Жаңалықтар

12.11.2015
Статистика саңлақтары

Бір ғасырға жуық тарихы бар бұл мамандық заман талабына сай жан-жақты дамып, мемлекеттегі басты қызметтердің біріне айналды. Қоғам өмірінің сандық заңдылықтарын олардың сапалық мазмұнымен ажырағысыз байланыста сипаттайтын статистикалық ақпаратты жинап, өңдеуді, талдау мен жариялауды қамтитын қызмет саласы ретінде мемлекетте басты рөлге ие статистика мамандығы сан алуандығымен ерекшеленеді.

Шаһарымыздағы статистика басқармасы да жаңа технологиялардың легінде қызметін электрондық нұсқада халыққа ұсынып отыр. Қаржы және есеп саласында 35 жылға жуық еңбек етіп, соның соңғы 5 жылында басқарманың басшылық қызметін атқарып келе жатқан Сәлима Қорғанбекова (суретте) өз мамандықтарының қыр-сыры жайында былай деп әңгімелейді,

– Қазақстанның бірыңғай орталықтандырылған статистика органының пайда болу күні 1920 жылдың 8 қарашасы болып саналады. Бұл күні Қазақ АССР Үкіметі қаулысымен “Қазақ АССР мемлекеттік статистика туралы Ереже” бекітіліп, Қазақ АССР Орталық статистикалық басқармасы пайда болды. Бұл басқарма губерниялық (облыстық) және уездік (аудандық және қалалық) статистикалық бюроларды басшылыққа алды, оған қоса статистика істері жөнінде кеңестер құрылып исполкомдарда дербес бөлімдер ретінде құқығы бекітілді.

Тоқсан бес жыл бұрын құрылған еліміздің статистика саласы ұзақ және күрделі кезеңдерді бастан кешірді. Өзінің дамуының әрбір кезеңінде қазақстандық мемлекеттік статистика үнемі жетіле отырып, өзінің міндетін лайықты орындап, еліміздің дамуына елеулі үлесін қосуда.

Статистика қызметін ұлттық, өңірлік және әлемдік деңгейде әлеуметтік-экономикалық үдерісті өлшейтін құрал ретінде танып, Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы қарар қабылдап, онда 2010 жыл 20 қазан Дүниежүзілік статистика күні деп жариялауды қаулы етті, сонымен қатар, мемлекеттерге тиісті түрде атап өтуді ұсынды. Оның мақсаты – ресми статистиканың көптеген жетістіктерін танымал ету, статистикалық деректерді пайдаланушыға жеткізу.

Сәтбаев қаласының статистика басқармасы Қарағанды облысы статистика департаментінің аумақтық бөлімшесі болып келеді. Негізгі міндеті – департаменттің салалық бөлімдерімен, ғылыми әдіснама және халықаралық стандарттар негізінде ақпарат жүйелерімен жұмыс жасау, оны жетілдіру, статистикалық көрсеткіштер тұтастығын, ақиқаттылығын, сондай-ақ, қала аумағында уақытылы жиналуын қамту, өңірде болып жатқан экономикалық және әлеуметтік үдерістерді, олардың даму қарқынын зерделеу, жалпылау және мемлекеттік органдар, іскер қауымды, қоғамды өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы жан-жақты статистикалық ақпаратпен қамту.

Тек еліміздегі, өзіміз тұратын өңіріміздегі нақты жағдайды түсініп, дәйекті деректердің негізінде әлеуметтік-экономикалық бағдарларды объективті түрде бағалау арқылы ғана келелі міндеттер белгілеп, табысты шеше аламыз. Бұл, әрине, бізге, статистиктерге жаңа айтарлықтай күрделі де жауапты талаптар қояды. Кейінгі жылдары статистиканы бұдан әрі дамыту мен жетілдіруде көптеген шаралар жасалуда. Біз қол жеткізген жетістіктерімізді мақтан тұтып, статистикалық ғылым мен тәжірибеге қызығушылық танытқандардың барлығымен бірге жұмыс жасауға әзірміз. Ел көлемінде жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік маңызға ие зерттеу жобалардың да жүзеге асырылуы осы статистика саласы арқылы жүргізіледі. Өздеріңіз жақсы білесіздер, жақында ел көлемінде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында жүргізілгелі отырған сауалнаманың нәтижелі болуы бізге де үлкен жауапкершілік жүктеп отыр, – дейді басқарма басшысы.

Сәлима Қорғанбекқызы Ұлытау ауданының Қаракеңгір ауылының тумасы. Жасынан есеп-қисапқа жүйрік болған Сәлима мектепті Ұлытау өңірі түлектерінің арасында алғаш болып «Алтын белгіге», ал қазіргі сүйікті мамандығына жолдама берген Ө.А.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетін математика мамандығы бойынша ерекше үлгідегі дипломға тәмамдаған.

Торқалы тоқсан бес жылдық мерейтойларына толайым табыстармен жетіп отырған басқармада қаржыгер-экономист Мәрия Көкенова, Гүлсім Исатаева, Ардақ Тілегенова сынды білікті мамандар қызмет етеді. Қай салада өсу, кему көрсеткіштері мен себеп-салдарын құжатқа хаттап, санада сақтап жүрген санаулы ғана статист мамандарымыз өз істеріне берілген жандар.

– Жаңа технологияның дамып, өркениеттілік сатысына көтерілген ХХІ ғасырда статистика саласында көптеген өзгерістер болды. Әсіресе, бізге тіркелген құжаттар, мемлекеттік мекемелердің есеп-қисабы электронды нұсқада онлайн режимде сайтта жарияланып, ақпараттардың халыққа қолжетімділігі кеңейді. Қалаға қатысты әрбір деректердің, бекітілген жоспарларға сәйкес зерттеліп, зерделенуі, талап етілген құжаттардың уақытылы әрі сапалы орындалуы Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің статистика комитеті мен облыстық статистика департаментінің басты назарында. Әрбір мекемемен, әрбір азаматпен қоянқолтық тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеудің нәтижесінде ісімізде кешеуілдету, онлайн режимге түсетін ақпараттардың мерзімінен қалыс жариялануы болған емес. Бұл – ортақ істегі тіл табыса білудің жемісі, – дейді жетекші маман Гүлсім Исатаева.

Гүлсім Сағындыққызының сөзін басқарманың жетекші маманы Ардақ Тілегенова жалғастыра түсті.

– Статистика мамандығы – аса мұқияттылықты әрі жоғарғы біліктілікті қажет ететін сала. Ізденіссіз істің нәтижелі болуы мүмкін емес. Сондықтан да, біз өзімізге жүктелген жауапкершіліктің өте маңызды екендігін пайымдай отырып, жаңа жүйелермен жұмыс жасауға тырысамыз. Бізге қойылған талаптарға сәйкес үш жылда бір рет білім жетілдіру курстарынан өтіп, квалификациялық дәрежені көтеру міндеттелген. Оның сыртында қандай заңдарда өзгерістердің болғандығын жиі саралап тұрамыз. Жалпы алғанда, біздің мамандық – тұтас бір қоғамның ғасырлар бойғы тарихын санамалап, санмен қалдыру. Осы істе барлық сәтбаевтық тұрғындардың қомақты үлестері бар деп нақты айта аламыз, – дейді ол.

Олар біліктілігімен көзге түсіп, сан саланың деректері мен дәйектерін жатқа айта алатын маманға айналды. Сондықтан болар, оларды қалың көпшілік статистика саласының саңлақтары атап кетті.

Бағдат Қазкенов. Суреттер автордікі.


Вернуться назад