Жаңалықтар

06.11.2015
Келелі кездесу. Орамды ойлар

Газет пен оқырман арасындағы байланыс тінінің беріктігі әдетте бағасы биік өлшем болып есептеледі. Бұған жету де оңай емес. Ол үшін уақыт ағымына сай қимылдап, болып жатқан құбылыстарға айқын баға беріп, жұртшылыққа жетелі сөз арнай білуің жөн.

Жарыққа шыққанына ширек ғасыр болған «Шарайна» газетінің бұл реттегі бірқатар жетістіктері бар екенін біз ел ішінде болған сапарларымызда үнемі сезініп отыратынымызды қанағат пейілмен айтуға болады. Газет таралымының орташа есеппен төрт мыңның маңайында жүруі де көңілді демдей түсетін бір дерек.

Десек те, бір кездері жеті мыңның жотасында жалауымыз желбіреген жылдарға жетсек деген ойымыз да бар. Осы мақсатта оқырмандар ортасына шығып, олардың пікірін тыңдап, ұсыныстарын ескеруді алға қойып отырмыз. Бұл ісіміздің оң болғаны да оқырмандарымыздың жылы шыраймен қарсы алып жатқанынан аңғарылып жатыр.

Газет оқырмандарының дені қалалық білім бөліміне қарасты мекемелердің ұстаздары болғандықтан, кездесуімізді де сол мектептерден бастадық.

Жалпы біз өткен аптада қаламыздағы С.Сейфуллин атындағы гимназияда, №19 орта мектепте, №1 мектеп-гимназияда, №16, №27, №3 орта мектептерде болып, ондағы оқырмандармен емен-жарқын пікір алмастық. Ұстаздар қауымы газеттің бүгінгі биігі жайлы айта келіп, алдағы уақыттарда газет көтерсе деген мәселелерді де тізіп шықты. Енді солардың бірнешеуін оқырмандар назарына ұсынайық.

Аманкелді Бұқаров, С.Сейфуллин атындағы гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі:

– Газетте сан алуан тақырыптарда танымдық, тағылымдық мақалалар тұрақты жарияланып тұрады. Кешегі тәуелсіздік алған жылдарымызда елдігімізді, ерлігімізді жұртшылыққа шама-шарқынша таратып алды. Біз тұрып жатқан Ұлытау-Жезқазған өңірінің де тарихы тереңде. Газетте сол тарихтан хабар беретін мақалалар жарияланып келеді.

Бала тәрбиесі қай қоғамда да, қай уақытта да күн тәртібінен түспейді. Сондықтан, халқымыздың әдет-ғұрпы, салт-дәстүрлері баспасөз бетінде өсіп келе жатқан жас ұрпақ үшін беріліп тұрғанын қалаймыз.

Екінші бір өзекті мәселе – дін болып тұр. Қазір осы жолда адасып, өзінің ұстанар бағытын таппай жүрген бауырларымыз аз емес. Одан қалды Сирия да бетке шыққан сүйелдей болды. Газетте осы бағыттағы танымдық мақалалар мен елдің діни сауатын ашатын мақалалар жиі жарияланса дейміз.

Гүлбану Сүйінжанова, гимназия директоры:

– Жұмыссыздық мәселесін де екінші кезекке сырып тастауға болмайды. Бүгінде жұмыс таппай жүрген және мамандығын дұрыс таңдай алмай жүрген жастар мәселесі де өзекті. Қазір қаладағы жұмыссыздар армиясының қатарын сол сұранысы аз мамандықтардың иелері толтырып отыр. Олардың қатары көбеймес үшін осы бастан жастарды мамандықты дұрыс таңдай білуге үндеу қажет. Міне, осы бағытта газеттің рөлі зор. Басылым беттерінде еңбек рыногында сұранысқа ие мамандықтар жайлы жиі хабарланып, жазылып тұрса дейміз. Кәсіптік білім жайлы кеңінен сөз қозғаған дұрыс сияқты. Мәселен, қаламыздағы №3 индустриялдық колледжде жұмысшы мамандығына оқитын жастар жоқ дегенді естіп отырмыз. Оған біздің қаладан емес, сырттан жастар келіп оқып жатыр екен. Газетте осы бағытта талдау-сараптамалық мақалалар жарияланып тұрса, жастардың жұмысшы мамандығына деген көзқарастары өзгерер еді.

