыс айтты. Ал, мекеме басшысы З.Чумакова жоба кейіпкеріне арнайы дайындалған естелік сыйлықтарды табыстады.

Әлібек ӘБДІРАШ, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі


Вернуться назад