Жаңалықтар

05.11.2015
Шаһардың мәдени әлеуетін паш еткен күн

Екі жылда бір рет өтіп тұратын облыстық «Әнім сенсің, Сарыарқа» атты халықтар шығармашылығы байқауы биыл Қазақстан халқы Ассамблеясы жылына тұспа-тұс келді. Кенді қалада алғаш рет өткізілген байқауда шаһардың әншілері, бишілері, күйшілері мен қолөнер шеберлері бар қарым-қабілеттерін көрсетті.

Шығармашылық байқаудың шымылдығы қолөнер шеберлерінің көрмесімен ашылды. Ұлтымыздың қолөнер туындыларынан бастап, өзіндік ерекше бай мұрасы бар әр ұлттың рухани құндылығы паш етілген көрмені қалың көпшілікпен қатар, байқаудың қазылар алқасы – облыстық мәдени-сауық және халық шығармашылығы ғылыми-әдістемелік орталығының директоры Кағиза Садвакасова, орталық директорының орынбасары Марина Федоренко, орталықтың «Қуаныш» үлгілі-хореографиялық ансамблінің көркемдік жетекшісі Айман Тойболдина, Қазақстан Ресубликасының еңбек сіңірген қайраткері, Қ.Байжанов атындағы Академиялық халық аспаптар оркестрінің дирижері Әбілтай Шоқанбаев, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, С.Сейфуллин атындағы қазақ драма-театрының актері Кеңес Жұмабеков, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасының Көркемсурет Академиясының академигі Мұрат Қалқабаев сынды өнер майталмандары тамашалап, таңданыстарын білдіріп жатты.

Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайының сахнасына көз тіккен қалың көпшілікке шаһардың жас әртістері Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған қойылымда қазақтың басын қалай бір ту астына жинап, қалың қалмаққа қалай ойран салып, ордасын талқандаймын, еліме қалай бостандық таңын тудырамын деп ұлы мұрат жолында күрескен Абылай хан жайлы көріністі әсерлі жеткізе білді.

Дүниежүзін дүр сілкіндірген 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Қарсақбай халқының қосқан үлестері қойылым арқылы жеткізіліп, алапат соғыста батырлығымен көзе түскен жерлестеріміздің есімдері аталды.

Ел егемендігін алған 24 жыл ішінде азаматтардың құқықтары мен бостандығына кепіл болып отырған Ата Заңның және бейбіт өмірдің кепіліне айналған Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына арнаған жергілікті көркемөнерпаздардың тартуы молынан көрініс тапты.

«Ақ әжелер» ансамблі мен «Самоцветы» халықтық хоры, «Кеншілер сазы» халық аспаптар ансамблінің өнерлері көптің ықыласына кенелді.

«Алақай», «Нұр шашу» би топтары байқаудың шарттарына сәйкес, әр ұлттың билерін насихаттап, қызу қошеметке ие болды.

Ел экономикасына кен өндірісі арқылы сүбелі үлес қосып отырған Сәтбаев қаласы жайындағы әсем әндер де сахна төрінде шырқалды.

Шығармашылық байқаудың шымылдығын жас әнші, республикалық, халықаралық ән байқауларының жеңімпазы Төлеу Халифаның орындауындағы «Қазақстаным» әні жапты.

– Мерейтойлар жылында өтіп отырған бұл байқауды ұйымдастырудағы негізгі мақсат – аймақтағы қалалардың мәдени әлеуетін сараптап, бұл салада өнерпаздарға, өнер десе делебесі қозатын шағын қалалардың халқына қандай жағдайлар жасалғанына көз жеткізу. Сөйтіп үздіктерін таңдау, – дейді қазылар алқасының мүшесі Мұрат Қалқабаев.

Ендеше, кенді қала өнерпаздарының шығармашылық ізденістері өнер майталмандарының тарапынан үлкен бағаға ие болады деп сенеміз.

Бағдат Қазкенов. Суреттер автордікі.


Вернуться назад