Гүлнар Бірімжанова, №19 мектептің физика пәнінің мұғалімі:

– Газет оқырмандарының дені мұғалімдер. Біз газеттен қаламыз бен елімізге қатысты жаңалықтарды ғана оқып қоймаймыз, сабаққа қажетті ақпараттар мен деректер де іздейміз. Осындайда бізге қаланың құрметті азаматтары, белгілі тұлғалар жайлы кең көлемді мақалалар да жазылса. Оқушылармен тәрбие сағатын өткізгенде осындай ақпараттардың тапшылығы бізді қинайды.

Еңлік Хамитова, №19 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі:

– Газетті жасарту үшін жас оқырмандар қатарын көбейту қажет. Оның бірден бір жолы – жастар шығармашылығын насихаттау. Қазір жастар арасында ойын өлеңмен өретін ақындар мен қарымды ойлар айтатын прозаиктар бар. Солардың әңгімелерін, өлеңдерін жиі жариялап тұрса, жастардың да газет оқуға деген ынтасы оянар еді…

Қайрат Құлыбеков, №16 орта мектептің директоры:

– Қаланың санитарлық тазалығы мен коммуналдық қызметі өзге құрылымға берілуіне байланысты тұрғындарды тығырыққа тіреген жағдайлар орын алып отыр. Оның бірі – апатты жағдайда не электрикке, не сантехниктерге хабарласа алмай дал болатындығымыз. Осыған орай, газетте пәтер иелері кооперативтері (КСК) мен тұрғын үй-коммуналдық цехтарының (ЖКЦ) мекенжайлары мен телефондары, кезекші электриктің телефондары жарияланса.

Екінші бір айта кететін жағдай, бұл оқырмандарға қатысты. Біз баламыз бір жасқа толғаннан ақсақалды ата, ақ жаулықты әже болғанға дейінгі туған күндерге құттықтаулар беріп жатамыз. Оны теледидар арқылы бергенге көбірек әуеспіз. Менің ойымша, мұндай құттықтаулар газет арқылы берілсе тиімді болар еді. Өйткені, теледидар бір күндік, ал, баспасөз мың күндік. Оның тігіндісін парақтаған кейінгі ұрпақтар ата-әжелері жайлы араға бірнеше ондаған жылдар салып та таба алар еді.

Жансая Баймұханова, №27 мектептің ағылшын пәнінің мұғалімі, жас маман:

– Газеттің қызықты болуы оның жанрларының жан-жақты болуында. Бірыңғай ресми мақалалармен оқырман тарта алмайсыз. Ал, газетте оқырмандарды елең еткізетін тосын оқиғалар мен қызықты хабарлар және түрлі басқатырғыштар болса, оның оқырмандары да көп болады. Басқатырғыш газеттің бос орнын толтыру үшін берілген деп ойлауы мүмкін біреулер. Бірақ, ол олай емес. Басқатырғыш арқылы адамның ой-өрісі кеңейді. Екінші жағынан біздер, мұғалімдер, мұндай басқатырғыштарды өз сабағымызға көрнекі құрал ретінде де пайдалана аламыз.

Бақыт Құланбаева, №3 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі:

– Қаланың санитарлық жағдайы мен тазалығы, сәулеті қашанда газет қызметкерлерінің назарынан тыс қалмауы қажет. Осы орайда «Газет және оқырман» деген бет өз жүгін көтеріп келеді. Соны жандандыра түсу қажет. Биыл қаланы арамшөп басып кетті. Ол толық тазартылған жоқ. Ал, келер жылы сол арамшөп көкжелектің жетілуіне кері әсерін тигізеді. Қаладағы саябақтың күтімі де нашарлап кетті. Осы мәселені газет ұдайы бақылауға алып отырса болар еді.

… Өткен аптада қаланың бірқатар мектептерінде осындай келелі кездесулер өтті. Орамды ойлар ортаға салынды. Әрине, әлеуметтік жағдай, тұрмыс пен қылмыс, дін ахуалы да кеңінен сөз болды. Мектеп өмірі мен мұғалімдердің тәжірибесі де тілге тиек етілді. Айналып келгенде, олардың қай-қайсы болмасын сенімді дерек көзінен ақпарат алып отырғанды қалайды. Осы бағытта көпшіліктің «Шарайна» газетімен де біраз жылдар бойы серік болып келе жатқаны бізге үлкен міндеттер жүктейтіндігін және ұғындық.

Кездесулерде газетке қатысты сауалдар да қойылмай қалмады. Оған газеттің бас редакторы Абдолла Дастанов байсалды жауап беріп, редакция тарапынан көрсетілер қолдаулар жайын да жайып салды.

Ізтай Белгібайұлы. Суреттерді түсірген І. Бейсенбаев, Б. Қазкенов.


Вернуться назад