Жаңалықтар

11.11.2015
Ақын мұражайына саяхат

«Сырда туып, қырда өстім» деп жыр ағынын ағытып, термелетіп, шындықты шырқап өткен Шынболат Ділдебаевтың артында рухани мол мұра қалды. Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген мәдениет қызметкерінің есімімен аталатын Кеншілер сарайында ашылған мұражай ақын өмірінің барлық кезеңін көз алдыңызға әкелетін жәдігерлерге тұнып тұр.

Заманының заңғары атанған ақынның жұбайы, мұражай директоры Гүлсара Жиенәлиева Шынкеңнің туған және өмірден өткен күндерінде жыл сайын мектеп оқушыларына арнап көрме ұйымдастырады. Дәстүрге айналған көрмені биыл да мектеп оқушылары ерекше ықыласпен тамашалап, ақын мұражайына саяхат жасады.

– Жалпы мұражай қорында 2500-ден астам жәдігер бар. Ақын тұтынған заттар, ел құрметіне бөленіп, айтыстарда алған сыйлары, ақынның және отбасы мүшелерінің суреттері, елімізге танымал тұлғалардың Шынкең жайлы жазған естеліктері, өзінің жыр жинақтары мұражай төрінде топтастырылған. «Жақсыны – көрмекке» деген ғой қазақ. Бүгін міне, жас буын аталарының шығармашылық әлемін тануға келіп жатыр. Бұл өте қуанарлық жағдай. Балалар қызығушылық танытып, әр жәдігердің тарихы туралы сұрап, мәліметтер алуда, – дейді Гүлсара Қоңырбайқызы.

Бір дәуірдің үні атанып, ақындығымен, жыршылығымен елге танылған, кенші болып еңбекте де озат атанған Шынболат ақынның өмірден өткеніне биыл он жеті жыл. Шынкеңнің есімі ұмытылмайды. Себебі, оның іздеушісі – қалың қара орман халқы бар.

Бағдат Қазкенов. Сурет автордікі.


Вернуться назад