Жаңалықтар

16.04.2015
Сәтбаев сайлауға сақадай сай

Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауына санаулы күндер қалды. Осынау саяси додаға дайындық барысы қандай? Жалпы, бұл сайлаудың қандай өзгешеліктері бар? Қалалық сайлау комиссиясының төрайымы Нина Гейм-бухпен әңгіме осы және өзге де сауалдар төңірегінде өрбіді.

– Нина Андреевна, енді бірер аптадан соң елімізде кезектен тыс президент сайлауы басталады. Осы саяси науқанға Сәтбаев қаласы қандай дайындықпен келіп отыр?

– Иә, бұл сайлаудың мәні де, маңызы да ерекше. Бұл сайлауда Қазақстан халқы мемлекетіміздің тағдыры мен келешегін сеніп тапсыратын тұлғаға өз таңдауларын жасайтын болады.

Өздеріңізге мәлім, үш үміткер – қазіргі Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Коммунистік халық партиясының өкілі Тұрғын Сыздықов және өзін-өзі ұсынушы Әбілғазы Құсайынов – Қазақстан Республикасы президентінің кезектен тыс сайлауына түсіп отыр. Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы 2015 жылдың 26 сәуірінде өтеді.

Кезектен тыс президент сайлауына қала бойынша 42500 сайлаушы қатысады деп болжануда. Сайлаушыларға ыңғайлы болуы үшін қалада 30 сайлау учаскелері жабдықталып, жұмыс істеп жатыр. Олардың бірі қаламен қоңсылас жатқан Сәтбаев ауылында, бірі – Весовая, енді бірі Жезқазған поселкесінде орналасқан. Сондай-ақ, денсаулығына байланысты емдеу орындарында жатқан азаматтардың да дауыс беру құқығын сақтау мақсатында 4 учаске қаладағы медициналық мекемелер жанынан ашылып отыр.

– Бұрнағы бір сайлауларда азаматтар өздерін тізімнен таппай қалған жайттар да орын алған еді…

– Иә, сайлаушыларды нақтылау өз алдына үлкен жұмыс. Бұл жұмысты ойдағыдай жүргізе алдық. Қалалық әкімдік 4 сәуір күні тиісті сайлау учаскелеріне сайлаушылар тізімдерін тапсырды. Учаскелік комиссия мүшелері үйлерді аралап, сондай-ақ, телефон арқылы сайлаушылар тізімін нақтылау жұмыстарын жүргізді.

Азаматтар тұрғылықты мекен-жайының нақты бір сайлау учаскесі аумағына бекітілуіне байланысты, сол учаскеге қарасты сайлаушылардың тізіміне енгізіледі. Сайлаушыларға дауыс беру уақыты мен орнын нақты хабарлау мақсатында әр үйге, әр пәтерге шақыру қағаздары таратылады.

– Өз елімізде, не болмаса республикадан тысқары жерлерде іс-сапарда жүрген азаматтар қалай дауыс беретін болады?

– Бұл мәселе де алдын-ала ойластырылған. Егер сайлау күні сайлаушы басқа қалада болса да, дауыс беруге мүмкіндігі бар. Ол үшін өзі тіркелген сайлау учаскесінен есептен шығару куәлігін алуы қажет. Осы куәлікпен ол Қазақстанның кез-келген қаласындағы сайлау учаскесінде сайлауға қатыса алады.

Ал, Ресейде іс-сапарда жүргендер өздері жүрген қалаларда сайлау учаскелері бар болса, солар арқылы өз таңдауларын жасайды. Мұндай учаскелер Ресейдің бас қаласында бар.

– Биылғы сайлауда тұңғыш рет дауыс беретін қанша азамат анықталып отыр?

– Сайлаушылар тізімін нақтылай келе кеншілер қаласында алғаш рет дауыс беру үшін сайлау учаскелерінің табалдырығын 18 жасқа толған 150 жас аттағалы отырғаны белгілі болды. Әрине, оларға сайлау күні қал-қадірімізше құрмет көрсететілетін болады.

– Сайлау учаскелеріне келіп дауыс беруге денсаулық жағдайы жарамайтын адамдар бар. Өздерінің дауыс беру құқығын пайдалану үшін оларға қандай мүмкіндік беріледі?

– Жүріп-тұруы қиын қарттар немесе мүгедектікке, қандай да бір ауыр дертке ұшырауына байланысты сайлау учаскесіне келіп дауыс бере алмайтын жандар өздері тіркелген сайлау учаскесіне алдын ала арыз жазулары тиіс. Мұндай арыздар дауыс беретін күнгі сағат 12-ге дейін де қабылданады. Сол арыздар негізінде комиссия мүшелері олардың үйде отырып дауыс беруіне мүмкіндік жасайды.

– Сайлаушыларға айтар қандай тілегіңіз бар?

– Әңгімеміздің басында бұл сайлаудың мәні де, маңызы да ерекше екенін айтып кеттім. Сөз соңында сайлаушыларға мынаны ерекше айта кеткім келеді: сайлау – елдегі демократия дамуының көрсеткіштерінің бірі болса, ал мемлекет басшысын сайлау – ел өміріндегі ең маңызды оқиғалардың бірі екені сөзсіз. Өз тағдырына, ел тағдырына алаңдайтын сайлаушылардың барлығы да 26 сәуірде сайлау учаскелеріне келіп, өз таңдауларын білдіреді деп үміттенемін.

– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан Ізтай Белгібайұлы.


Вернуться назад