Жаңалықтар

10.11.2015
Сырға толы сырласу

Абай атындағы №4 мектеп-лицейдің қазақ тілімен әдебиеті пәнінің жоғарғы санатты мұғалімі Гүлдана Мұқанова өткізген «Қыз — ғұмыр» атты сырласу кешіне қатысқандар осылайша баға беріп жатты. Шын мәнінде де, бұл кеште сырласу мен ақыл-кеңес беру, қыз баланың тәрбиесіндегі ата-ананың рөлі қандай деген сауалдарға ортақ ой-пікірлер айтылды.

Ұлағатты ұстаз, еңбек ардагері Жұмакүл Сәрсенбаева, тіл жанашыры, «Шарайна» газетінің қызметкері Майра Жаппасбаева, қалалық білім бөлімінің бас маманы Әйгерім Сейтжанова іргелі білім ошағында тәрбие мен білімді қатар меңгеріп жүрген бойжеткендерге аналық, апалық ақылдарын айтып, «Тәрбие басы – тал бесіктен» деген аталы сөздің астарында қандай мағына бар?», «Қазақ қызының бойында қандай қасиеттер болуы керек?», «Жеті атаға дейін қыз алыспау дәстүрі қаншалықты маңызға ие?» деген сауалдар төңірегінде ой қозғады.

– Біз кейбір тұстарда ұрпақ тәрбиесінде ұлттық болмысты ұмытып жатамыз. Әсіресе, қыз баланың тәрбиесінде қазақилық аңқып тұруы қажет. Қазір заман өзгерді, адамның да сана-сезімі соған қарай бейімделіп барады. Бірақ, біздің тегіміз кім, қайдан нәр алдық деген ой әр қазақ баласының санасында сайрап жатуы қажет. Тәрбиенің тал бесіктен болатындығы шындық. Себебі, жаңа өмірге есік ашқан жас сәби өмірді танып білудің алғашқы сатыларын сол бесікте жатып аңғарады. Естиді, көреді. Сондықтан да, біз қыз баланың болсын, ұл баланың болсын тәрбиесінде өте мұқият болуымыз қажет. Қазіргі ғалымдар баланы құрсақта жатқанда тәрбиелеу – оның жарық дүниеге келгендегі мінез-құлқына зор әсері барын алға тартуда. Мұны біздің ата- бабамыз әлдеқашан дәлелдеп, айтып кеткен. Үйінде аяғы ауыр келіншек болса, үй маңында тыныштықтың сақталуы, отбасы-ошақ қасында жақсы сөздер айтылуы өмірге келетін жас нәрестенің қалыптасуында өте ерекше рөл атқарады. Осыны кейінгі буын есте сақтап жүрсе, құба құп. Ал, қазақ қыздарының бойында имандылық ұялап, үлкенді құрметтеп, кішіге ізет көрсету, ата-ананың қас-қабағына қарап, оң бағасын алу – бұл қыз бала үшін үлкен абырой. Қазақ халқы қашанда қан тазалығын сақтаған халық. Дүбәра ұрпақ болмасын деп жеті атаға дейін қыз алыспаудың астарында үлкен мән жатыр. Осыған да аса ұқыптылықпен қараған жөн болады, – деді кешке қатысушы меймандар.

Ұлы данышпан Абайдың атын иеленген мектептің инабатты, ибалы қыздары кеш барысында қазақ қыздарының сұлулығын, көркем мінезін әспеттейтін әсем әндер шырқап, өлеңдер оқыды.

Білім ошағының басшысы Гүлмира Жаппасова сырласу кешінің соңында жас буынға өздерінің өмірлік ұстанымдары мен сол өмірден түйген ойларын ортаға салып, сыр бөліскендері үшін меймандарға ризашылығын білдірді.

Бағдат Қазкенов. Сурет автордікі.


Вернуться назад